Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектеп бітірушілердің мәселесі

23.05.2024, 12:00 310

Мамыражай  мамыр – түлектердің толқып, қобалжитын кезі. Мамандық таңдаудың машақатын сезініп, мектеп бітіру кешін тойлаймыз деп тыпыршиды. Соңғы жылдары дүбірлі думанға тыйым салынып, өткізу форматына өзгеріс енді. Оның да өз себебі жоқ емес. Биыл 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. Ал апаттық аймақтағы бітірушілер түлек тойына емес, тестілеуге бас қатырып дал. Бұл мәселе назарға алынып, шешімін тапқан тәрізді. Сонымен, соңғы  қоңыраудың  сыңғыр  үні  кімге  қалай  әсер  етпек?

ҮЗДІКТЕР  ҮМІТТІ  АҚТАЙ  МА?

Төрт тоқсанды түгендеген түлектер оқу жылының соңында білімін таразылайды. Әсіресе «Алтын белгі» үміткерлері тиісті ұпайды жинауға тырысады. Мұның бәрі – санаға салмақ. Үздік болғанның өзінде кейде бақ пен баптың сыры басқаша болатыны белгілі. Биыл елімізде 3,8 млн  оқушы  кезекті оқу жылын  аяқтайды  екен.

– Бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті 341 мың бала тамамдайды және 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. 7 704 жас түлек – «Алтын белгіге» үміткер. «Мектеп түлектеріне арналған «Мекте­бім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-­шара 25 мамырда өтеді. Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленді. 9 және 11-­сынып бітірушілерінің  қорытынды  емтихандары 29 мамыр-11 маусым  күндері  өтеді, – деді  Оқу-ағарту  министрі  Ғани Бейсембаев.

Осы  ретте  министр «Алтын белгіге» үміткер­лермен кездесу  өткізді. «Білім – инемен құдық  қазғандай»  десек, осы жолдағы бейнеттің береке бұйыртатыны белгілі. Әрі  табысқа  жеткізетіні де ақиқат.

– Білім – бұл кез келген табыстың іргетасы. Сендер­дің биік мақсатқа жетуге деген талаптарың мен табандылықтарың қуантады. Мектеп қабырғасында белсенді болып, өздеріңізден кейінгі оқушыларға үлгі бола білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биылғы жылы 186 мың мектеп бітіруші өміріндегі жауап­ты сәтке қадам басқалы отыр. Әрқайсыларыңыз алдағы емтиханды сәтті тапсырып, өз мақсатта­рыңызға қол жеткізесіздер деп сенемін. Сіздерге білім жолында үнемі ізденіс пен талпыныс, табыс пен сәттілік тілеймін, – деді  еліміздің  бас  мұғалімі.

Олай болса, облыстағы көрсеткішке оралайық. Биыл 11-сыныпты 8 240 түлек тамамдап, үлкен өмірге аяқ баспақ. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 589. Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі 5 шілдеге дейін жалғасады. Яғни, түлектердің 89,7 пайызы қатысады деп  жоспарлануда.

– Осы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне өтініштер қабылданды. Мектеп бітірушілер осы тестілеу­дің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грантқа қатысуға мүмкіндік алады. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Арал қала­сы, Әйтеке би және Жаңақорған кенттерінде орналасқан. Тағы бір айта кететіні, «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың жазбаша емтихандарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексеретін болады. Бұл – «Алтын белгіні» тек лайықтылар алады деген сөз. Яғни, комиссия жұмысында ашықтық пен әділдік қатаң сақталады. Сонымен қатар, биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі, 27-31 мамыр аралы­ғында 5-8-сынып оқушылары және 10-сынып білім алушылары бірінші рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыратын болады, – деді облыстық білім  басқармасының  басшысы  Асқарбек  Есжанов.

Шындығында, өмірде сан түрлі сынақ кездеседі. Ұлттық бірыңғай тестілеу соның бірі ғана. Шекті балл алмадым деп шеке тырысқанымен, түңіліп кетуге болмай­ды.   Десек  те, 11 жыл  бойы  көш  басында  жүрген үздіктер үмітті ақтайды деп сенеміз. Әсіресе «Алтын белгі» иегерлері алған бестік бағасын дәлел­десе,  нұр  үстіне  нұр.

ТҮЛЕКТЕР  ТОЙЫ:  ТОЙЫП  СЕКІРУ  СӘН  БЕ?

Мектеп бітіру кешінің аста-төк тойға айналғаны жасырын емес. Әрине, бұл – ата-ананың қалтасына салмақ. Қуаныш пен тойды қазынаға балағаны­мызбен, көрпеге қарай көсілу де керек. Ең маңыз­дысы – бала қауіпсіздігі. Көлікпен кортежге шығып, көшені шулатып жүру де ерсі. Тіпті, той соңы түлектердің төбелесімен аяқталған кез аз емес. Ойыннан от шығуы бір сәтте. Сауық-сайран­ның соңы сан соғып қалумен аяқталмас үшін талап пен тәртіп қажет-ақ. Бірнеше жылдан бері көптің талқысына түскен  мәселеге  көзқарас  әртүрлі.

– Бала үшін бәріне дайын боламыз ғой. Қалауы­на құлақ асып, тілегін орындауға тырысам­ыз. Банкет пен салон, арнайы киімі де қаржыны қажет етеді. Мектеп бітіруге жақын қалғаннан ақша жинау басталады. Табыстан шашау шығармайын десең де, бала көңілін тағы қимайсың. Мектеп бітіру кешіне тәртіп енгізілгені де жөн. Өйткені, толқыныспен, алып-ұшпа көңілмен қателік­ке ұрынып қалатыны жасырын емес. Бала қуанышына қосыламыз. Бірақ ата-ана ретінде думан дабыл қағумен аяқталмаса екен, – дейді  А.Сапар­қызы.

Иә, білім ұясынан қанат қағу – есте қаларлық ерекше сәт. Бірақ түлектердің түрліні ойлап тауып, ұлан-асыр тойы жасауы ұтқыр шешім емес. Биыл да мектеп бітіру кеші кең көлемде атап өтілмейді. Су тасқыны болған аймақтағы жағдай да мәз емес. Сондықтан, танымдық бағыттағы іс-шара­ларды рет-ретімен өткізу жоспарланған. расымен де түлектің білімі бағаланып, қауіпсіздігі қада­ғаланатын  шақта  шикіліктің болмағаны жөн. Содан болар, министрлік мәлімдеме жасап, өткізу тәртібін  қатаң  қолға  алады.

– Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатындығын қатаң ескертемін. Осыған орай, оқу бағдарламаларын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 мил­лионнан астам еліміздің оқушылары келесі сыныптарға көшірілсін. Мектептің 1-10-сынып оқушыларына «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында  «Ынтымақ айы» айлы­ғын өткізу жоспарланған. Оның аясында «Таза Қазақ­стан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және тағы басқа іс-шара­лар  қарастырылған, – деді  министр  Ғ.Бектайұлы.

Түптеп келгенде, аталған іс-шараны ысыраппен емес, жоғары мәдениетпен өткізу керектігі айтылды. Биылғы бас­тама болашақ түлектер арасында дәстүрге айналады деген сенім бар. Сондықтан, жаңа форматтағы іс-шараны шектен шықпай атап өту  маңызды. Бұл – жүктелген  жауапкершілік.

Ішкі істер министрлігі де түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Яғни, әрбір оқу орнына жауапты полиция қызмет­кері  бекітілмек.

– 25 мамырда еліміздің барлық мектебінде оқу жылының аяқ­талуына арналған сынып сағаттары өткізіледі. Салтанатты іс-шара­лар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараны қабылдайтын болады. Патруль­дік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады. Соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, мектептердегі «Соңғы қоңырау» аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлек іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкініштісі сол, жасөспірімдердің  көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға  әкеліп  жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қала­сында  болды. Одан  бөлек,  ата-аналардың  бақылауынсыз  балалар ты­йым  салынған жерлерде суға түсіп жатады. Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су айдындарының шомылуға жабдықталмаған жерлерінде жасөспірімдердің суға кету жағдайлары тіркелді. Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажетті нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз, – деді  депар­тамент  бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Мерекелік  мезетті  өткізу  тәртібі  өңірде  де  айтылды.  Ысырапшылдық  ырыс­ты  арттырмайды.

– ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің арнайы тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес, 24 мамыр күні 1-10-сынып аралығында «Білімім – Отаныма» атты тәрбие сағаты өтеді. Дәл сол күні 9-11-сынып оқушылары «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында эссе жазады. Ал, 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында мектеп түлектеріне арналған іс-шара өтеді. Іс-шараға мектеп түлектері міндетті түрде мектеп  формасымен қатысуы қатаң бақыланады. Бұдан бөлек, мектеп бітіру кештерін өткізуге, қала сыртында экскурсиялар жасауға, мерекелік дастарқан ұйымдас­тыруға қатаң түрде тыйым салынады. Аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы 14 мау­сым күні «Жолың болсын, Жас түлек!» тақырыбында мектептердің мәжіліс немесе спорт залдарында өтеді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбек­ұлы.

Түлек үшін дүркіретіп той жасау міндетті емес. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан білім ұясымен әдемі қоштасу да жетіп жатыр. Шығыннан бұрын амандық  маңызды. Жас  түлектерге  сәттілік  серік  болсын  дейміз.

Яра  АХМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: