Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спорттағы айран…

14.08.2024, 17:35 321


Бүгінгі сатира

(«Супер сүмелектер» романымнан үзінді)

Шындық дегенде, шырылдай кететін бапкер Көңілбай Аңқылдақов «Айран жалайсыз ба?» деген әңгімесінің майын тамызып, айтқанда-а… «Мысалы, дейді ол спортзалда кездесіп қалған бір сәтте ойланып, – үкімет спорт саласына есепсіз қыруар қаржы бөле бергенше, тек, бір шелек айран ғана бөлетін болса… Әй, сол айраннан да, спорт шенеуніктері шелекке таласып қалады-ау?»

– Айран? – деймін мен қызығып.

– Тыңда. Бір күні біздің спорт басқармасына үкіметтен бір шелек айран бөлінді дейік?

– Ия?

– «Әй, бұл не?» деп сұрайды бастық, – деген Көңілбай аға екі дауыста орындай бастады. Спортта неғып жүр десеңші? Әртіс қой, әртіс!

– Бір шелек айран, – дейді бас бапкер.

– Қайдан?

– Үкіметтен.

– Жалап жатырсың ғой?

– Жоға, «қаймағы қандай?» деп қарап жатырмын… Спортшыларға бөлінген айран екен.

– Бір шелек айран кімге жетеді дейсің?

– Әшейін, саусақтарын батырып, сорады…

– Әй, бір жалап көрейік те? Сен жаламай–ақ қой.

– Кешіріңіз, мені бас бапкер етіп алғаныңызда, «бірге жалаймыз!» деп едіңіз…

– Осылай жалай беретіндігімізден ғой, спортшыларымыздың олимпиядалардан омақасасып жататындары…

– Соны біліп тұрып, министрден бастап жалай береді ғой? Қазақ спортының баяғыдан былыққа батқанын сіз де, біз де білеміз, біліп тұрып, «біздің жігіттер, біздің жігіттер!» деген ұранды әр көшеге ілеміз…

– Осылай халық айранын жалауға қалай ұялмайсың? Коррупция ғой? – деген бастық шелекке еңкейіп, бір жалап қойды.

– Осылай жалап жатқан кім бар? Көрдіңіз бе, не? – деген бас бапкер де, шелекке еңкейіп, бір жалап алды.

– «Жалайық, жалайық!» дейді ғой, ал жаладық, тағы сұраймын, спортшыларға жетеді ме?

– Нан батырып жейді, болды.

– Не үшін?

– Олимпиядалардан алтын алып келу үшін тоқ болады.

– Қоймадың ғой? Спорт саласына бюджеттен бөлінген айран болса, бәрімізге жетеді. Қазір әкім келеді, ол жаласын, сот келеді, ол да жаласын, прокурор жаласын! Сен жала, мен жалайын.
Бір кезде, әкім келді.

– Сендерге бюджеттен айран бөлінді дейді ме? Дәмін көрейінші деп келдім, – деп ыңыранады әкім.

– Былтыр бір бөшке қаймақ бөлінген, биыл бір шелек айран… – деді бастық лыпылдып.

– Жарайды, айран қандай екен?

– Айран ашып кетіпті… Түк дәмі жоқ… – деді бас бапкер қызғанып.

– Мейлі, ашыған айран, ашыған миға пайдалы.

– Айран іртік–іртік екен, – дейді бас бапкер желкесін қасып.

– Іртік айран ішіп көрмеппін, құйып жібер.

– Кешіріңіз, айран құрттап кетіпті…

– Құрттағаны жақсы. «Айран с мясом» болады, – деген әкім кеңкілдеп күліп еді, оған қосыла, анау екеуі жағымпаздана күлді. Тіпті, бас бапкер әкіммен ойнаған болып, иығына салып қалды. Әкім жақтырмай қарап, «мынаның мәселесін қарау керек!» деп ашуланып, кетіп қалды. Артынан басқарма бастығы жүгіріп барады. Одан кейін, өрт сөндірушілер бастығы, санэпидстанцияның тексерушілері, прокурорлар мен полицейлер жалап кетті. Ең соңында, сыбайластармен күрес бөлімінің қызметкерлері жетіп келіп, шелектің түбіндегі қалған–құтқан айранды жалап жатқан бас бапкердің қолын қайырып, ұстап әкетті… Мұндайда халық не деп айтушы еді? Есіме түспей тұрғаны?

Мұхтар ШЕРІМ,

dzen.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: