Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төлен Тілеубайдың жаңа кітабының таныстырылымы өтті

21.02.2025, 16:50 88

HALYQLINE.KZ

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабының таныстырылымы өтті. Бұған дейін публицистикалық бағытта екі және ғылыми сипатта бір кітабы шыққан әріптесіміз бұл туындысымен әдебиет әлеміне қадам басып отыр. «Түлкілітаудың аспаны» повесі, «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін» және «Гүлсараның махаббаты» әңгімелері енген кітап негізінен жасөспірімдер мен жастарға арналған.

Адамға жақсы қасиеттер туған топырақтан, әкенің қаны, ананың сүтімен дариды. Әлемдік классик Гете «Ақынды танығын келсе, туған жеріне бар» депті. Бұл сөзді ақынға ғана емес, кез келген қаламгерге қатысты айтуға болады. Төлен туып-өскен Қарағандының Ақтоғайында Қуаныш деген ауыл бар. Кезінде осы топырақтан шыққан қазақтың тұңғыш математигі, Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков туған жеріне әйгілі этнограф Григорий Потанинді ертіп әкеліпті. Орыс ғалымы сонда Қуаныштың ақсақалдарының аузынан 27 ертегі жазып алған екен. Бұл деректі күні кеше ғана дүниеден озған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Қайырбек Сәдуақасовтың аузынан естіген едік. Сол Қуаныш ауылынан балалар әдебиеті бағытында көп қалам тербеген белгілі ақын Жеңіс Қашқынов та шықты. Сондықтан Төленнің бұл сүрлеуге түскені заңдылық секілді.

«Түлкілітаудың аспаны» кітабы өткен жылдың аяғында Қарағанды қаласындағы «Тенгри» баспаснан басылып шықты. Қазір оқырмандар оқып, өз бағаларын беріп жатыр. Таныстырылымда да әңгіме, негізінен, кітап жөнінде өрбіді. Жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай тілегін айтып, жаңа кітабын сыйлады. «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков кітап жөнінде пікірін жеткізді. Төленнің жерлес ағасы, белгілі журналист Оралбек Жүнісұлы автордың иығына қазақы жолмен шапан жапты. Танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбек кітаптың тәрбиелік мәні жөнінде әңгіме қозғады. Белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ авторға кеңес берді. Төленнің курстасы Саян Қуанышбайұлының ойы «автор шығармасында өзін жазады» дегенге сайды. Әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай көрнекті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың «Елегізу» атты элегиясын әуелетті.

Оқушылар мен студенттер сұрақтарды қойды. Үздік сауалдар иелеріне қаламгер кітаптарын тарту етті.

Жаңа кітаптың таныстырылымы Астанадағы кітапханаларда, мектептерде өтіп жатыр. Балаларға арналған «Түлкілітаудың аспаны» повесі мен жастарға арналған әңгімелерге қатысты бір топ оқырманның пікірлерін жариялауды жөн көрдік.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

«Алғашқы повесінде автор Әмір деген басты кейіпкердің балалық шағы арқылы ауылда өскен әрқайсысымыздың өмірімізді көз алдымызға әкеледі. Еңбекке ерте араласқан ауыл баласының өмірін суреттей отырып, қазіргі балалар мен жасөспірімдерге ой салу үшін жазылған шығарма екен. Төкеңнің прозадағы тырнақалды туындысына көз жүгіртіп, ақпараттық алаңда қамшы салдырмайтын журналистің жаңа қырын байқадым десем болады».

Гүлнара Шоменова, журналист, Бөкетов зерттеу университетінің «Жастар әлемі» журналының редакторы:

««Түлкілітаудың аспаны» – әдеби туынды баланың ойлауына лайықталып жатық тілмен жазылған екен. Сөйлемдері шағын, оқиға желісі қызықты. Повестегі кейіпкер Әмір деген баланың кіршіксіз көңілі, асқақ арманы, ата-анаға деген сыйластығы, еңбек етуге деген құлшынысы, табиғаттың тамаша ғажайыптарын сезіне алуы шығарманың шоқтығын биіктетіп тұр.

Кітапта арманшыл, қиялшыл бала Әмір деген кейіпкер ұнады. Ол бала өз арманына адал екен. Журналист боп киініп алғанда балалар оған күлді. Анасы кітап көп оқи берме десе де өз арманына жету үшін кітапты, газет-журналды көп оқыды. Нағашы ағамның ауылында да Темір сияқты тентек балалар бар. Кітап ішіндегі қара қарындашпен салынған суреттер де әдемі. Табиғатты керемет суреттейді. Әмірдің әкесі Сұраған аға жер-су атауларын жақсы біледі, мейірімді, еңбекқор адам екен».

Жомарт Елеуов, мемлекеттік қызметші:

«Ақбөкен жылаған түн» атты әңгімесі бізге қатты ұнады. Себебі, бұл тақырыпқа бұрыннан етене жақын едік. Автордың ақбөкеннің лағының көзінен ағып тұрған жас арқылы кешірілмес қылмысты әшкерелеуі, өмірі қыл үстінде тұрған бүгінгінің хас батыры қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өшпейтін ерлігін болған уақиғаның желісімен тартымды, шынайы бейнелеуі оқырманды өзіне баурап алады. Төлен Тілеубайдың 30 қаңтарды Ерлан Нұрғалиевтың туған күніне орай «Киіктерді қорғау күні» деп белгілейік деген бастамасын ел азаматтары қуана қолдауда».

Сымбат Мақсатқызы, Бөкетов зерттеу университетінің студенті:

«Ақ көгершін» әңгімесінде адамның сезімдері, құбылыстар керемет суреттелген. Қос ғашықтың табысуы, Саматтың Айжанға бір көргеннен ғашық болуы, Айжанның тартымды қылықтары, т.б. суреттеулер бар. Бұл шығармадағы жағдайды екіге бөліп талдасақ болады: қос ғашықтың бір-бірімен танысып, сөйлескенге дейінгі ойлары және одан кейінгі ойлары. Алғашында Саматтың Айжанды пәк періштедей көріп, идеал санауы оқырманға да жақсы ой салады. Алайда уақыт өте келе танысып-біліскен соң Саматтың Айжанға деген ойы толықтай өзгереді. «Адамға бір көргеннен баға бере алмайсың, уақыт өте келе бірге сапарлас болсаң, бірге тұрсаң ғана оны тани аласың» деген қоғамдық пікірлер осыдан шықса керек. Самат онымен бірге тұрмаса да сол бір кеште жеңілтек, кез келген жігіттің қармағына ілінуге шақ қалатын тұстарын байқады. Бастапқы бейкүнә, нәзік, әдепті Айжан енді оның санасында жоқ».

Саян Қуанышбайұлы, журналист, мемлекеттік қызметші:

«Кітапты ашып, повесті оқи бастаған сәттен бірден оқиға ортасында жүргендей сезінесің. Балалық шақтың балдай тәтті күндерін есіңе аласың. Бас кейіпкер Әмірдің балалық қылықтары мен достарының бозбалалық тентектіктері де басымыздан өткен соң болар, оқиға барысына бірден еніп кетесің. Ауылда өскен біздердің таңнан кешке дейін өзенді жағалап жүріп алатынымыз, доп қуалап жүріп кеш батқанын аңғармай қалатынымыз, алғашқы рет темекі тартып шашалған сәтіміз, тоқылдақ құрып, терезеге тас лақтырып көршілердің мазасын алған сәтіміз, өз бақшамызда өсіп тұрса да, көршілердің қызанақ-қиярын үзіп жейтініміз, көршіміздің үш дөңгелекті «Урал» мотоцикліне мінгесіп алып бүлдірген теруге шығатынымыз, дәмді тағамдар мен лимонад салып беретін болғандықтан болар, қойдың кезегін асыға күтетініміз – осындай балалықтың қызықты сәттерін еске түсіреді. Әмір секілді балалық шақтан болмаса да сегізінші сыныптан бастап журналист боламын деп армандаған едім…».

Мәриям Қонарбай, Binom school мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы:

«Бұл кітап мені балалық шақтың тұнық тұңғиығына беттетіп, ауыл өмірінің әр қырын шынайы әрі әсерлі бейнеледі. Басты кейіпкер – ауыл баласы Әмірдің басынан өткен қызықты да шытырман оқиғалары оқырманды еріксіз жетелейді. Бірде оның думанды ойындарына бірге қуансақ, бірде кең даланың құшағына еніп, табиғаттың ғажайып сұлулығын бірге тамашалаймыз.

Шығарма тек оқиғалар тізбегі ғана емес, адамгершіліктің, адалдық пен мейірімнің шынайы көрінісі. Автордың қаламы арқылы мен көкмайса шөптің жұпар иісін сезіндім, таудан ескен самал желдің жанға жайлы лебін аңғардым, маңыраған қозы-лақтың дауысы мен шегірткенің шырылын естігендей болдым. Бір сәт ауылдың мүлгіген тыныштығына бой алдырып, енді бірде жаздың аптабында жайылған малдың қарапайым, бірақ өмірдің шынайы келбетін бейнелейтін иісін де сезінгендей әсерге бөлендім».

Бақыт Шойымбек, журналист, медиа маманы:

«Түлкілітаудың аспаны» кітабын қолыма алып, мен де бұзаудың құйрығын бұрап, сиыр сауып, тезек терген ата-әжемнің үйі, Нарманбет ауылына барып қайттым. Таңмен таласа оянып, әжемнің ең жуас деп тапсырған тоқал сиырын сауған сәттер еске түсті. Фляг-фляг сүттен айырған қаймақтан ішіп, мөшектеп жиналатын құрт-ірімшіктің иісі мұрныма келді. Шелек-шелек қызанақ пен қиярды көрші-қолаңға асыға таратып, сүйіншілеп қонақ шақырған шуақты күндер көз алдымнан жүгіріп өтті. «Түлкілітаудың аспаны» атты кітап осы тәтті сезімді тербетіп, сырттағы қарбаластан бір сәтке болса да қол үзуге себепші болды.

Бұл кітаптың көлемі шағын болғанымен, кешегі және бүгінгі қазақтың бүтін бір өмір философиясын сипаттайды. «Түлкілітаудың аспаны» атты повесте Әмірмен бірге бұзаудың құйрығын бұрап, балалық шаққа саяхаттасаң, «Ақбөкен жылаған түн» әңгімесінде қорықшы Ерланның батырлығына тәнті боласың. «Ақ көгершін»-нің кейіпкерлері Самат пен Айжанның бойынан қыз бен жігіттің арасындағы бітпейтін түсініспеушілікке таңдай қағып, түйінді әңгімеде Гүлсараның ақымақтығына қапаланасың. Сезімге деген салғырттығы мен қаталдығына қынжыласың. Қысқасы, шығармалар бір деммен оқылғанымен, сан түрлі сезімге бөлейді. Өткенге көз жүгірткенімен, бүгінді көрсетеді. Келешекке жөн сілтейді».

Автордың негізгі мақсаты адам бойындағы ізгі қасиеттің құдіреті мен құндылығын балаларға жастарға жеткізу болған. Бұл миссияның орындалғанын таныстырылымда авторға таласа сұрақ қойған оқушылардан байқадым. Талаптыға ана тілімізде тәлім-тәрбие беретін тағы бір туындының дүниеге келгеніне қуанып, бір марқайып қайттық. Бұл кітап – талапты әрбір қазақ баласына оқуға, сыйлыққа беруге таптырмайтын құрал. Тілі жетік, жеңіл. Бір деммен оқылады.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: