Қазақ халқы қай кезде де ел ертеңіне алаңдап, болашағы ұрпақтың тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Тұтас ұлттың, өз халқының аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан түрлі. Мектепте оқушыларды тәрбиелеудің сегіз бағыты болса, соның ішінде, жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Тәрбиенің бұл бағыты жастарды өз Отанын сүюге, елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Қазақ халқының біртуар батыр ұлы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы патриотизм туралы: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну,өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау» деп анықтама берген.
Әскер әлемінде «кадет» дейтін ұғым да, термин де бар. Жалпы, ұғым ретінде ол 13-17 жас аралығын қамтиды. Француз тілінен аударғанда «кіші», қазақша «жасөспірім» деген сөз екен. Ал, әскерде кадет ұғымы «жас, көкөрім» деп де қабылданады. Мысалы, әскерге жаңа алынған бозбаланы «кадет» деп атауы ғажап емес. Ол – жас жауынгер, көкөрім солдат. Бірақ, кадет сөзі міндетті түрде оның әскери адам екенін әйгілейді. Осы орайда, болашақта ел үмітін ақтайтын, Отанына адал қызмет қылатын азат болып қалыптасады деген мақсатта Төретам кентінде №85 мектепте 7-сыныптар арасынан «кадет» сыныбы ашылды. Ондағы мақсаты отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін нығайту және іскерлік қабілеттерін қалыптастыру болатын. Сыныпта барлығы19 оқушы бар. Мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Д.Бибітбаевтың көмек беруі арқылы, сынып жетекшісі Майра Үргенішбаеваның жетекшілігімен сынып белсенділігі артып, жаңадан әскери форма киіп, сап түзеп, балалар ерекше серпіліспен әскери өмірге қадам басқалы тұр. Кадет сыныбының оқу бағдарламасы негізінен әскери-медициналық дайындық, өртке қарсы, қолөнер, сап дайындығына қатысты сабақтар енгізіледі.Осылайша, оқушылар тиісті теориялық және физикалық дайындықтан өтіп, мамандық таңдауда өздеріне тірек болатын қарым-қабілеттерін дамытады.
Қандай да бір керемет ұжымның артында іскер басшы тұрары хақ. Бұл істі қолға алған, мектеп директоры Шингисова Шаттық Мұамбетқалиқызы болатын. Әрбір баланың болашағына жарық сәуле шаша білген ұстаздардың бұл бастамасы балалардың көпшілігінің өз өмірін құтқару қызметтерімен байланысуы да мүмкін. Негізінен оқу процесіне кедергі келтірілмейді, керісінше сынып оқушылары қандай жағдайда да толық маман ретінде дайын тұрады. Жақында осы «кадет» сыныбының ашылуы ауқымды түрде өткізілді. Іс-шараны Қармақшы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сақтабаев Өмірбек Жаңабайұлы мен Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Абдазиева Гүлзира Мәжитқызы ашып, оқушыларға кадет сыныбының ашылуы жөнінде толық мағлұмат бере отырып, «кадет сыныбының жұмысы оқушыларды азаматтық-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге елеулі үлес қосады» деп сөзін қорытындылады.
Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын күзетіп, өмірін Отан қорғау ісіне арнауға бел буып отырғандар да бар. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу», демекші, болашақ жас сарбаз, Отан қорғаушы азаматтарға сәттілік тілейміз!
Назира ЖАКИПОВА,
№85 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Төретам кенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!