Мопед тізгіндегендердің салғырттығынан елімізде былтыр жол апаттарының саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы аталмыш көлік құралына қатысты 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 39 адам көз жұмып, 730 адам жарақат алған. Қаншама адамның өмірі мен денсаулығына орасан зардабы тиген қатынас құралына қатысты жауапкершілік көзделмеген. Осы олқылықты ретке келтіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ішкі істер министрлігімен бірігіп, жаңа заң жобасын талқылау үстінде.
Мәселенің мәнісіне айналған мопедке қатысты қолданыстағы заңнаманы ақтаратын болсақ, алдымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Жол жүрісі қағидаларына мойын бұрамыз. Мопед жүргізушілері заң шеңберінен аттаған болса, Кодекстің 596, 612, 615-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ 440-бап бойынша мопедті қоғамдық орында масаң күйде тізгіндегендерге бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
– Ал Жол жүрісі қағидалары бойынша бұл көлік құралын тек он алты жасқа толған адам басқаруға құқылы. Өткен жылдың тамызында енгізілген өзгеріске сай, мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Тағы бір айта кететіні, мопед жүргізушілері рөлді бір қолымен ұстауына болмайды, көлік құралын қос қолдап басқаруы тиіс. Оларға жолаушылар мен ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асатын жүктерді тасымалдауға болмайды. Сонымен қатар Жол жүрісі қағидаларының 171 және 172-тармақшасы бойынша жол жүрісін қамтамасыз етуге арналған басқа да ескертпелер бар. Жаңа заң жобасы аясында жауапкершілікті арттыру негізінде біршама өзгеріс енгізілмек, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Аға инспектордың айтуынша, жыл басталғалы бері республика бойынша жалпы 4000 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 171-іне мопедшілердің қатысы бар. Үш айдың ішінде соның салдарынан бір адам қайтыс болса, 173 адам түрлі дене жарақатын алған. Салыстырмалы түрде өткен жылдың есепті мерзіміне қарағанда өсім байқалады. Бүгінде мопед жүргізушілері жол беретін заңбұзушылықтар бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. Сәйкесінше, мұнда мопедшілер саны да жоғары. Мәселен, 171 жол-көлік оқиғасының 160-ы осы қалада болған. Одан кейінгі санатта Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары тұр. Сөзімізді дәлелдей түссек, осыдан бес күн бұрын Алматы қаласында жоғары жылдамдықпен келе жатқан мопедші бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп кетіп, тағы бір мопедке соқтығысқан. Одан соң LEXUS GX460 көлігіне қақтығысқан. Мопед сол бойда бөлшектерге бөлінген. Мопед жүргізуші басына шлем кимеген. Жедел жәрдем жеткенше мопед тізгініндегі 21 жастағы жігіт ауыр жарақаттан көз жұмды.
Ал былтырғы статистикаға көз жүгіртсек, Алматы қаласы мен облысы көш бастаса, одан кейінгі орындарда Астана қаласы мен Қызылорда облысы мопедшілері тәртіп бұзған.
Мопедшілердің қаққан қазықтай болып, тәртіп бұзбауын қамтамасыз етуге арналған жауапкершілік қарастырылмаған. Қазіргі таңда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары дәл осы тақырыпты талқыға салуда. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның бастамасымен осы мопедке қатысты мәселе көтеріліп, бүгінде бұл тақырып жан-жақты қарастырылып жатыр.
Қолданыстағы заңға сәйкес, бүгінде мопедтер тіркелмейді және оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін бәрі бұрынғыдай болмайды. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, жаңа заң жобасының аясында мопедті «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі барлар ғана жүргізе алады. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары түзетулер енгізілгеннен кейін мопед жүргізушілерінің қозғалыс тәртібі реттелетінін айтты. Сәйкесінше министрлік еліміздегі мопедтерді тіркеп, тексеретінін де хабарлады.
– Тағы бір маңызды норма: әкімдер скутерлердің қызметін реттеуге өкілеттік алады. Олар өздерінің қосымша ережелерін белгілей алады, қайда қозғалуға болады, қайда жүре алмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек деген ережелерді өздері реттейді, – деді Игорь Лепеха.
Айта кетерлігі, мопедке қатысты жол апатының саны соңғы 2-3 жылда күрт өсіп отыр. 2022 жылы елімізде мопед қатысқан жол апатының саны 2021 жылмен салыстырғанда үш жарым есеге жоғары болған. Тиісінше жараланған адамдар саны үш есеге артқан. Бұл бір жағы заңда талап жоқ болғандықтан, мопед жүргізушілерінің тайраңдауына әкеп соғып отыр. Мәселен, жуырда жолдан адам қағып, қашып кеткен атыраулық мопедшіні ұстаған тәртіп сақшыларының әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кең тарады. Мопедші жасөспірімді қағып кетіп, бой тасалауға тырысқан. Бейнебақылау камераларының көмегімен мопед жүргізушісін тоқтату кезінде құқық бұзушы полиция қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған. Бірнеше көше қиылысынан соң, полиция қызметкерлерінің жолын кесуімен Атыраудағы Құрманғазы көшесі бойында тоқтатылған. Тексеру барысында мопедші мен оның қасындағы жолаушының 17 жастағы жасөспірім екені анықталды. Осы жағдай бойынша көлік құралы полиция басқармасына жеткізіліп, тиісті іс-құжаттар жинақталуда. Айта кетерлігі, полицейлер ұстаған мопедші де, оның серігі де ешқандай дене жарақатын алмаған.
Тұрғындар мен мамандар мопедшілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды көптен сұрап жүр. Бірақ заңда нақты белгіленбегендіктен, полицейлер оларды жазаға тарта алмады. Енді заң күшіне енсе, жолдағы жайсыздықтың азаяры сөзсіз.
Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!