Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария

11.11.2024, 11:10 185

HALYQLINE.KZ

Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылының 60 жылдығына орай «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» тақырыбында тарихи-танымдық конференция өтті. Конференцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, халық қалаулылары, құрметті меймандар мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Танымдық конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев жүргізіп, ауыл тарихына тоқталды.

Тағылымды іс-шарада аудан әкімі жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймақта жарқын жұмыстар атқарылып жатыр. Аймағымыз бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерінде оң серпін сақталып, облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарда тұрақтады. Бүгінде Сырдария ауданы да әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды даму үстінде. Оның ішінде, тарихы тереңдегі Іңкәрдария ауылының әлеуеті жақсарған. Ауыл іргесі сонау 1964 жылы Қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған болатын. Сол жылдары Тұрғанбай Әбдіразақов, Әбілмәжін Өтепов, Әбіш Әбдіхалықов секілді азаматтар шаруашылықтың қазіргі орнын дұрыс деп тауып, іргесін қалауға атсалысқан. Мұнда Ақжарма, Оспан Мәлібаев, Сәкен Сейфуллин елді мекендерінен малшылар мен шопандар қоныс аударып, Қызылқұм қойнауында тұрақтаған. Содан бергі 60 жыл ішінде совхоз, кооператив, шаруашылық кезеңдерінен өтіп, бүгінде берекелі елді мекенге айналды. Іргелі Іңкәрдария ауылын көптеген ұлтжанды азаматтар басқарды. Қожабай Исаев, Құрман Ысқақов, Асарбек Тәуекелов, Әбдіразақ Байманов, Жарқынбек Асылбеков және басқа да еңбек адамдары ауыл дамуына қажырлы қызмет етті. Жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егілген ардақты азаматтар ауылдың қалыптасуындағы қиыншылықтарды іскерлікпен көтере білді. Олардың жарқын істерін кейінгі ұрпақ табысты жалғастырып келеді. Бүгінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен жетістіктер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарды, көшелер жөнделді. Соңғы жылдар еншісінде ауыл әкімдігі ғимараты, 150 орындық ауылдық клуб жаңадан салынды және дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Елді мекенде көшелер жөнделіп, жарықпен толық қамтамасыз етілген. Сапалы ауызсу тәулік бойына беріліп, толық қамтылған. Биыл Іңкәрдария ауылында қосымша барлау-өндірістік ұңғымасын орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығы – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Қызылқұмдағы құтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қонымды. Ауылдық округ дамудың даңғыл жолымен өркениетке қарай жол түзеген. Іңкәрдария ауылының халқы еңбеккеш. Тұрғындар ала жаздай егін, бақшалық дақылдар егіп, атакәсіп болған мал шаруашылығымен тұрақты айналысады. Ауыл халқын 60 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, Іңкәрдария ауылының болашағы жарқын, тіршілігі баянды болсын деп тілек білдіремін! – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Конференция барысында Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы, философия ғылымдарының кандидаты Ибадулла Құттықожаев, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» тарихи-танымдық кітабының авторы Қали Омаров, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айтжан Оразбақов, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Қалиев, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Абайбек Жүнісов мерекелік құттықтауларын жеткізді және елді мекеннің тарихына тоқталып, еңбек адамдары туралы хабарлама жасады.

Танымдық іс-шара қорытындысында ауыл тарихын жинақтауға атсалысқан бірқатар сала маманы медальмен марапатталды. Сондай-ақ, құрметті меймандардың қатысумен «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: