Дәуірлер көшінде ұлы мұра болып қалған ұлттық музыканы дәріптеудің тағылымы мол. Өйткені мәдениет пен өнер ұлттың өткені мен бүгінін байланыстырып, болашаққа бағдар бола алады. Осы мақсатта бүгін Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әуенді асқақтатқан, қос ішекті күмбірлеткен «Жас екпін» атты концерті өтті.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Самат Абылаев. Бас дирижері — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев.
Ұлттық музыка салтанат құрған кеш төл оркестріміздің айшықты дамуына үлесін қосып жүрген жас ұстаз, Республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Руслан Балмасовтың шығармашылығына арналды. Айтулы кеште Р.Балмасовтың ұстазы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.Ботабаев және еліміздің өзге өңірлерінен келген жас дирижерлер «Шымкент концерт» концерттік ұйымының қазақ халық аспаптар оркестірінің бас дирижері Ж.Мейірбеков, Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ә.Бейсеков, «Folk show» жобасының авторы әрі дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ә.Азбаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Н.Әшімхан, Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ш.Исаев өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бүгінгі дирижерлер шеруі аймақтың төл өнерін ғана емес, тұтас дирижерлік өнердің насихатталуына, өңіраралық шығармашылық байланыстың нығаюына әрі достық пен өнерге құрметтің артуына негіз болды. Рухани кеште филармония аралас хоры, жетекшісі – Арайлым Қуаныш, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ә.Әбсадықов (соло домбырада) және Ж.Жұмабек (соло домбырада), жырау, дәстүрлі орындаушы Н.Ақтаев көрерменді ұлттық саздың сиқырына бөлеп, есте қаларлық кеш сыйлады.
Сонымен қатар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары С.Тасбергенова, М.Аманжолов, республикалық конкурстардың лауреаты Ж.Жұмаш және филармония солистері Д.Қыдырбай, Ж.Жүсіпов әсем әнімен Сыр сахнасын ерекше думанға бөледі.
Ұлттық саз кешінде Руслан Балмасов анасына гүл шоқтарын табыстап, құрмет-қошемет көрсетті. Ұлының шығармашылық кешімен тұспа-тұс келген туған күнінде анасы толқыныс пен тебіреніс күйде керемет кештің куәсі болды.
Сонымен қатар, жас дарын, дирижердің ұлы Рамазан Балмасов та өзі білім алатын М.Қалауов атындағы өнер мектебінің домбырашыларымен бірге өнер көрсетіп, талғампаз тыңдарманды тәнті етті. Жетекшісі – Дархан Жаңабаев.
Облыстық филармония кәсіби өнер ұжымдарының өзге өңірлермен шығармашылық байланыс орнату әрі тәжіри алмасу бағытындағы шараларын алдағы уақытта да басты негізге алмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!