Бертінде қазақтың әкімқараларынан құралған делегация Қытайға жұмыс сапарымен барыпты. Сонда қытай тарапы келіссөзді бастамай, біздікілерді күтіп отыра беріпті. Ақыр соңында жасы алпысты алқымдаған шүршіт шенеунік шыдамай кетіп, «басшыларың қашан келеді?» деп сұрапты. «Келдік қой, отырмыз ғой алдарыңызда» дейді біздікілер. «А, онда бастайық» деп жымиып, жиынын жалғастырыпты. Бұл болған оқиға деседі. Айтқыштар аз-маз дәмдегені де көрініп тұр. Әзіл-шыны аралас осы әңгіменің шыққаны біздің намысымызға тиді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, «барып кел, шауып кел» кескін-келбеттерге қытайлардың мұрнын шүйіретіндей бар ғой…
Қазіргі әкімдерге көзқарас бөлек, көрінгенде «товарный видімен» қоса, тауары мықты болса, мысы мен «мышлениесі», сөзі мен сесі қатар менмұндалап тұрса дейсің. Ойлап қарасаңыз, әкім дегендер де бір қауым ел ғой. Облыстардың, қалалардың, аудан, ауылдардың дегендей… Өкініштісі сол, көпшілігінде мың жерден дүниенің оқуын түгел тауысқан болса да, жұрт қызығып, қызғанып қарайтын қайраткерлік харизма, көшбасшыға тән мінез жоқ. Халықтың сеніміне әртүрлі айла-шарғымен кіріп баққанымен, соңына ерте алмайды. Көпшілікті аузына қаратып, біріктіретіндей беделі жоқ. Көпті көрген қариялардың ойын сұрасаңыз, бүгінгі аудан әкімдері Кеңес Одағы тұсындағы мектеп директорларының қолына су құюға жарамайды, ал осыгүнгі облыс әкімдерінде колхоз-совхоз басшылары ғұрлы абырой жоқ деп айтар еді. Халықтан өзін биік санайтын, қарамағындағылармен дөрекі сөйлесетін, төрт дипломы болса да әліпті таяқ деп білмейтін, мәдениеттен жұрдай әкімдер де бар бір өкініштісі. Кейбір әкімді өз аумағының тұрғындары да танымайды. Сын-сағаттарда заңды жастанып, бюрократияны бүркеніп жатып алады. Жаттанды жауап пен жасанды пиардың шеберлері. Мұның шет-жобасы соңғы кездері болып жатқан сынақтарда байқалып қалғандай. Ислам Әбішев айтпақшы, «өзіне жауапкершілік алғысы келмейтін әкім, министрлер бұрын да болды, қазір тіптен масқара».
Ал, мемлекеттің қабырғасын қаласқандарда бізге ұнамды қасиеттер бар еді, халықты өзіне қызықтыра алатын қабілет бар еді. Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Серік Ахметов, Асқар Мырзахметов, Мұхтар Құл-Мұхаммед… салмағы ауыр, ой-өрісі кең азаматтар. Мемлекеттің қай жұмысына салсаң да жыртығыңды жамап, қисығыңды түзулеп, жоғыңды бүтіндеп шығушы еді ғой. Ең бастысы, халықтан қорықпайтын! Ал, қазіргілер – макияжсыз көшеге шығудан қорқатын қыздардай… Жоғарыдағы алыптардың айыбы да, артықшылығы да ауыспалы кезеңде саясат сахнасынан көрінгенінде шығар. Есімдерін ескі жүйе «еншілеп», сойларын сойылсоғушыларға «тоғытып» қойды уақыт… обалдары зейнеткерге. Расымен, олардың алтын уақытын шал ұрлады ғой. Үлкен ерекшеліктері, барлығы «обкаткадан» өткен. Аймағыңа да, қаймағыңа да жарап тұр. Жастайынан лауазымды қызметтің түр-түрін жасап, тәжірибелері толысқан. Ескі жүйенің жақсы жері кадрлары екшелген, оқыған еді ғой. Қазіргі саяси элита өкілдерінің көбінің кескін-келбетінің өзі халықтың көңіліне сенім ұялатпайды. Бұларды мен емес, халықтың өзі айтып жүр!..
Бұрынғылардың құнының жоғарылығы – көненің көзі, асылдың сынығы саналатын ақсақалдар мен әжелердің тәрбиесін көргені, халқының дәстүрімен, ұлттық құндылықтарымен біте қайнасып өсуінен ғой. Қарапайым қарым-қатынасымен, шынайы болмысымен, өзіне сенімділігімен халықтың көңілінен шығып кете беретін харизмасының орнын миллиондаған қаржымен алаулатып-жалаулатып, бір жыл бойы қолдан жасаған пиарың баса алмайды.
Серік Ахметов, Қырымбек Көшербаев сұхбат берер болса, сарапшы-саясаткерлер әлі де елең етеді, күтеді, әр сөзінің астарына дүрбімен үңіліп, тәпсірлеуге бар ізденісін арнайды. Ал ТМД, әсіресе, Ресей билігіндегілер, политтехнологтар Иманғали Нұрғалиұлының әр сөйлемінің астын сызып оқитынына күмән жоқ…
Негізі, саяси элита жасарып, дұрысы майдаланып кетті. Күніміз 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылғыларға қарап барады. Жастардың өсіп-өнгеніне қарсылық жоқ. Бірақ кадрлық саясатта сабақтастық деген болады. Сол үзіліп бара жатқан секілді. Біз айтқан «бұрынғылардан» кейінгі буынның арасында кәнігі тісқаққан, харизмасы қуатты қайраткерлер де, яғни қырықты алқымдап, елуді еңсерген абыройлы азаматтар да ескерусіз қалып қойды. Оларды облыс әкімінің орынбасары, комитет төрағасы, квазисектор басшысы лауазымынан асырмай жатыр. Бірақ потенциалы орасан зор. Тұтас бір министрліктің, тұтас бір облыстың жүгін арқалайтын, жұмысын шырқ үйіретін патриот азаматтар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Іштеріңіз сезіп отырған шығар. Ал олардың «школасынан» өткен, солар тәрбиелеген жігіттер мансапта жолы болып, өздерінің үстінен қарайтын қызметтерді тізгіндеп отыр…
Мемлекеттік аппаратта буын алмасу үдерісінде кем-кетіктер қиын-қыстау кезеңді тудыратынын да естен шығармауымыз керек. Сөзімізге тиек қылған «тас дәуірін» көрген «тяжеловестердің», сегіз қырлы бір сырлы «тісқаққандардың» тастаған таяғын әкеліп беруге жарамайтындардан күйіп отырмыз ғой қазір… Сын сәттерде осы азаматтардың тәжірибесі жетпей жатқандай.
Қазақ қоғамы өзінің ӨР, ЕР мінезді қайраткерлерін әлі ұзақ аңсайтын сияқты…
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
журналист
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!