Жаңақорған – оңтүстіктегі іргелі ауданның бірі. Аудан жыл өткен сайын жаңарып, заманауи талапқа сай жаңғыра түскен. Мұндағы жұртшылық көктем келісімен кетпен-күрегін сайлап, дала төсін дүбірге бөлейді. Қасиетті Жер-ана жомарттығынан танған емес. Содан болар, Қаратау беткейдегі ағайын бейнетіне қарай зейнетін көріп жүр. Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бірсігүні өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов аудан тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық жағдайына тоқталып өтті.
Аудан әкімінің хабарлауынша, өткен жылы аудандық бюджет 16,1 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен 19,6 млрд теңгеге жеткен. Аудан бюджетінің жалпы кірісі 103,3 пайызға орындалған. Жалпы әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты. Барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім бар. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 13,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 14 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 есеге, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 17,7 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция 16,5 пайызға, бөлшек сауда көлемі 5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға артқан.
Ауданда мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған. Облыстағы жалпы мал басының 25 пайызы оңтүстік ауданға тиесілі. Бүгінде мүйізді ірі қара 63 784, қой 235 631, ешкі 6 683, жылқы 25 376, түйе 1 805, құс 18 510 басты құрайды. Өткен жылы аудан көлемінде 5,8 мың тонна ет, 6,8 мың тонна сүт, 2 млн дана жұмыртқа өндірілген. Өндірілген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда ет 3,4 пайызға, сүт 2,7 пайызға, жұмыртқа 1,3 пайызға артқан.
Бүгінде Жаңақорған ауданы бойынша 35 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ауданда суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша 2 кәсіпорын қызмет көрсетеді.
– 2024 жылы жол құрылысы саласында да қарқынды істер атқарылды. Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге қаралып, «Жаңақорған-Келінтөбе-Қандөз» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу қарастырылуда. Білім саласында аудан оқушылары халықарылық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен байқауларда 37 жүлделі орынға ие болды. Халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыс атқарылған. Төменарық ауылында 15 төсекке арналған ауылдық аурухана, Бесарық және Әбдіғаппар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді, – деді аудан басшысы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!