Міне, жадыраған жаз да аяқталып, күлімдеген күз де есік қақты. Осынау берекелі де мерекелі күз айы оқушылар мен ұстаздар үшін ерекше сезімге, жақсы бір толқынысқа толы уақыт.
Биылғы жаңа оқу жылы да оқушылар сарайы үшін ерекше бастау алды. Білім алып, оқу игеремін деген жас дарындардың қарасы қалың. 1 қыркүйек білім күні қарсаңында «Негеш дамыту аймағы» 300-ге жуық бүлдіршіндерді қабылдап, 8 қазақ және 3 орыс топтарына білім нәрімен сусындауға келген бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.
Қазіргі таңда қолдарына қалам ұстап, алғаш әріп танып келе жатқан балақайлардың оқуға құштарлығы жоғары.
Оқушылар сарайындағы «Негеш дамыту аймағы» бөлімі ерекше ықтиярлығы мен балаларға берер тәрбиесінің арқасында қаламыздағы номері бірінші білім беру орталығы деп айта аламыз. 22 жылдан бері үздіксіз жұмыс атқарып, толағай табыстарға жетіп, ата-аналардың шынайы алғысына бөленіп келеді. Тардай болып келген балғындарды мектеп қабырғасына даярлап, алғашқы білімдерін сана биігіне қондыра біледі.
Бар баланың жүрегіне от, көздеріне алау жаға білген Оқушылар сарайы оқушыларға біліммен қатар шығармашылыққа да баулып, сегіз қырлы, бір сырлы шәкірт етіп тәрбиелейді. Қуантарлығы сол орталыққа келген әрбір бала үш үйірмеге қатыса алады. Бұл оқушылардың енді ғана ашылып келе жатқан қабілеттерін қай бағытқа басымдық беруге болатынының дәлелі деп айта аламыз.
Қыркүйек айның жетінші жаңасында Оқушылар сарайы ашық есік күнін өткізді. Ата-аналар мен балалар әр бөлімнің жұмысымен танысып, үйірмелердің жетекшілерімен және сабақтарда қандай техникаларды қолданатынын, орталық оқушыларының жеткен жетістіктерін тамашалады.
«Көркем шығармашылық» бөлімінде балғындар: әуелете ән салып, мың бұрала би билеп, актерлік шеберлік қабілеттерін шыңдап, күмбірлете күй орындап, гитара үйренсе; «Туризім бөлімінде»: балалардың дене қабілеттерін шынықтыратын спорттық туризім, өз өлкесін тануға арналған «Өлкетану» үйірмесі, оқушылардың ойлау қабілеттерін артыратын шахмат, тоғызқұмалақ, бестемше сынды математикалық ойындармен, кілем тоқу, жұмсақ ойыншықтар жасау сынды қолөнер шеберліктерін арттырады.
Ал, «Бейіндік оқыту» бөлімі барша оқуға құштар балалар үшін ерекше ықылас салатын орта. Осы бөлімнің үйірмелеріне жазылу арқылы оқушылар: математика, қазақ тілі, биология, химия, тарих, ағылшын тілі, информатика т.б. сынды пәндердің жілігін шағып, майын ішетін болады.
Қазіргі заман сұранысына сай мамандықтар да мамандар да IT саласында бейімделіп келеді. Осы тұста «IT IMAQ» балалар технопаркі бөлімінің жас достарына берері көп. Айталық, мұнда – 3 D компьютерлік графика, 3D макет, дәстүрлі және дәстүрлі емес техникада жасалатын суреттер, «Жас тілші» «Мобилография», Vlog kadr сынды журналистика бағытына басымдық берілетін түрлі үйірмелер, көпшіліктің сұранысына ие робототехника үйірмесі, баланың қол жұмысы арқылы ми жұмысын жақсартуға, түрлі өнерге баулуға арналған «Қыш құмыра» жасау сынды бір-біріне ұқсамайтын, жеке-дара үйірмелер жұмыс жасайды.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші бүгінгі бүлдіршін ертеңгі ел тізгінін ұстар ұлы азамат. Сондықтан болашағымызды бүгінен бастап қалыптастырайық! Білімді һәм білікті ұрпақтарымыз көп болсын!
Асанжанова Гүлдана Жоламанқызы
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының педагогы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!