Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам жанының суреткері

03.02.2025, 8:40 67

HALYQLINE.KZ

Осындай тақырыппен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын, Қазақстанның халық  жазушысы  Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына арналған поэзия кеші өтті. Оған жергілікті зиялы қауым, БАҚ өкілдері және жастар қатысты.

Қадыр Мырза Әлі – туған жерге деген ыстық ықыласы мен махаббатын жырлап өткен қазақтың атақты классик ақыны. Ол өлеңі арқылы адам жанының суреткері бола білді. Кез келген тақырыпта тереңінен бойлай жаза білетін санаулы сауатты талант иесі.

Поэзия кешіне қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Сәпен Аңсатов, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі  Қаршыға Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева, Қазақстан Жазулар Одағының мүшесі, ақын Оңталап Базарәлиев қатысты.

– Қадыр – оқыла беретін ақын. Ол – мәңгіліктің өнерпазы. Өлеңі арқылы елді еңбексүйгіштікке баулыды. Жырында қуат тұнып тұр. Оның шығармаларын оқып, өзін тапқан адам – бақытты адам. Бір ғана «Атамекен» өлеңі күллі қазақ даласының сүйіп тыңдайтын әніне айналды. Мың өлең жазып, аты сақталмаған ақын аз емес. Әлі күнге дейін өлеңдерін оқып отырамын. Ұлт ұстынына айналған өнер иесі ол – Қадыр Мырза Әлі, – деді қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов өз сөзінде.

Иә, расымен ол – бар қазақты жырымен қанаттандырып, өлең өлкесіне ынтық қылған жан.Жазушының тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Қадыр Мырза Әлі – 50-ден астам поэзиялық жинақтардың, әдеби-сыни және балалар кітаптарының авторы. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген ұранға айналған сөзі ұрпақ жадында жаңғырып келеді.

Кеш барысында «Күміс домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, ақын, дәстүрлі әнші Бексұлтан Орынбасаров ақын өлеңін Сыр сүлейлерінің мақам сазымен нақышына келтіре орындап берді. Сондай-ақ, танымал жырау Марат Сүгірбаев Қадыр Мырза Әлінің «Күлтегін» жырын орындады.

Ақын қаламынан туған «Күлтегін» жыры – париоттық рух беретін батырлық жыры. Бұл жырдың басты идеясы – түркі халқын ауызбірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу. «Күлтегін» жырының түпкі мақсаты – ерлікті мадақтау.

– Ақынның «Алмас жерде қалмас» деген тамаша кітабы бар. Соны оқуға кеңес беремін. Оқшау ой, сүбелі сөз бәрі-бәрі бар. Талантты ақынның тамаша туындылары бірнеше тілге аударылған. Оның 200-ден астам өлеңіне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев секілді қазақ елінің талантты композиторлары ән шығарды. Адам бойындағы рухты оятатын музыкалық туындылар. Міне, ақынның әр шығармасы – әлі күнге қазақтың жүрегінде. Бұл – өнерпаз үшін муза. Қадыр арманына қол жеткізген бақытты ақын, – деді қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішұлы.

Ақын Күләш Ахметова: «Қадыр Мырза Әлі –  ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихи бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, астарлы, алапат тілді, қабілетті, қаһарман, қайсар халықтың тұңғышына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшіннің мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған сыншыл да ойшыл ұлы ақын» деп баға берген.

Іс-шара барысында облыстық филармония әншісі Жалын Жүсіпов ақын сөзіне жазылған «Атамекен» әнін орындаса, жергілікті «Жастар театры» артистері ақын өлеңдерін оқыды.

Қадыр Мырза Әлі – қазақ поэзиясының ең ірі тұлғаларының бірі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін жаңа деңгейге көтерген ақын.

Кеш қорытындысында «Қазақ поэзиясының ойшыл ақыны» атты кітап көрмесі тамашаланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: