Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі оқушыны мектеп тәрбиелей ала ма?

19.12.2024, 9:40 96

Бұл сұрақтың жауабы түрлі ойға қалдырып отыр. Бір жағы – мектептің дәстүрлі жүйесі, екінші жағы – заман талабына қарай өзгерген оқу­шының  құндылықтары  мен көзқарасы. Қазір Z буыны, яғни технология дәуірінде туған ұрпақ білім мен тәрбиені мүлде басқа көз­қараспен қабылдайды. Интернетке қолжетімді, кез келген ақпаратты әп-сәтте тауып, оны тез қорыта алатын олар үшін еркіндік, шығармашылық және өзін-өзі көрсету маңызды құндылыққа айнал­ды. Бірақ сол артықшылықтардың көлеңкесінде үлкен проблема да жатыр. Ол – ақпараттың көптігінен нақтысын ажырата алмау, сыни ойлау қабілетінің төмендігі, зейіннің тұрақсыздығы және әлеуметтік  желіге  тәуелділік.

Мектеп пен оқушы арасындағы қайшылықтың түп-төркіні осында. Мектеп әлі күнге дейін тәртіпке негізделген ескі жүйеге сүйеніп, оқушыны қатал ережелерге (диктаторлық режим деуге болады) бағындыруға тырысады. Бұл қазіргідей еркіндікке ұмтылған буынға тым қолайсыз болып көрінеді. Оқушы тәртібін сақтау мектеп үшін бас­ты қағида болса, қазіргі балалар үшін жеке пікірін ашық жеткізу, қызығушылық­тарын дамыту және өз ойын еркін білдіру бірінші орында тұр. Осыдан барып оқушы мен мектеп арасындағы түсініспеушілік туындайды. Мектеп ұжымының көпшілігі Z буынының психологиясын түсіне бермейді. Түсінбеген соң, олардың талаптары мен ерекшеліктеріне  бейімделе  алмауы  заңды.

Тәрбие жүйесінің заманға сай жаңғыруы – уақыт  талабы. Бұл дегеніміз мектеп оқушының ығына жығылуы керек деген сөз емес. Мәселе – оқушылардың жаңа қажеттіліктері мен ерекше­ліктерін ескере отырып, оларды тұлға ретінде дамыту­ға жағдай жасауда. Мектеп ұжымының бас­ты міндеті оқушыға сапалы білім берумен қатар, оның бойындағы  қабілетті  ашып, жауапкершілік пен адами құндылықтарды дарыту болуы тиіс. Бірақ қазіргі мектептерде бұл мақсаттар кейде тасада қалып қояды. Мұғалімдерге шығармашылық еркіндік берілмей, қатаң  бағдарламаның  шеңберінде  ғана жұмыс  істеуі  оқушыға  оң  әсер  етпейтіні  түсінікті.

Сонымен қатар технологияның мектеп қабырғасындағы рөлі де қайта қаралуы керек. Оқушының бүгінгі назарын гаджеттен бөліп алу мүмкін емес, бірақ оны тиімді бағытқа бұруға болады. Технологияны оқыту құралы ретінде дұрыс пайдалану арқылы оқушының зейінін аударуға да, қызығушылығын оятуға да болады. Қағаз кітапқа телмірткеннен гөрі, сандық ресурстарды пайдалану арқылы білім беру әлдеқайда нәтижелі болуы мүмкін. Бірақ бұл жолда мұғалімдерге жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге жағдай жасау қажет. Педагогтардың кәсіби дамуының деңгейі артпайынша, оқушының да деңгейі көтерілмейді.

Оқушылардың психологиялық жағдайы да назардан тыс қалып жатады. Бүгінгі балалардың эмоционалдық тұрақтылығы  әлсіз, ал мектептерде психолог мамандардың жұмысы формализмнен аспай қалады. Оқушының ішкі күйзелісін, эмоциялық қажеттіліктерін түсініп, дер кезінде қолдау көрсету мектеп жүйесіндегі маңызды бағыттың  бірі  болуы тиіс. Өкініштісі сол, бұл мәселеге көп мектеп немқұрайды  қарайды.

Мектептің тәрбиелік рөлін күшейту үшін оның әдіс-тәсілдері де жаңарғаны жөн. Сабақты құрғақ жаттауға емес, оқу­шының шығармашылық ойлауына, пікірін ашық жеткізуіне және қоғамда өз орнын табуына бағыттау қажет. Жеке тұл­ғаның қалыптасуында тәрбие мен білім қатар жүруі керек. Мектеп тәрбиесі тек «тәртіпке бағындыру» ұстанымымен шектелсе, бүгінгі буынға жеткілікті әсер ете алмайды. Оқушының бойындағы еркін ойлау мен жауапкершілік қасиеттерін қатар дамыту  маңызды.

Тәрбие мен білім беру саласындағы атақты педагогтардың айт­қан сөздері бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мысалы, Константин Ушинский: «Білімсіз тәрбие – тұл, ал тәрбиесіз білім – қауіпті» деген болатын. Бұл пікір Z буынына дәлме-дәл келеді. Себебі, қазіргі технологиялық дәуірде білім алу еш қиындық тудырмайды, бірақ оны дұрыс бағытта қолдану және адамгершілік құндылықтармен ұштастыру – мектептің басты міндеті. Сол сияқты, Лев Толстой: «Тәрбиешінің ең үлкен өнері – шәкіртке өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндігін беру» деп атап өткен. Бұл – зама­науи мектептің тәрбие жүйесін қайта қарап, оқушылардың еркін ой­лауына  және  өзін-өзі дамытуына мүмкіндік берудің маңызды екенін көрсете­ді. Осы ойлар бүгінгі мектептің басты мақсатын айқындап тұр, ол – білім мен тәрбиені үйлестіре отырып, ұрпақты тұлға ретінде қалыптастыру.

Қорыта айтқанда, бүгінгі мектеп Z буынының ерекшеліктерін ескеріп, өз жүйесін заманға лайықтауы қажет. Ол үшін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, оқыту әдістерін жаңғырту, технологияны тиімді пайдалану және оқушылардың психологиялық әл-ауқатына ерекше назар аудару керек. Бүгінгі оқушыны тәрбиелеу үшін мектеп тек білім беріп қана қоймай, оларды ертеңгі күнге жауапты азамат етіп қалып­тастыруы тиіс. Бұл – мектептің ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Еркін ойлайтын, жаңа заман талабына сай бейімделген, жауапкершілігі  мол  ұрпақ  тәрбиелеу  ең  үлкен  жетістік  болмақ.

К.ҚҰРМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: