Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауырғанды басатын дәрі». Спортшы Алмас Өтешов ішімдікке қатысты пікір білдірді

05.02.2025, 12:00 65

Қызылордалық ауыр атлет Алмас Өтешов ішімдікке қатысты көзқарасын айтты. Бұл туралы halyqline.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Спортшы «Уақыт көрсетеді» Youtube-жобасына берген сұхбатында анасына берген серті туралы сөз қозғады.

«Қазір өмірім өзгерді деп айтуға болады. Ішімдікке жоламай жүрмін. Арақ деген бәле маған осы уақытқа дейін ауырсынуды басатын дәрі секілді болды. Ішіп жүрген адамдар біледі ғой, арақты ішсең, арқаңда қанат пайда болады. Оның қандай құдыреті бар екенін білмеймін, бірақ ішкенде «екі қойың бір сом» болады», – деді спортшы.

Әлем чемпионының сөзінше, анасына берген уәдесін орындап, түбегейлі ішімдікті аузына алмаған.

«Алла тағала мені енді мұндай жаман жолдан сақтасын. Өз-өзіме де, анама да, бауырларыма да бұдан кейін ішпек түгілі, қолыма да ұстамаймын деп сөз бердім. Биыл мүшел жасқа кірдім, анам да айтып жатыр. Мен негізі ондайға сенбеймін, бірақ адамдар да дұрыс айтатын шығар, «37 жас – мүшел жасқа кірдің, ең қауіпті жас» деп айтып жатыр. Анам да «балам, тыныш жүрші, абайлап жүрші, тұла бойым тұңғышымсың, қой енді болды» деді. Мен де анама уәдемді бердім. «Енді мені жаман жағынан көрмейсіз, сізді жылатпауға, адам болуға тырысамын, еліме, халқыма қызмет ететін жігіттің бірі боламын» деп серт бердім, енді сол сертімде тұруым керек», – деп жан сырын ақтарды ауыр атлет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: