Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдағы сауықтыру кешенін білесіз бе?

17.07.2024, 9:20 379

HALYQLINE.KZ

Біреу білсе, біреу білмес, бірақ Арал қаласында бірнеше су ұңғымасы бар. Солардың бірі қаланың оңтүстік-шығыс беткейінде орналасқан. Кәдімгі қара жерден шығып жатқан ұңғыманың көзі жақын маңайдағы балалардың, тіпті ересектердің де жиі барып тұратын орнына айналғалы қашан. Алайда бір көңілді құлазытатыны – соның басындағы тазалықтың сақталмауы.

Ал оның қандай пайдасы бар? Ол жайында көпшілік біле ме? Білсе, қандай амал жасап жатыр? Міне, осы ой мазалап, жақында тағы бір бардық. Мұнда бармағаныма 3 жылдан аса уақыт өтіпті. Сол жылдардың көлемінде адам танымастай өзгереді деп ойламаппын. Себебі бұл жолғы көрінісі тіпті бөлек.

Жанындағы қоршалған аумаққа бірден көзіміз түсті. Көз түспеске қоймайды. Алыстан көк желегі көңіл аудартып, қауіпсіз етіп қоршалған аумақтағы ағаштар жайқалған жердің ішінде не бар екен деген сұрақ еріксіз мазалайды. Расында көкке аса бай емес Аралдан мұндай ағаштарды сирек кездестіреміз. Қоршалған аумаққа кіргеннен-ақ байқалды. Бір қарағанда кәдімгі гүл іспеттес көгеріп, бой көтеріп келе жатқан есік алдынан бастап егілген өсімдіктің ағаш екенін де білмедік. Алайда павловния деп аталатын бұл ағаштың түрі ерекше екен. 20 түп павловния өсіп шыққан сәтінде келушілерге тіпті керемет әсер берері сөзсіз. Себебі Қытай мен Жапонияда жиі өсірілетін бұл ағаш кәдімгі Сакура талы сияқты гүлдеп, көз қызықтырады. Сондай-ақ тағы бір ерекшелігі бұл сорлы аумаққа бейім. Тіпті сордан қуат алып, соның иісімен жетілетінін естігенде тіпті риза болдық.

Мұнан бөлек, тағы 20 түп арша талы отырғызылған. Алғаш осы аумақты қолға алған жергілікті азамат Мейрамбек Төлепбергеновтің еңбегі сол арша ағашынан-ақ көрініп тұр. Бүгінде кісі бойынан асып, көкпеңбек кейіпке енген осы мың жылдық өсімдіктен бөлек мұнан 30 түптей жеміс ағашын да көруге болады. Барлығы дерлік жеміс беруге дайын. Ал бұларды тамшылап суару әдісімен күтіп, баптап отыр.

Бұл тек ауланың көрінісі ғана. Ал осы ауладағы арнайы салынған орталықтар көпшілік ем іздеп, тынығуға аттанып жататын санаториялардан кем емес. Себебі әлгі біз айтқан су ұңғымасының адам денсаулығына пайдасын түсінген Мейрамбек былай дейді.

– Бұл 1978-1980 жылдары қазылған. Су ұңғымасының көзі 720 мерт тереңдікте жатыр. Сонау Кеңес үкіметінің кезінде-ақ мұның дертке шипа екені анықталған. Арнайы сараптамалар жасалған. Тұздылығы басым ұңғыма суын жұмысты бастардан бұрын бірнеше жерге апарып, тағы бір мәрте тексерттім. Ешқандай қасиетін жоғалтпаған. Сол себепті табиғаттың бізге берген сыйын жақсы жағынан пайдаға асыруды ойладым, – дейді.

Расында, бүгінде ол ойы жүзеге асып, сағатына 20 текше су шығатын ұңғыманың суына келетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді екен. Оған себеп келушілерге жасалған жағдайда болып отыр. Енді сол жайында айта кетейік.

Бірінші кезекте – тазалық. Тазалықсыз кез келген әрекеттің соңы сәтті шыға бермейді. Сол себепті әлгі біз айтқан нысандардың бірінде орналасқан арнайы джакузи әлсін-әлсін тазартылып, су айдау насосы арқылы толтырылып отырады. Сондай-ақ бір уақытта бірнеше адам сиятын джакузидегі су қалыпты түрде 40 градус ыстықты ұстап тұрады. Ол үшін арнайы «көгілдір отын» тартылып, сол арқылы қыздыру қолға алынған.

Мұнан бөлек ыстық судың рақатына бөленіп шыққан жандар сыртта орналасқан үлкен бассейнге түсіп, тынығуына, арнайы пар мен себезгі бөлмесінде болуына жағдай жасалған. Мұнан бөлек, тынығуға арналған орын да қарастырылған.

Міне, осындай сауықтыру кешеніне қазіргі таңда тәулігіне 15-20 адам келіп, денінің саулығын ойлағандар тұрақты түрде игілігін көріп отырған көрінеді. Бұл бастаманың иесіне де үлкен мотивация болғандай. Қазірде жанынан мұнан өзге де нысан салып жатқан ол ерекше дизайндағы жаңа кешенді жақын арада іске қосуды көздейді. Ал ол жұмыс толықтай аяқталғанда келушілер фитобөшкенің де пайдасын сезініп, тіпті арнайы жұмыс бөлмесінде де болуға мүмкіндік алады.

Тағы бір ерекшелеп айта кетерлік дүние – «Ақұдайлар моншасы». «Ақұдай» сөзі көпшілікке таныс болар. Жергілікті халықты сырттың азаматы осылай атағандықтан, жұмыртқадай дөңгеленіп тұрған бұл монша солай аталыпты. Оның бір ерекшелегі мұндағы ұңғыма суы өздігінен жылиды. Яғни ішіндегі бассейн суы күннің көзімен жылып, арнайы күннің сәулесін тартатын құрылыс затынан тұрғызылған.

Алдағы уақытта біз айтқан сауықтыру кешенінің жұмысы тіпті жанданатынын байқадық. Бүгінде су тұщыту қондырғысы, 2000 түп жергілікті жердің табиғатына бейім ағаш отырғызу секілді жаңа жобаларға ұсыныс берілгені соның айқын дәлеліндей көріндей.

Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отырған Мейрамбек ауқымы кеңейген жағдайда жұмыссыздарға әлі де пайдасын тигізуді көздейді.

Міне, бұл – бір ғана су ұңғымасы. Қаланың өзінде құрамы дәл осындай тағы екі ұңғыма бар. Қараусыз, далаға ағып жатқан сол ұңғымаларды іске асыра алсақ, онда Аралды да жұртшылық ауыздан тастамай айта жүретін болар еді. Жанға дауа, дертке шипа іздеген жандар жер-жерден Аралға бет бұратын болса, нұр үстіне нұр болар ма еді?!

Оңталап  ЖОЛДАСОВ.

tolqyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: