Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорқынышы сейілген әйелдер

30.01.2025, 7:00 64

HALYQLINE.KZ

Қорқынышы сейілген әйелдер бар. Олар ештеңеден қорықпайды. Қорқыныштың уақыты өтіп кетті деп есептейді. Біреуге ұнамай қалам ба деп қорықпайды. Сай келмей қалам ба деп үрейленбейді. Білмей қалам ба деп шошымайды. Үлгермеймін бе деп уайымдамайды. Наполеон пісіре алмадым-ау деп алаңдамайды. Палау үйренбедім деп қапаланбайды. Көзімді дұрыс боямадым деп қиналмайды.

Олар түсінбегенін қайтып сұрауға ұялмайды. Түрі онша емес боп тұрғанға қысылмайды. Жазда киетін киімі жеткілікті. Күзге де бәрі бар. Мұндай ұсақ-түйек олар үшін түкке тұрмайды. Олардың өмірінде ағаттық пен олқылықтың орны кеміп жатыр. Айналма жолмен жүруге қорықпайды. Төтесінен жүруге қиналмайды. Сұлулық деген жан дүние екенін біледі. Тұңғиыққа батып кетуге үрейленбейді. Онсыз да ойдың түбінде өмір сүріп үйреніп алған. Қысылмай жылап алады. Не қуаныштан, не қайғыдан. Шаттық пен мұңға қатар күле біледі.

Шашыма ақ түсті деп қорқудан өткен. Әжімнен қорықпайды. Әжімге үйреніскен. Қазір әжім күлкінің табы екенін жақсы біледі. Ел не дейді дегенге селт етпейді. Әріптестер. Енесі. Бөтен ел. Бәрібір.

Оларға бәрібір – жуылған ба, таза ма, глютенмен бе, глютенсіз бе! Қалағанын жейді. Түнде тамақ ішуге де қорықпайды. Ұялмайды да. Темекі тарту мен шарап ішу – зиян емесін біледі. Зияны – қорқынышпен тыныстау. Қаламау.

Оларға бәрібір. Оның 18:30 не 21:00 келгеніне мән бермейді. Сүйе ме, асыға ма деп бас қатырмайды. Бастысы – ол бар. Жалғыз қалуға да қорықпайды. Өзін байқамағанды көрмеу қажеттілігін біледі. Кеудесінен кері итергеннен теріс айналғанды біледі.

Олардың айтары бар. Үндемей қалатын әңгімесі де баршылық. Дұға қылатын мәселесі де бар. Олар бәрін шын ниетпен жасайды. Олар – жанның рақаты. Ақымақ болып көрінуге қорықпайды. Семіз болып көрінуге. Арық болуға. Болып көрінуден жалыққан. Барымен базар.

Қалағанын істейді. Өзін сүйгенді сүйеді. Ұйқы бермейтін адаммен өмірін өткізеді. Ұйқысы кеп тұрса да. Тік сөйлейді. Бетке айтады. Басты қатырмайды. Шашын да бұйраламайды. Өзін де тұңғиыққа батырмайды. Бұйра шашын түзулемейді. Бірақ еңсесін көтеріп жүреді. Ақымақтарға саусақтың арасынан қарайды. Тыныштықты тыңдағанды сүйеді.

Ащы шоколад – олар үшін ең тәттісі. Уақыттың қадірін біледі. Таңғы рауанның. Күндізгі ғажаптың. Түнгі тылсымның. Олар қызын жұмсамайды. Ұлына ақыл айтпайды. Олар өз ісімен әуре. Өзінің тыныштығын күйттейді. Өзіне уақыт бөлгенді ұнатады.

Олар бұрынғыдай әкесін кінәламайды. Анасын жақсы көреді. Ажалдан қорықпайды. Себебі – шынайы өмір сүреді.

Қорқынышы сейілген әйелдер бар. Олар үшін қорқыныштың уақыты өткен.

Ал, маған әлі ерте. Әлі де қорқыныш бар.

Марина  Степанченко

Аударған  Шынар  Әбілда

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: