Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асхат Аймағамбетов: «Грантқа бірден түсе алмадым»

25.05.2020, 15:55 650

HALYQLINE.KZ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы түлектерді мектеп бітіруімен құттықтап, ҰБТ-да сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өзінің кешенді тестілеу тапсырған кезде грантқа түсе алмай, қайта тапсырғанын айтып берді. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

БҒМ Асхат Аймағамбетов елімізде алғаш рет қашықтан оқу форматындағы білім жүйесінде табандылық танытқан ұстаздарға, қолдау көрсеткен ата-аналар мен жауапкершілікпен атсалысқан оқушыларға алғыс білдірді.

«Қымбатты оқушылар, құрметті әріптестер, ардақты ата-аналар мен түлектер! Барлығымыз үшін биылғы 25 мамыр ерекше форматта өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталады. Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі.


Бүгін мен әрқайсыңызға жеке-жеке үндеу тастағым келіп отыр. Сіздер жаңа жағдайда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ерлік таныттыңыздар. Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіздер қиын жағдайға қарамастан, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқыту барысында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда төртінші тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті, бұл – білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға. Қиын кезде балаларына тіреу бола білген ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз. Сіздердің қолдауларыңыз, балаларыңызға үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік берді», – деді министр.

Иә, сын көп айтылды, дегенмен сіздер түсіністік танытып, жеңіл қабылдадыңыздар. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Оқушыларға деген ризашылығым шексіз. Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді. Енді, міне, білімге деген құштарлықты жоғалтпай, оқу жылын ойдағыдай аяқтап жатыр. Бұл – шын мәнінде ересек адамдарға тән қасиет, – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ, министр 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталды.

«Құрметті мектеп бітірушілері, колледж бен университет түлектері! Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі мол, жақсы адам, биік тұлға болатындарыңызға сенімдімін. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы, мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар. Алған беттен қайтпау – өте маңызды екенін білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру қажет», – деді ол.

Асхат Аймағамбетов өзі ҰБТ тапсырған кезде грантқа түсе алмағанын, бірақ бір жыл табандылықпен дайындалып, қайта тапсырып, тегін оқығанын атап өтті.

«Мәселен, мен мектеп бітірген соң бірден грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау тұрды: біріншісі – ақылы түрде оқу, екіншісі –  бір жыл дайындалып, кейін Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру. Сол кезде бір жыл дайындалып, тестті қайта тапсырамын деп шештім. Бір жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнадым. Нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткіздім», – деді ол.

Министр түлектерге ҰБТ-ның ең оңай сынақ екенін айтып, «қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпауға» шақырды.

«Жақында басым көпшілігіңіз ҰБТ тапсырасыздар. Тестілеуден қорқудың қажеті жоқ, бұл жай ғана сынақ, оның үстіне бұл өмірлеріңіздегі ең жеңіл емтиханның бірі болмақ. Айналадағы адамдар қолдарыңнан ештеңе келмейді десе де, табандылық пен сабырлық, күнделікті қажырлы еңбек пен алға қойған мақсаттарыңыз белгілі бір нәтиже әкелетінін естен шығармаңыздар.
Нәтиже өз бетімен келмейді, ол қателікпен қатар жүреді. Кішкентай кезімізден бізді қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау – біздің санамызға құйылып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым қалыптасты. Алайда бәрі қателік жасайды, ең бастысы – одан сабақ алып, тәжірибе жинақтай білу қажет. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау керек», – деді ол.

Сөзінің соңында түлектерге деген сенімін жеткізді.

– Сіздер Қазақстанның тарихында ғана емес, әлем тарихындағы ерекше түлексіздер!  Сіздер жақсы тәжірибе жинақтап, ой түйіп, әлемді жақсартуға үлес қосасыздар деп сенемін. Елге пайдасы тиетін жаңалық ашып, толағай табысқа жетесіздер деп үміттенемін. Сіздер тамаша кезеңде өмір сүріп жатырсыздар, өйткені қазіргі кезең – армандайтын, батыл шешімдер қабылдайтын уақыт.
Белгісіздік пен өзгерістердің уақытында сіздердің басты құндылықтарыңыз адалдық, әділдік, махаббат, қарапайымдылық пен батылдық болуы керек. Сәттілік серік болсын! Армандарыңызға қол жеткізіп, өмір құндылықтарын естен шығармаңыздар. Мереке құтты болсын!,
– деді Асхат Аймағамбетов. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: