Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз мәртебесін заң да, қосымша құжат та айқындамайды

03.10.2024, 11:00 443

Бақытжан  ЖАҚСЫЛЫҚ:

Мұғалім – өлмейтін мамандық. Сөйте тұра салаға көлденеңнен килігіп келуге болмайды. Ұлы қызметтің көш басында жүрегінің түгі, табанының бүрі барлар тұрады. Келеңсіз жайттар мұғалім беделін белден басуы мүмкін. Бірақ, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын біліктілерге берер баға азаймайды. Ұстаз атаулының кәсіби мерекесі де жақындап келеді. Осы тұста, Абылай хан атындағы  №140 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақсылықпен әңгіме өрбіткен едік.

МҰҒАЛІМГЕ  ҚАРСЫ  ШЫҒУ  –  ҮЙДЕГІ  ТӘРБИЕНІҢ  БІР  ПАРАСЫ

– Бүгінгі ұстаз бейнесі туралы сөз қозғайықшы… Ал, оның  мәртебесі  мұғалімнің  «міндеті»  аясында  шектеліп  қалып  жатқан  жоқ  па?

– Қоғамда ұстаздың бейнесі әдемі қалыптасқан. Ұстаз сөзі жақсылық пен жылылық, қамқорлық және мейіріммен байланысады. Ал, қалыптасқан бейнені құрдымға жібермей, ұстап қалу – ұстаздың қолында. Мемлекет тара­пынан ұтымды ұсыныс пен ойға қонымды алғышарт орындалып жатыр. Педагог мамандарын дайындайтын оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден алатын шекті балды өзгертті. Оқу бітіргеннен кейін педагог деген мәртебесін айқындап, тапсыру қажет. Сонымен қатар, жұмысқа орналасатын кезде де белгілі бір сатылардан өту керек. Мұның барлығын саралап, жұмысқа қабылдану конкурстық жүйе арқылы жүзеге асады. Бұл мектепке нағыз мамандарды алуға жасалған қадамдар деп білемін. Осының өзі ұстаз бейнесін айшықтай түседі.

Менің түсінігімде ұстаздың мәртебесін ешқандай заң да, қосымша құжат та айқындап бермейді. Мерейді үстем етіп, мәртебені көтеретін – оқушылары. Қағаз жүзінде ұстаз мәртебесі туралы заң бар, бірақ нағыз ұстаздың мәртебесі білім алушыларының жеткен жетістігі мен нәтижесінен көрінеді. Абайша айтсақ, ұстаз ақыл, қайрат, жүректі тең ұстау керек. Ақылмен ойлап, қайратпен қиындыққа қарсы тұрып, жүрекпен  шешім  қабылдаса, жаман  болмайды.

– Өткен мен бүгінді қайта-қайта салыстыру орынсыз болар. Десек те, «еті – сіздікі, сүйегі – менікі» деген ұстаным бірен-саран. Ата-ананың балаға шектен тыс бәйек болуы қаншалықты дұрыс? Тіпті, мұғалімге қарсы келетін оқушылар бар. Маман  ретінде  бұған  не  дейсіз?

– Бұл сұраққа маман емес ата-ана тарапынан, яғни әке ретінде ойланып, сол ракурстан қарап отырмын. Мектепте мұғалімге қарсы шығатын оқушылар бар дейсіз. Ең әуелі бұған емес, үйде ата-анаға қарсы шығатын балалар бар деген мәселеге тоқталу керек. Себебі, бала үйдегі үйрен­гені мен түйгенін қоғамға шығарады. Мұғалімге қарсы шығу – үйдегі тәрбиенің бір парасы, кішкентай болса да көрінісі деп ойлаймын. Үлкендердің, ата-анамыздың, алдыңғы буынның кезінде баланы, оқушыны, жасты да еңбек­пен тәрбиелейтін. Қазір сол тұстар кемшін қалып, ақсап жатқан секілді. Өткен жылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы орта білім ұйымдарына, биылдан бастап мектепке дейінгі білім беру мен арнаулы оқу орындарына енгізілді. Мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, саналы азаматты тәрбиелеу. Демек, тек оқуға көңіл бөлмей, бағдарлама арқылы жақсыны үйретіп, тәрбиеге де зер салған жөн.

МҰҒАЛІМ  24  САҒАТ  ЖАУАПКЕРШІЛІК  АЛУҒА  МІНДЕТТІ  ЕМЕС

– Бала тәрбиесі – өзекті мәселе. Қоғамда резонанс тудырған оқиғалардың басым бөлігі де балаға қатысты болып отыр. Кейде мұғалім де жауапсыз деп танылып, жазықты болып жатады. Сіздіңше, мұғалім 24 сағат балаға жауапкершілік  алуға  міндетті  ме?

– Кез келген оқыс оқиға бір демде, бір мезетте немесе аяқасты болмайды. Кішкентай қадамдармен үлкен мәселеге айналады. Ал, оның қадамдарына ата-ана мен мұғалім ғана емес, қоғам да қатысады. Ол қалай десеңіз? Мысалы, оқушыға алкоголь, темекі сататын – дүкен, рұқсат беріп отырған – сатушы. Сағат 22:00-ден кейін түнгі клуб немесе кафеге кіргізіп отырған – бизнес өкілдері. Бұдан бөлек, оқушы мен жасөспірімді жұмысқа алып отырған кафе, мейрамхана және ойын-сауық орталықтары бар. Мектеп жасындағы баланы жұмысқа қабылдаған орындарды айтайықшы. Олар ешқандай жауапкершілік алмайды. Неге? Себебі, олар баланың ата-анасымен, яғни заңды өкілімен келісімшарт жасамайды. Кейде тәртіптік шара көрілмейтіні содан. Түптеп келгенде, осының бәрі мәселе туындатады. Қоғам болып жанашырлық танытпайын­ша, бала зардап шегіп, ұстаздар соның кесірін көре береді. Мұғалім 24 сағат жауапкершілік алуға міндетті емес. Бірақ, мұғалімді екінші анасы деп бекер айтпайды. Аппақ жүрегімен бала үшін шырылдап, бала үшін жүгіріп, соған жаны ашып жүреді. Кейде өз басын қатерге тігіп, тәуекелге  де  бел  байлайтын тұстар кездеседі.

– Оқушыларды суицидке итермелейтін ойын қаптап кетті. «Синий кит», енді «красный дельфин» өмір мен өлім арасындағы қауіпті қатерге айналды. Бұл ретте, мектеп психо­логтары жағдайдың алдын алуға қауқарлы ма? Парақшаңызда мұндайды жарнамалай бермей, басқаша жүріс жасау  керегін  айтып  өттіңіз. Ол  қандай  тәсіл?

– Өкініштісі сол, түрлі ойынның жетегінде кетіп, ойсыз қадамға барып жатқан жасөспірімдер жоқ емес. Білім ошағында кемінде 2 психологтан бар. Олар өз деңгейінде жүйелі жұмысын істеуде. Бірақ, барлық психологтың деңгейін, қауқарлы, қауқарсыз екенін нақты айта алмаймын. Оны айтатын құзыретім де жоқ. Қазір қауіпті ойынның алдын алу мақсатында атауын жазып, суретімен бірге афиша­лар таратылды. Мессенджерлер арқылы бала ойнамасын деген хабарландыру берілді. Осы тұста, қазақтың «Ұр, тоқпақ!» ертегісі есіме түсті. Балаларға қазанды қалдырып бара жатып, «піс, қазаным, піс» деп айтпаңдар» дейді. Оны да, тіпті, «ұр, тоқпағым, ұр» деп те айтып таяқ жеген сәті бар емес пе?! Демек, біз балаға жаса­ма деген нәрсені көрсетсек, олар міндетті түрде қайталайды. Сондықтан, «ойнамаңдар» сынды тыйыммен шектеу мәселені шешпейді. Мұның алдын алып, қауіпті ойынға қарсы иммунитет қалып­тастыру керек. Ата-ана баламен байла­нысты нығайтып, ашық сөйлесуі қажет. Баланың ұялы телефонын басқару да артық етпей­ді. Қандай ойын, қосымшаға кіргенін қадағалап, бақылауды күшейткен абзал. Баланың назары мен зейінін басқаға  аударған  да  тиімді  болмақ.

ОҚУШЫЛАРМЕН  ДОС  БОЛУҒА  ТЫРЫСАМЫН

– Оқушылармен байланысыңыз ерекше екенін байқадық. Жетістікке жетуіне қолдау білдіресіз, озық ойын құптайсыз. Жалпы, баламен жұмыс істеуде неге мән беру керек?  Және  сізді  толғандыратын түйткіл  бар  ма?

– Оқушылармен дос болуға тырысамын. Бұл дегеніміз баланың деңгейіне түсу емес. Оқушымен сөйлескенде ой-пікірін тыңдап, назарға аламын. «Сен оқушысың, мен мұғаліммін, тек менікі дұрыс» деген ұстаным жоқ. Өйткені, оқушының айтар өзіндік ойы болады. Ол қай кезде мұғалімнің айтқанын екі етпей орындайды? Не айтсаңыз да ол ренжімейді? Ең әуелі оқушыны жақын тартып, оған шынымен жанашырлық танытатынын, алаң болатынын аңғарту керек. Іс-әрекет арқылы көрсетуіміз қажет. Содан кейін бала да бір сөзге келмей, нұсқаған дұрыс бағыт, сілтеген  жол  бойынша  жүретін  болады.

Негізі оқушыға байланысты ойландыратын түйткіл көп. Бос уақытын ұтымды ұйымдастыра алмайды. Үйде де  ұялы  телефонға  байланатыны  қынжылтады.

– Белсендісіз. Бірнеше семинар, іс-шарада төбе көрсетіп, тәжірибе алмасасыз. Сондай жиында ер әріп­тестеріңізді жиі байқайсыз ба? Өйткені, білім ошақтарында ер мұғалімдердің үлесі аз екені айтылып жүр. Балаға «ердің  мысы»  қаншалықты  керек?

– Жалпы, мектепте ер педагогтар өте аз. Мектептегі мұғалімдердің әрі кетсе 10-15 пайызын құрайтын шығар. Балабақшада тәрбиешілер – әйел адамдар. Мектепте мұғалім – тағы да әйел адам. Бітіруші түлек колледжге немесе жоғары оқу орнына түседі. Тағы да әйел адамның қолына тап болады. Әйел мен ер педагогтың беретін білімі бірдей болғанымен, әңгіме­сі мен тәрбиесі, өсиеті бөлек болатыны анық. Сондықтан, мектепте ер мұғалімнің санын көбейту керек-ақ. Бәлкім, оқуға түсіп, қабылданатын кезде мұны ескеріп, квота сынды жеңілдік  жасаған  құба-құп.

– Мамандыққа қызығу бір бөлек, жан қалауымен жұмыс істеу бір бөлек. Дей тұрғанмен, «мен мұғаліммін» дегенде авто­матты  түрде  еске  түсетін  не  нәрсе?

– Мұғалім дегенде жауапкершілік, жаңашылдық, жылылық ойға оралу керек. Әрі ол мұғалімнің бойынан табыл­ғаны да жөн. Осы саланы таңдап, маман болуға шешім қабылдағаннан кейін өзінің де, елдің де баласын қатар қоюды естен шығармағаны ләзім. Бөліп жармай, мектептегі әрбір оқушыға жанашырлық таныт­қаны игі. Сондай-ақ, мұғалім қашан ізденісін тоқтатады, сол уақытта мұғалім болуды да доғаратын шығар. Өйткені, қазір жаңашылдық, жан-жақтылық маңызды. Жоғары оқу орнында алған төрт жыл білім отыз жылдық еңбек өтіліне азық бола алмайды. Ақпарат ағыны күн сайын өзгеріп жатыр. Демек, ағысқа ілесіп, білімді жетілдіру, жаңартып жасақтау шарт. Келесі – жылылық пен мейірім. Баланы тоқпақпен емес, жүрекпен оқытайық деп әрдайым айтамын.

– Кәсіби мереке қарсаңында әріптес­теріңізге  лебізіңіз  болса…

– Барша әріптеске мереке құтты болсын! Абырой деген арғымақтан ешқашан түспеуін тілеймін. Шәкірттерінің жұлдызы  жарқырай  берсін.

– Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: