Сырдария ауданы Айдарлы ауылының 50 жылдық мерейтойына орай аудан әкімінің қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, құрметті меймандар мен ауыл тұрғындары қатысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан басшысы ауыл халқын мерейтоймен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Ауылдар дамыса, ел дамиды» деп атап өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев ауылдардың дамуына ерекше мән беріп, көп қолдау көрсетуде. Бүгінде Сыр елінде, оның ішінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен жетістіктер бар. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10 млрд теңгені құраса, бүгінде бюджетіміз 16 млрд теңгеден асты. Биыл аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Қоғалыкөл, Бесарық елді мекендерінде барлығы 17 шақырымнан аса жол жөнделді. Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін Тереңөзек кентінде 10 көшенің, Шаған және Аманкелді ауылында 6 көшенің су құбырлары жаңартылды. Ауданда газдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Кеше облыс әкімінің қатысуымен С.Сейфуллин мен А.Тоқмағамбетов ауылдары табиғи газға қосылды. Ал Шаған және Н.Ілиясов елді мекендерінде газдандыру жұмыстары биыл басталды. Алдағы жоспарымызда Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын газдандыру жұмыстары бар екенін атап өткен жөн. Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» аясында аймақ басшысының қолдауымен барлық ауданда «Руханият» орталықтары бой көтеруде. Бүгінде аудан ортылығында «Руханият» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған жыл аясында клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылып, балалар мен жасөспірімдер қосымша біліммен қамтылуда. Сондай-ақ, аудан орталығында 465 млн теңгеге қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласы абаттандырылуда. Мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығында 6 көпқабатты тұрғын үйге қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Жергілікті бюджеттен Тереңөзек кентіндегі «Тағзым» алаңы» абаттандырылып, кентке кіреберісте «Жастар аллеясы» салынды.
Биыл жыл соңына дейін Тереңөзек кентінен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 140 пәтер беру жоспарлануда.
Бүгінде ынтымағы жарасқан Айдарлы ауылының дамуы қарқынды. Елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарып, жолдар жөнделген. Тұрғындар сапалы ауызсумен толық қамтылған. Көшелер толық жарықпен қамтамасыз етілген. Соңғы 3 жылда елді мекенде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен 500 миллион теңгеден аса қаржыға 4 көше жөнделіп, 30 шақырым электр желілері толық жаңартылды және тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Елді мекенді абаттандыруға да үлкен мән беріліп келеді. Биыл облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында Айдарлы ауылы үздіктер қатарынан көрінді. Ауыл жастарының белсенділігін атап өткен жөн. Елді мекенде жастар бригадасы құрылып, бақша дақылдарын егіп, нәтижесін көруде. Жастар бірігіп, әркез ауылдың дамуына өз үлестерін қосып отырады. Елді мекенге кіреберіс арка, тұрмысы төмен отбасыға үй алып беру, қайырымдылық жұмыстарда Айдарлы ауылының жастары ұйымшылдық танытуда. Елді мекеннің дамуына атсалысып жүрген азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ауқымды іс-шарада ауыл дамуына еңбек сіңірген бірқатар айдарлылық мерекелік медальмен және аудан әкімінің «Алғыс хатпен» марапатталды.
Іс-шара концерттік бағдарламаға және спорттық жарыстарға ұласты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!