Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрметті демалысқа шығарып салды

13.12.2024, 17:05 125

HALYQLINE.KZ

Мұнай өндіру – ел экономикасының өзегі. 1990 жылдан бастап күні бүгінге дейін елімізде 2 млрд тоннаға жуық мұнай өндірілген. Осы дерекке сүйенсек, мұнай саласы арқылы ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатына біраз үлес қосылғанын байқаймыз. Соның қатарында «ПетроҚазақстан» компаниясы мұнай саласында көшбасшы екенін айта кетейік. Ал, Қызылорда облысында орналасқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын елеулі көтеріп келеді.

Жалпы, мұнай өндіру үлкен жауапкершілік пен тәуекелді талап ететін сала болғандықтан, осында еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген жандар қоғам алдында үлкен құрметке ие болуы керек. Осы орайда әр жыл сайын аталып өтетін дәстүр бойынша «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының спорт кешенінде зейнет демалысына шыққан қызметкерлер мен мерейтой иелеріне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Төл мерекеміз Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген іс-шарада компания басшылығы биыл зейнет жасына жеткен бірқатар қызметкерін марапаттап, салтанатты түрде құрметті еңбек демалысына шығарып салды.

Іс-шара шымылдығын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның вице-президенті Серік Қожаниязов құттықтау сөзімен ашып, мерейтой иелерін марапаттауға ұласты.

Бүгінгі таңда «ПетроҚазақстан» компаниясының ардагерлері саны 268 адамды құрап отыр, оның ішінде биыл бірқатары 80 жас, 70 жас, 60 жас мерейтойларын атап өткен. Мәселен, Бұрхан Бекбембетов 80-нің сеңгіріне шықса, Қыдырғали Әбдиев, Алмат Бекенов, Роза Бижанова, Үміткүл Сариева, Жаңаберген Жұқашев, т.б. 70 жастың жотасына жетіп отыр. Сонымен қатар, биыл 33 қызметкер құрметті еңбек демалысына шықты. Осы орайда, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы басшылығының алғыс хатымен бірқатар азамат пен азаматша марапатталды. Олардың сапында Болат Көшербаев, Өзбекбай Ермаханов, Ғалым Байменов, Қалдыбай Байманов, Нұрлыбек Жақсылықов, Ғалия Құпағұлова, т.б. бар. Марапат төрінен көрінген азаматтардың ішінде 2012 жылдан бері аталған компанияда вице-президент қызметін атқарып, бүгінде ардагерлер төрінен табылған Болат Көшербаевпен пікірлескен едік.

Еңбек жолым 45 жылды құрайды. Оның 30 жылы осы мұнай саласында, қалған 12 жылы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында өтті. Бүгінде зейнеткерлер қатарына қосылып, зейнетке шығу рәсіміне арналған мерекелік іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Әріптестеріме мол табыс, зор жетістік тілеймін. Абыройы мен ауызбіршілігі бар ұйымның әрі қарайғы жолы осы жастардың қолында тұр. Осы орайда, аға-апаларының салып кеткен сара жолын әрі қарай жандандырады деген толық сенімдемін! – дейді Болат Елеуұлы.

Компанияның алғыс хатымен марапатталғандардың бірі – Қалдыгүл Махамбетова. Ол Тараз қаласынан арнайы келіп отыр. Еңбек өтілі – 33 жыл.

Осы компанияның зертханалық талдау бөлімінде 4-дәрежелі зертханашы болып жұмыс істедім. Алғаш компанияға келгенімде 29 жаста едім. Мұнайды талдап, соңғы куәлігін жазып береміз, сол бойынша мұнай өткізіледі. Бүгінде міне, қызмет етіп келгеніме 33 жыл толып, еңбек демалысына шығып отырмын. Басшылыққа үлкен алғысымды білдіремін. Үлкен іс-шара өткізіп, еңбегімізді елеп жатыр. Сыр елінде мұнай таусылмасын, компания жұмысы әрмен қарай өрлей берсін! – деп Қалдыгүл Орынтайқызы алғысын білдірді.

Салтанатты іс-шарада сала ардагерлеріне «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы кәсіподақ комитеті атынан «ПетроҚазақстанның еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.

Іс-шара соңында ардагерлер алғысын білдіріп, естелік суретке түсіп, арнайы жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ.

Суретті  түсірген  Андрей  Тайгунов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: