Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыз

16.07.2024, 10:15 423

HALYQLINE.KZ

Бір ауылда тұратын Көмекбай деген құрдасым «Ауылдағының ауызы сасық» дегенді түсінбей, аузын күндіз-түні жуа беріпті. Соны естіп күлгенім бар. Енді кеше Майлыбек деген құрдасым келді. Қабағы түсіп, әбіржіп кетіпті. Өзінің де пошымы пәлендей келісіп тұрған жоқ еді. Бүгін тіпті жаман-ақ.

Қазақта: «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген бар еді ғой, қазір «аузы қисық болса да, бастықтың баласы сөйлесін» дейтін болды. Майлыбек қайда барса да, оған сөз бермейді екен. Оған біреулер астарлап сөйлеп, «сенің аузың қисық емес» депті. Майлыбек оны қайдан білсін? Енді ол қайтеді туғанда аузы шүртік болса, аузы шүртиіп жүргені сол. Өткенде, жиналыста тым-тәуір бірдеңе айтқысы келген ғой, бір қайқаңдаған хатшы қыз келіп:

– Ағай, сіз сөйлемейсіз, аузыңыз қисық емес, – десе керек.

– Айналайын, аузым қисық болмаса, оған кім кінәлі? – деп, Майлыбегім шап ете қалыпты. Ол мақалды тікелей қабылдаған болуы керек.

– Я ничего не знаешь? – деген әлгі қыз. Майлыбек түк түсінбеген.

Мен де түк түсінбедім. Жақында Құрболат деген құрдасым, өзінің халық қалаулысы болуға лайық екенін іштей сезіп, сайлануға ұсыныс түсіріпті. Оның да құжаттарын қабылдамай қойыпты. Өйткені, аузы қисық емес…

Тағы бір Түктібек деген қол-аяғы жүн-жүн қап-қара, өгіздей құрдасым бар. Бейшара биыл қалаға көшіп келіпті. Жұмыс сұрап қаншама есікті қақса да, аузының қисық еместігінің кесірінен еш жерге қабылданбапты. Амалы құрыған Түктібек аузын қисайту үшін, көшедегі бұзақыға барып жалыныпты.

– Амансың ба, бауырым?

– Иә, аман болғасын жүрміз, – депті әлгі тентек

– Бір шаруа бар еді.

– Айтыңыз.

– Менің аузымды қисайтып бересің ба?

– Қуасың ба не?

– Жоқ, шын айтамын.

– Сосын сотқа бергің келіп тұр ма?

– Өліп кетсем де сотқа бермеймін, өтінемін, аузымды қисайтып беріңізші. Керек десең, ақша беремін, – деп, Түктібек тізерлеп отыра кетіпті.

Әлгі көшедегі сотқар аң-таң. Біреу тал түсте таяқ жеу үшін қолына ақша ұсынып тұрса, қалай таң қалмасқа…

– Қанша бересіз? – деді бұзақы.

– Бес мың тенге, жете ме?

– Жетеді, онда менімен жүріңіз, – деп, үйдің бұрышына барып, Түктібекті аузынан жұдырықпен салып-салып жібереді. Туғалы адам баласынан таяқ жемеген, амалы құрыған Түктібектің аузы қара қан болады. Екі тісі сол жерде түсіп қалады. Бірақ аузы қисаймапты. Сол баяғы қалпы. Бейшара құрдасым да мақалдың төркініне түсінбеген ғой. Тектен-текке таяқ жеп алды. Бірақ, түсінбесе өзінің обалы жоқ. Мен де қиналып жүрмін. Аузым өзіме ұнамайды…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото:  playroles.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: