Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қара жесір» – Салтычиханың сұмдықтары

29.11.2024, 8:45 41

HALYQLINE.KZ

Дарья Николайқызы Салтыкованы қазір Ресейдегі бірінші «сериный убица» деп атайды (фото). ХVІІІ ғасырда ол өзінің жекеменшігіндегі шаруаларды азаптап өлтірумен аты шықты. Сол кездегі орыс патшаларының құлағына жеткенімен, тексеруге жіберген шенеуніктерінің аузын ақшамен жауып отырды. Халық Салтыкованы «Салтычиха» деп атап кетті.

Салтыкованың қыз кезіндегі фамилиясы Иванова еді. Әскердегі мінсіз қызметі үшін дворяндық титул алған Глеб Салтыков жас қызға құда түсіп алады. Федор мен Николай есімді ұлды болады. Алайда алпыстан асқан Глеб өлген кезде, Дарья 26 жаста еді. Содан бастап ол ашушаң болып, ашуын қарамағындағы басыбайлы шаруалардан (крепостнойлар) алатын болды. Бастапқыда үй шаруасын істеп жүрген қыздарды ұра бастады, қатты ашуланса, қайнап тұрған суды үстіне төге салды. Ер адамды арнаулы жасағына байлатып, қамшымен дүре соғатын болды. Кейін қыздырылған темірмен күйдірді, сан мен арқа етін пышақпен кесіп жібертіп, өз қолымен сол жерге тұз себетін болды. Кейде шаруалар азаптауға шыдамай өліп кететін еді. Әсіресе, шаруаның қызы тұрмысқа шығады дегенді естігенде, етпетінен жатқызып жалаңаш құйрығы фарш болғанша сабататын және оның үйленетін жігіті көрсін деп қолын байлап қоятын (фотодан көріңіз). Бұдан «қара жесір» ләззат алатын еді.

Жастай жесір қалған кезде Дарьяның көңілдесі, болашақ орыстың ұлы ақыны Тютчевтің атасы жерөлшеуші Николай Тютчев еді. Алайда, бұл көңілдесі жас жесірдің төсектегі тойымсыздығы мен садизмге бейімдігінен шошып, қатынастарын дереу тоқтатып, қашып кеткен болатын. Жалғыз қалған «қара жесір» бар ашуын өзінің жекеменшігіндегі шаруалардын алды. Бір қызығы, Салтычиханың имениесі қазіргі Лубянка алаңындағы ФСБ, бұрынғы КГБ орналасқан жерде болды. Салтычиханың шектен шыққан қатыгездігі орыс қоғамын дүр сілкіндіріп, ақыры патшаға да жетті.

1762 жылы ІІ Екатерина патшайым Дарья Салтыкованың имениесіне тексеру жіберіп, өзі бақылау жасағасын қылмысы әшкере болады. 1766 жылы ашық сот процесі болып, Салтычиха өзінің жендеттерімен 38 адамды азаптап өлтіргенін, 26 адамның азаптаудан кейін үйінде өлгенін анықтайды. Замандастарының «қара жесір» жүзден астам адамды азаптап өлтірген» деген жазбалары қалған. Дарья Салтыковаға сот өмір бойы Донской әйелдер монастыріндегі зыңданға өмір бойы ұсталсын деген үкім шығарды. Сол жердің өзінде Салтычиха 33 жыл бойы жалғыз отырады. Не деген жаны сірі еді жауыз қатынның… Ал, Ресейдегі крепостнойлық құлдық 1861 жылы ақпан айында ғана жойылды. Бұл кезде Европа елдері капиталистік даму жолына түскен болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: