Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Футболдан Қазақстан құрамасын уақытша Әли Әлиев баптайды

31.01.2025, 14:55 56

HALYQLINE.KZ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы болып отандық маман Әли Әлиев тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы ақпарат таратты.

ҚФФ-ның мәліметінше, Әли Ханалиұлы 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнаған. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында доп тепкен.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан. Ұлттық құрама сапында алғашқы матчын 2002 жылы Эстонияға қарсы өткізген.

Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастаған. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, премьер-лигаға шығарған.

2021 жылы Әлиев Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болып жұмыс істеп, кейін «Астана» ФК жастар командасын басқарған.

2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырып, содан кейін қайтадан «Қызылжарға» оралған. Әли Әлиевтің жетекшілігімен петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жеткен.

Естеріңізге сала кетсек, жуырда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы да толық құраммен кеткен еді.

Фото: sport12.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: