Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бетсіздер…

22.10.2024, 9:25 262

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Біздің елдегі кейбір құқық қорғаушыларымыз «құрттап» кеткен, шетінен, арамдық айранынан ұрттап кеткен, кедейсің бе, кеуіп қаласың, байсың ба, ыңқ еткізе, теуіп қаласың. Миллиондап қазынадан қарпығандар миықтарынан күліп жүреді, тауық ұрлағандар он жыл арқалап, дұшпандары күліп жүреді. Қысқасы, құқық саласында әділет, ар, иман жоқ, Талғардағы оқиғаға жұртың бәрі «шок»…

Көршімнің қызы он сегізге толған еді, бұл өзі, сіз білетін бір қалада болған еді… Сол қызды түнде жауыз жігіттер құшақтаған, артынан зорлап, соңында, пышақтаған…

Жауыз жігіттер түк болмағандай шауып жүр, марқұм қыздың ата-анасы әділдік іздеп, бастары ауып жүр.

– Қызыңыз кінәлі, карэтамен айналысқанда, жігіттерді шашып кететін еді, жерде жылап жатқандардың бастарын мыжып, басып кететін еді. Не болмаса, «сүмелектер!» деп, қашып кетер еді! – деді тергеуші.

«Қыздың жігіттерге сықылықтап күлгені несі? Қысқасы, түнделетіп, жүргені несі?» деп қала прокуроры қыспаққа алды.

«Кешіріңіз, мен білсем, сіздің атыңыз Арай, өліп қалатын қыз туғаныңыз қалай?» деп ұрысты бас полицей.

Кешікпей, сот болды. Сотта марқұм қызды кінәлаушылардың ауыздарында от болды.

«Ия, марқұм оқуға зерек еді, ал, көшеге сауыт киіп шығуы керек еді», «Жігіттердің тілін алмаған, пышақ сұғыларда, бұғып қалмаған» деген кінәлар тағылды.

Бұзақылар прокурор, бай-манаптардың балалары болғандықтан, кедей отбасы әділдіктен қағылды, тауы солай шағылды. Сот марқұм қызды кінәлі деп тауып, аруағын өмір бойына соттады, айыптаушы прокурор да осы үкімге тоқтады…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: kasparov.ru.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: