Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт әдебиеті абызының рухына арнап ас берілді

21.10.2024, 11:40 137

HALYQLINE.KZ

Арал теңізі аңғарындағы ең биік нүкте саналатын Беларан төбеде қазақ әдебиетінің абызы, публицист, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің рухына арнап ас берілді. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүкіл қазақ халқы «Әбе» деп құрметтеп, төбесіне көтерген, ұлт әдебиетінің абызы мен аңызына айналған Ә.Нұрпейісов 2022 жылдың 5 ақпаны күні 98 жасқа қараған шағында дүниеден озған болатын. Биыл қаламгердің дүниеге келгеніне 100 жыл.

Уақытында жазушының көзін көрген, ауданның зиялы қауым өкілдері бас қосқан аста Ә.Нұрпейісовтің рухына арнап аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Қабылғазиев Құран бағыштады.

Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, әдебиет әлемінің аңызы саналған Әбе туралы, оның өмірі мен шығармашылығына қысқаша тоқталып өтті.

– Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Қасиетті Сыр елі қаншама дарын иелерін дүниеге әкелгенмен солардың ішінде қазақ әдебиетінің абызы, шығармаларына дәуір шындығын арқау еткен қарымды қалам иесі – Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің орны бір төбе еді. Әбдіжәміл ағамыздың әдебиет әлеміндегі сара жолы, ұлт руханиятының кемелденуі үшін төккен тері, ауызекі сөзбен санамалап тауыса алмас қайраткерлік жолы – ел тарихында ерекше құрметке ие. Ал біз атап өткелі тұрған 100 жылдық бүкіл Сыр жұртышылығының, қала берді күллі қазақ халқының тойы. Мерейтой құтты болсын жерлестер, – деді аудан әкімі.

Уақытында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында тер төгіп, балық шаруашылығы саласында еңбек еткен, Қазақ ССР балық шаруашылығының бұрынғы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов өзінің ізгі лебізін арнап, сыйлас замандас болған Әбе жайында естеліктерімен бөлісті.

Сосын классик жазушы, публицист Ә.Кәрімұлының немере інісі Ә.Сламбаев сөз сөйлеп, осындай кең ауқымдағы танымдық шараға мұрындық болып, жоғары деңгейде ұйымдастыруды қолға алған барша жерлестеріне шынайы ризашылығын білдіріп, жазушының өміріне тоқталып өтті.

Жиылған жұртшылық жазушының рухына арнап қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, түрлі естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, жазушы көзі тірісінде өзі көрсеткен Беларан төбенің ең биік нүктесінде мәңгілік жай табуды айтқан болатын. Алайда өмірінің ақырғы күндеріндегі аманатына сәйкес Алматы қаласындағы «Кеңсай – 2» зиратынан мәңгілік мекен тапты. Бүгінде Беларан төбедегі белгі маңына жазушының жамбасы тиген жерден топырақ жеткізілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: