Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туды кім тікті?

09.07.2024, 14:50 168

HALYQLINE.KZ

Жазғы демалыс. Жүрегім бірдеңе сезгендей түнімен ұйқым тыныш болмады. Ояна беремін. Таң атпай қалта телефоным шыр ете қалды.

– Нұреке, амансың ба? Театрдың төбесіндегі тудың тігісі сөгіліп кетіпті, тез арада қалпына келтіру керек, – деп, басқармадан бір жігіт телефон соқты. Шошып кеттім. Бұған дейін де сол тудың сөгіле беретіні маған мәлім.

Қобда ауданына тойға келіп едім, таксимен зымырап Ақтөбеге жеттім.

Үйінен шаруашылық жөніндегі орынбасарымды шақырып алдым.

– Туды кім тікті?

– Қайда, Рейхстагқа ма? Әрине, Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаев тікті. Мен оны тарих кітабынан оқыдым.

– Жоқ ол емес, театрдың төбесіндегі желбіреп тұрған туды кім тікті?

– Аа, ол туды театрдың қызметкері Майлыбай Адамболов тікті.

– Сен тағы түсінбедің, осы туды кім тігеді? – деймін

– Неге?

– Туды ілгенімізге бір ай уақыт болған жоқ, айналасы іріп сөгіле береді.

– Ымм, білмедім, арнаулы дүкеннен сатып аламыз, – деді, орынбасарым міңгірлеп.

Театрдың төбесіндегі туды ауыстыру да оңай шаруа емес. Арнайы төбеге шығатын баспалдағы жоқ. Шатырға өрмелеп, бір Құдайға сеніп шығады. Ол да ту туралы айтсаң, қабағы түсіп кетеді.

Шынымен де, осы туларды кім тігеді екен? Баяғыда кеңес үкіметінің қызыл жалаулары қанша жыл төбеде желбіреп тұрса да, күнге күйіп ағарғаны болмаса жыртылмайтын еді. Рас-өтірігін қайдам, туды темір қосылған арнайы матамен тігеді деп естіп жүрдік. Ал, қазіргі біздің тулар ұзаққа бармайды?

Қайда жүрсек те, «туымыз жыртылып қалмады ма?» қорқып отырамыз.

Ұят қой. Мемлекеттік туымыздың ауа райына төтеп беріп, берік болғаны жақсы емес пе? Жел тұрса, сөгіле беретіні намысқа тиеді.

Осы туды тіккендерді елсіз далаға апарып, жақсылап «тіктіріп алу» керек шығар. Әйтпесе, жалауымыз жыртыла береді?..

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Көрнекі  сурет  stan.kz  сайтынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: