Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында елшілікте бірнеше маңызды келісімге қол қойылды Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Саутс-Ойл» ЖШС мен Қытайдың «Carrie Technology Holding Limited» компаниясы арасында мұнай саласындағы ынтымақтастық, «Абзал және К» ТС мен «Hubei Yongxiang Food Processing Machine» компаниясы арасында күріш өндірісі саласындағы келісім және «Алтын орда» ЖШС мен «Jiangsu Hanpu Mechanical Technology» компаниясы арасында тұз өндіру саласындағы әріптестік орнатылды.
Аймақ басшысы облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтып, Қытай компанияларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
«Қызылорда облысында минералды шикізат ресурстарының, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран қоры мол. Тау-кен – металлургия саласындағы ерекше назар аударатын жобалардың бірі «Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамының полиметалл кен орындарын игеру бойынша арнайы ұсынысымыз бар. Бүгінгі кездесуге компания директоры Асқар Тлеулин мырза да арнайы қатысуда. «Шалқия Цинк» жобасы бойынша жылына 4 миллион тонна кен өңдеу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жерасты жұмыстары басталды. Жобаға 309 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Өндіріс осы жылдың II тоқсанында, ал байыту фабрикасы 2026 жылы іске қосылады. Оған дейін «Шалқия» кені еліміздегі басқа байыту фабрикаларында өңделетін болады.
Қазір кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді, ал фабриканы іске қосқаннан кейін 1500-ге артады. Бұл өз кезегінде аймақтың еңбек нарығына оң әсер етеді.
Сіздерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Облыс әкімдігі тиісті жер телімін беруге, инженерлік-инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді Н.Нәлібаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!