Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мерейлі отбасыдағы» мерейлі мезет

15.08.2024, 14:15 174

Әр мемлекеттің күші, алтын арқауы ондағы тұрғындары мен отбасыларының ауызбіршілігінде жатқаны рас. Бүгінгі таңда отбасы құндылығын сақтау, ұрпақтар сабақтастығын дұрыс жолға қою – мемлекет басшысының ұстанған басты саясатының бірі десек қателесе қоймасымыз анық. Осынау қағиданы басшылыққа алған қазалылықтарда сәрсенбінің сәтті күнінде “Мерей отбасы – 2024” байқауының аудандық кезеңі жеңімпаздарын марапаттады. Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімін иеленген еңселі ғимаратта өткізілген шарада аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет байқаудың үздігі атанған отбасыларды құттықтап, лебізін білдірді.

– Қазақ халқы қашанда отбасын сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың киелі ошағы санаған. Сондықтан әрдайым көзінің қарашығындай қорғап, ар-намысын сақтауға, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Елімізде 2014 жылдан бері отбасы құндылықтарын нығайту, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал биыл аталмыш байқауға ауданымызда 23 отбасы қатысты. Қазылардың шешімімен жеңімпаз атанған отбасыларды шын жүректен құттықтай отырып, облыстық кезеңде де үздіктер қатарынан көрінуге тілектестігімді білдіремін, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудан әкімі байқауға қатысқан барлық отбасыларды «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы» сынды түрлі номинациялармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Қазалы ауданы бойынша іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлде Шәкішевтер отбасына бұйырды. Ал Байқадамовтар отбасы бірінші орын иегері атанды. Сол секілді екінші орынды Ақниязовтар иеленсе, үшінші орынға Орақбаевтар отбасы жайғасты. Салтанатты шарада байқауға қатысқан өнерлі отбасылар мен аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталмыш байқауда бас жүлде және бірінші иегері атанған, яғни Шәкішевтер мен Байқадамовтар отбасы Қызылорда қаласында өтетін облыстық байқауға қатысуға жолдама алды.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: