Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Студенттерді өзін-өзі құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеу аспектілері

04.11.2024, 17:30 390

Жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуының, дамуының түп-тамыры тәрбиеден бастау алады. Қазақстанның ертеңі мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, қоғамның құндылық бағдарлары жайлы сөз қозғағанда, тәрбие мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. Білімді, адамгершілікті, кез-келген жағдайда дербес шешім жасай алатын, ынтымақтасуға және өзара іс-қимылға қабілетті, ел тағдыры үшін жауапкершілік сезіміне ие адам тәрбиелеу мәселесі жыл сайынғы Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан, Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттыққа тәрбиелеу Мемлекеттік бағдарламасынан және т.б. аса маңызды құжаттардан орын алуда. Тәрбие үдерісіне тікелей қатысты негізгі құқықтар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген және басқа да маңызды нормативтік құжаттарда жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау, баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру – білім беру жүйесінің басты міндеттері болып табылады. Сондықтан, біздің мақсатымыз – қалыптасып, оңы мен солын тани бастаған жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету, олардың бойынан адамға тән адамгершілік, Отанды сүю, өз елінің патриоты бола білу сияқты құнды қасиеттерді сіңіре білу. Адам мақсаты адамгершілік қасиеттер арқылы орындалып, рухани қасиеттер арқылы жүзеге асады. Демек, еліміздегі қоғамды ізгілендіру жағдайындағы ең басты мәселе – адамды құндылық ретінде бағалау. Құндылық – адамдық қасиеттің өлшемі, оның жақсылыққа талпынысы, өзге адамға жанашырлығы, айналадағы адамдарға қайтарымы, өмірді жақсартуға ұмтылысы, өмір сүру ізденісі, тіршіліктегі әр пенденің орны мен рухани-адамгершілік қасиет. Адамгершілік тәрбиесіндегі басты мәселе – баланы құрметтеу. Әрбір бала өзін-өзі рухани жетілдіру үшін өзін тәрбиелеуге ұмтылу керек. Жалпы адамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың ақыл-парсатына азық ете білу үшін әрбір ұстаз-тәрбиеші халық педагогикасын, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды терең біліп, оларды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, тәлім-тәрбиеге пайдалануға халық алдында жауапты. Адам өмірі – көп салалы, әрі көп қырлы. Осыған орай әркімнің өмірін жеңілдету, реніші мен қайғысын тең бөлісу үшін тәрбиелі, саналы, адамгершілікті адамның сол қайғы-мұңға ортақтаса білуі адамның жоғарғы сапасы. Себебі адамның тәртібі: жастардың үлкендерге сәлем беруі, жол беруі, құрдастарды, достарды құттықтауы, көршінің жақсы қылығын мадақтауы, т.б. секілді кәдімгі қарым-қатынастардан тұрады. И.Гете: «Ең алдымен өзіңді-өзің үйрет, сонда сен басқалардан үйренесің» – дейді. Сол сияқты біздің Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Биология және Биотехнология факультетінде студенттермен түрлі іс – шаралар өткізіледі. Оларға іс шара өткізу мақсатының бірі олар бір – бірімен достық қатынаста болады және араласа бастайды, сонымен қатар түрлі жағдайлармен бетпе – бет келеді, сол арқылы үйренеді, ой тоқтатады деп айтуға болады. Қазіргі кезде бізде «Айналанды нұрландыр», «100 кітап», «Дені саудың жаны сау» , «Green Kampus» сияқты жобалар бойынша түрлі іс- шаралар өткізіліп тұрады, оның ішінде кураторлық сағаттар, арнайы тәрбиелік сағаттар, түрлі жарыстар мен конкурстар өткізіліп тұрады. Бірақ, дегенмен осындай іс – шараларды қызық көрмейтін бармайтын студенттер тобы да бар, олардың басым көпшілігі қаланың балалары немесе әлеуметтік орта жағдайы бойынша қиын ортадан шыққан балалар деп айтуға болады. Куратор – эдвайзерлер студенттердің екі тобыменде жұмыс істей білу керек. Адам тәртібінің екі түрі болады: сөздік және нақтылы. Сөздік тәртіп – өз ойымызды білдіруіміз, пікіріміз, дәлеліміз. Біздер, кейде ашу үстіндегі шаршаған кезде немесе жиналған халық арасында, жұмыстағы өз сөзімізге онша мән бермейміз. Ал әрбір сөздің мазмұны іс-әрекетіміз бен қимылымыздан бірден-бір кем емес. Швейцар жазушысы Лафатер: «Ақылды болғың келсе, орнымен сұрауға, көңіл қойып тыңдауға, байсалды түрде жауап беруге және басқа ештеңе жоқ кезде сөйлеуді үйрен» – деген. Атақты жазушы Ілияс Есенберлин: «Ауыздан шыққан суық сөз жүрекке жеткенше мұзға айналады» деген екен. Сондықтан орнықты әңгімелесу, сөйлесе білу, сөз арқылы пікірді, ойды жеткізу – адам мәдениетінің бір саласы. Жақсы әңгімелесуші болудың бір ғана тәсілі бар, ол – тыңдай білу. Тыңдауда – алдарыңызға жан салмайтын біртоға адам болсаңыз, ал сөйлесу қажет болғанда – сөздің соңын күтуге тырысу. Әрбір куратор – Эдвайзер студентке өзінің этикасын, құқығын, міндеттерін  үйретеді. Мәдениет  – бүкіл адам баласының өндірістік, қоғамдық, саналылық, эстетикалық, тұлғалық, даралық бітім-болмыстарының жетістігінің жиынтығы. Адам мәдениеті мен оның тәртібінің өзара байланысты болуы табиғи іс.Мәдениеттілік – жалпы қабылданған ережелерге сәйкес келетін тәртіп. Ол ережелердің өзгеріп отыруы да мүмкін, соған сәйкес тәртіп ережелері де өзгерістерге түседі. Жақсылыққа ұмтылу мен өзін нағыз жақсы жағынан көрсету бір-бірімен үйлеспейді. Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. Тек сонда ғана оның осынау Адам деген мәртебелі атпен аталуға құқығы болады.Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс-қылықтарынан, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл-сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. емдік кеңістік аясындағы адам өмірі дегеніміз не? Бір ғана сәт, қас-қағым уақыт қана. Бізге берілген осындай ғана ғұмырды өзіміз үшін және өзгелер үшін ешқандай қиындықсыз өткізу маңызды емес пе?!

Жас ұрпақты өкінбейтіндей етіп, қателіксіз, уайым-қайғысыз, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге, өмірлері қуаныш пен шаттыққа толы болуға үйрету – біздің қасиетті парызымыз. Нағыз ұстаз бейнесін Әбу Насыр Әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді».

Осындай ұстазға тән мінез-құлық ізгілікпен ұштасып, бала жүрегінің төрінен орын алған жағдайда жас ұрпақтың рухани бай, адамгершілігі мол, жан-жақты үйлесімді дамыған, елін сүйер абзал азамат болары сөзсіз.

Жас ұрпақ отбасында, ұжымда, қоғамда бірлесе өмір сүру жайында үлкендер әлемінен лайықты өнеге алады. Мұндай өнегеге нелер жатады? Ең алдымен, адамның өз-өзімен және қоршаған ортамен, атап айтсақ, Әлеммен, өзге тіршілік иелерімен, өз пейілдерімен, сезімдерімен және іс-әрекеттерімен жарастықта өмір сүруі, өзінің өмірдегі орнын таба білуі болып табылады.

Психологтардың айтуы бойынша қатыгез кино, ойын т.б көріністер музыканың шамадан тыс жоғарғы дыбысты болуы, құлаққа наушникпен ұзақ тыңдап жүру, құлақтың мембранасына пайдалы емес. Әсіресе ойындар олардың нерв жүйесіне қатты әсер етеді екен. Себебі жылдам жауап беріп, тез қимылдау талап етіледі. Нервтік жүйенің қысқа уақытта қатты жұмыс істеуі жас баланың шаршауын тездетеді. Сонымен бірге адамның әсіресе жасөспірімдерге өтпелі кезең жасындағы оқушыларға жүйке жүйесіне әсері, тез ашуланшақ болуы, психологиялық құбылыстық әсерлері болуы мүмкін.

Және де таң қаларлық жағдай. Әдетте Жапония десе көз алдымызға дамыған технологиялар елі елестейді. Айтары сол жапондардың технологияға берілгені сонша тіпті ұлттық жазуларын, яғни иероглифтерді дұрыс жазуды ұмыта бастапты. «Ұмытқандардың» саны халықтың 66 пайызына жетеді екен. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары 25 пайызға дейін өсіпті. Мұның бәрі қалтафон мен компьютерді шектен тыс пайдаланудың әсері дейді мамандар.

«Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір»,- дейді дана халқымыз. Әрбір жас жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік – экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық – саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Осы орайда ұстаздар қауымы студенттерді оқыту барысында тәрбие мазмұны мен тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық – саяси мәдениетін көтеруге басты ықпал ететін жағдай жасау қажет.

Жастардың өмірдегі ұстанымдары  әркез қоғам мүдесімен тоғысып, мемлекеттің  даму қарқынына ілесіп отырғаны абзал. Бұл үшін бірінші кезекте жастарды қоғамдағы құндылықтарды қастерлей білуге үйретуіміз қажет. Келешек ұрпақтың парасатты да, мәдениетті болып, білімді, озық технологияларды, ғылымды  жете меңгеріп, әсіресе елжанды азамат болып қалыптасуы – біздің болашағымыздың кепілі.  Ұрпақ тәрбиесінде ата – ана, қоршаған ортамен қатар университеттің маңызы зор. Жастарымыздың қоғамның жаңару үрдісімен үйлесімді өмір сүре білуі үшін біз олардың тәрбиесіне айрықша мән беруге тиіспіз.

Кім баласын қатардан қалсын дейді. Қай ата-ана болса да шамасы келгенше барын беріп, ұл- қызын қалада жоғары оқу орнында оқытуға тырысады. Баласының студент атанғанын, ертең болашағы зор маман болғанын қалайды. Қалаға келген жастардың еріктері өздеріне тиген соң, адасулары да болып жатады. Оған, әрине, түскен ортасының әсер ететіні белгілі, әр түрлі дос – жаранға кездесіп, әр қилы жол таңдаулары мүмкін. Бұған себеп қалаға келген жастардың барлығы дерлік биологиялық, психологиялық жетілу және қалыптасу сатыларындағы жастар. Осындай жастардың албырттығының, құзыреттілігінің қалыптасып үлгермегендігіне байланысты соңғы жылдары жастардың көбі дәстүрден тыс діни ағымдар ықпалына түсуде. Ал енді бір студент жастар ақша табудың оңай жолы екен деп әр түрлі келеңсіз істермен айланысуға дайын тұрады. Жауыр болған сөз болса да айтайын, жастар ел болашағы, ертеңгі келбеті. Сондықтан осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әл-Фараби атындағы Ұлттық университетімізде биология және биотехнология факультетінде барлық оқуға түскен студенттерді топқа бөліп, оларға оқытушылар арасында куратор эдвайзерлер сайланады.

Сонымен, студент үшін куратор- эдвайзер кім? Оны мен  білмейтін оқырманға таныстырғым келді? Эдвайзерлер жұмысының негізігі бағыттары жастардың тұлғалық дамуының үйлесімділігін қалыптастыру, студенттерді азаматтық белсенділікке тәрбиелеу, білім алушылардың мамандықтың жұмыс оқу жоспары аясында білім алу траекториясының таңдамалығы негізінде өзін-өзі көрсету қабілеттерін көрсетуге қолдау көрсету. Эдвайзерлер университет, факультет әкімшілігі және студенттік топ арасында байланыс орнатушы негізгі тұлға болып табылады.

Эдвайзердің міндеттері: студенттердің білім алуының жеке траекториясын анықтауға және білім беру бағдарламаларын меңгеру барысында; оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті ақпараттық материалдарды дайындауға қатысады, студентке жеке оқу жоспарын құрастыруға және түзетуге ықпал етеді және көмек көрсетеді.

Эдвайзерлер факультет деканының өкімімен кафедра меңгерушісінің келісімі негізінде тағайындалады. Эдвайзер студенттерді университеттің академиялық өмірінің ерекшеліктерімен, оқу жұмыс жоспарының мазмұнымен, диплом алудың талаптарымен, таңдаған мамандығының мүмкіндіктерімен таныстырады және студенттердің өз мүмкіндіктерін, қызығушылықтарын ескере отырып оқытудың жеке траекториясын анықтауына жәрдемдеседі. Эдвайзер тіркеу ережелеріне сәйкес студенттердің пәндерге тіркелу барысына қатысады. Әрбір эдвайзерге Тіркеуші кеңсесі анықтаған студенттердің белгілі бір тобы бекітіліп беріледі. Оқу жылы барысында эдвайзер кеңес беру кестесіне сәйкес жұмыс істейді.

Эдвайзерлер келесідей қызметтерді орындайды: студенттерді білім беру үдерісін ұйымдастырудың ережелерімен таныстыру; типтік оқу жоспарымен және элективті пәндер каталогымен таныстыру (міндетті және таңдау пәндері тізімін құрастырудың талаптарымен, курстың пререквизиттері және постреквизиттерімен); кредиттердің саны туралы мәліметтер беру және оларды игерудің тәсілдерін түсіндіру.

Куратор – эдвайзер студенттік топтарда оқу-тәрбие жұмысын жүргізу барысындағы басты тұлға. Ол топтағы студенттердің қызметін және тәрбие жұмысын ұйымдастырушы. Куратор-эдвайзердің тәрбие қызметінің аса маңызды бағыты болып бірінші курс студенттерінің жоғары оқу орнына бейімделуіне көмек көрсетеді. Студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақытты ұтымды өткізу  сияқты мәселелерін ұйымдастырушы. Студенттік топта жастар арасында сыйласушылықты, ауыз бірлікті, қайырымдылықты, өзара бірін-бірі қолдауды үйретеді. Сонымен қатар куратор-эдвайзер  университеттегі оқу сабақтарына, аралық, апталық және сессияға байланысты студенттерде мәселелер туындаса көмек көрсетеді. Топтағы әрбір студенттің денсаулығы мен тұрмыстық жағдайын  туралы ақпаратқа ие. Жастарды студенттік өмірге баулу, өздерін-өзі тануына көмек жасайды.

Ата-ана үшін ең керекті студенттердің жеке мәселелеріне: сабаққа қатысуы, үлгерімі, жоғары оқу орнындағы іс-әрекетіне куратор-эдвайзер аса көңіл аударады. Керек болған жағдайда ата-аналарға қажетті ақпаратты бере алады.

Қазіргі заманауи техникалық заманда ата- ана баласының оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуын интернет болса болды, үйде отырып біле береді. Ол үшін университет сайты http://www.kaznu.kzарқылы студенттің жеке логин поролымен студенттің жеке электрондық бетіне кіруге болады. Сонымен бірге студенттің академиялық үлгерімі туралы ақпаратты Регистратор офисі арқылы білуге де болады.

Жалпы, ата-ана бірінші курстың басында куратор-эдвайзермен хабарласып танысып алғаны бір жағынан жақсы. Себебі, әке-шешесі куратор-эдвайзерін білетін болғандықтан студенттің оқуға жауапкершілігі артады.

Біз бірнеше жыл куратор-эдвайзер қызметін қоса атқарып келеміз. Біздің тобымыз қазіргі әлемде қарқынды дамушы биология ғылымының өндіріспен тікелей байланысты саласы бойынша оқитын студенттерді дайындайтын «Биотехнология» мамандығының 3-курс студенттері. Міне, осы топ студенттерімен тәрбиелік жұмыстар жасауда олардың ата-аналарымен әр түрлі кездесулерде олардың көпшілігінің кураторлар жұмыстарынан хабарсыздығы, ал егер баласының оқуына немесе бағыт бағдарына күмәні болса, хабарласып сұрауына болатындығын білмейтіндіктерін байқадық.Тіпті, кей ата-аналардың баласының «бәрін тапсырдым»  деген сөзіне сеніп, олардың кейбір пәндерді тапсырмағандығын, ол пәнді қайта оқитынын кеш біліп жатады. Сондықтан осындай ауыл өмірін қалаға ауыстырып жатқан уақытта жастарға көмектесетін куратор –эдвайзері жұмысы  жайында жазғым келді. Былай қарасаң, студент кәмелетке жеткен, оңы мен солын танитын сияқты болып көрінеді. Ал жұмыс барысында оқуға түскен көпшілік жастардың, әсіресе, 1-2 курста әлі де болса ата-анасын сағынып, жасы үлкен қамқоршы, ақылшы іздейтіндері де кездеседі. Осындай уақытта студенттің жан дүниесін түсініп, дер кезінде ойларымен бөлісуге шақыру, уақыт табу куратор-эдвайзерға байланысты. Тәрбиесі түрлі от басынан шыққан студенттермен жұмыс барысында топтағы студенттердің этикалық тәрбиесіне, адамгершілігіне, мәдениетіне назар аудара отырып, «Бала тәрбиесі – бесіктен» деген сөздің мағанасын түсінгендей боласың. Топтағы кейбір студенттің білімге құлшынысын, мінез-құлқын, университеттің ішкі тәртібін қадағалауын, тұлғалық жан-жақты дамуға ұмтылуын байқағанда ата анасына іштей рахмет айтасың. Ал кей  жастардың  өтірік айтып тұрғанын көргенде ата-аналарының  тәрбиеден олқылық жасап алғанына өзің өкінесің, тәрбиелеуге тырысасың. Алайда,  нәтиже  барлық уақытта бола бермейді.

Сонымен бірге айта кететін жайт, ата-аналардың балаларының мектепте мамандық таңдауына көмектескені дұрыс сияқты.  Мысалы, кейбір жастарың көңілі құлап, жүрекпен қалап осы мамандықты таңдамағаны оқуды қызыға оқымағанынан, тіпті дәріс тыңдауға ерініп отырғанынан білініп тұрады. Сондықтан ата-ана мектеп қабырғасында жүргенде өмір жолын таңдауға көмектесіп, сонымен бірге баратын оқу орны мен мамандығы жайында  бірге толығырақ білуге тырысқаны жөн. Сонда ғана жастар өмірде өз орнын тауып  қана қоймай, кейін мамандығы бойынша еңбектенуде шаршамайтын, жалықпайтын бақытты адам болады. Енді бір студент тек 3-4  университет қабырғасында ғана өзін өзі танып, оқып жатқан мамандығының сыр қырын тереңірек біліп қызыға бастайды. Мұндай студенттер магистратураға түсуге бар күшін салады. Ондай студенттер бізді  бір қуантып тастайды.

Студенттер университет қабырғасында тек мамандықты игеріп қоймай, тұлға ретінде қалыптасады, жол таңдайды. Соңғы жылдары ғылымға қызығушылық қала жастарына қарағанда ауыл жастарында басым. Бұл, әрине қуантатын жай болып табылып қоймай, сонымен бірге ауылда әлі де ғылым мен руханиятқа деген көзқарастың басымдығын көрсетеді. Біздің университетіміздің ұстанымының бірі студенттерді ғылымға баулу, сондықтан көп студенттер 2-3 курстардан бастап,  факультеттегі ғылыми зерттеу зертханаларында жұмыс істейді. Бұл жастарды тек  ғылым саласына баулып қоймай, оларды өмірге шығармашылық көзбен қарауға үйретері сөзсіз.

Сонымен, куратор-эдвайзер ретінде әр студенттің серігі ақыл, жетелеушісі ғылым, көңіліне сәуле шашар жарығы ар мен мінез болса деп тілесем, қаймағы бұзылмаған ауылдан қазақ балаларына дәстүрлі құндылық пен діни санасын жетілдіруден, оны бойларына сіңірден  және ішкі мәдениетті үйретуден жалықпаса екен деймін. С.Макаренконың «балаға тәрбие беру үшін тек үгіт пен ақыл жеткіліксіз. Егер сіз өзіңіз мақтаншақ болсаңыз, жолдасыңызды сөксеңіз, сіздің балаға айтқан үгітіңіз, ақылыңыз түкке де керек емес» – деген сөздерін әсте естен шығармаса екен деймін.

Чунетова Ж.Ж

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ,Биология және биотехнология факультеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: