Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ футболын талапайға салушылар кімдер?

12.04.2024, 16:00 1294

HALYQLINE.KZ

Неге Антикор қазақстандық футболды қолға алды және бұған Ресей азаматтарының қандай қатысы бар? Дәл осы сауал футбол жанкүйерлерімен қатар басқа да отандастарымызды толғандыра бастады, деп жазады Mezgil.kz

Осы толғаныс БАҚ бтетерінде де, әлемжелілерде толғақты тақырыпқа айналып үлгерді. Біздің сайт та осы жұртты толғандырған тақырыпқа өзінше ой жүгіртуге талпыныс жасауға тырысты.

Осы қалыптасқан жағдайға қазақ билігі қол қусырып қарап отырмай іске кірісті. Неге Антикор қазақстандық футболды қолға алды және бұған Ресей азаматтарының қандай қатысы бар?

Ведомствода спорттық функционерлер инфрақұрылымды дамытудың орнына бюджетті легионерлердің жалақысына жұмсайды деген сенімді ойға келе бастады.

Өйткені, биылғы көктем қазақ жанкүйерлерінің жігерін құм қылды десек те болады. Бастапқыда құрамамыз шашасына шаң жуытпай, Еуропа чемпионатында өнер көрсетеді деген арманымыздың күлі көкке ұшты. Естеріңізге сала кетейік, гректерден 0:5 есебімен жеңілдік. Бұны хош дейік, жұрттың бәрі қалпақпен ұрып алатын Люксембургпен өткен жолдастық матчта 1:2 есебімен есе жіберіп алғанымызды немен ақтауға болады?

«Бақсақ, бақа екен» дегендейін, 3 сәуірде Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес барысында жарияланған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректері бойынша 30 миллиард теңге қаржыны біздің футбол функционерлері легионер ойыншыларға, яғни жай ғана шетелдік, әрдайым білікті емес футболшыларға үстеме лимитті асыра төлегені мәлім болды.

Бұл әрекет футбол десе ішкен асын жерге қоятын әр жанкүйерге бұрыннан белгілі болатын. Мәселе тек спорт шенеуніктерінің «кеңпейілділігінің» қазақ футболының тағдырын неге апарып соқтыруына келіп тірелді. «Қазақ футболының тағдырын талапайға салушылар кімдер деген сауал қойылған шақта «орыс ізі» алдымызды кескестегені жасырын емес. «Неге ресейліктер қазақ футболының қазанының қақпағын ұстап отыр?» деген сауал заңды түрде туындап, әркім оған өінше жауап іздеуге кірісті.

ҚАЗАҚ  ФУТБОЛЫНДАҒЫ  РЕСЕЙ  ІЗІ

Өткен жылы жанкүйерлер ел құрамасының айбындылығын айызы қана сөз еткені жасырын емес, Қазақстанның Еуро-2024-ке жолдама алуы тарихи мезет болады деп ел ұлардай шулаған шақта, көзі ашық мамандар қазақ футболының қазанының қақпағын ұстап отырғандардың кесірінен: «Бізге континентальдық турнирге әлі ерте» деп тікелей мәлімдеді. Бұл ретте спорт сарапшыларының келтірген «уәжді» дәлел – кәсіби даярлаушы іргетастың жоқтығы болды.

Бұл фактіге журналист Ербол Қайыров ерекше назар аударды. Елімізде қай салада болмасын спорттық инфрақұрылымның тоқырауға ғана емес, терең күйзеліске ұшырап отырғаны жасырып жабатын жай емес. Футболға қатысты айтатын болсақ, стадиондардың, манеждердің, алаңдардың, академиялардың жоқтығы, өңірлерде балалармен жұмыс істеудің әлсіздігі бар.

Ал кәсіби футболды басқаруды басы бүтін ресейліктерге сеніп тапсырдық. Мысалы, КФЛ-ны (кәсіби футбол лигасын) ресейлік армян Рафаэль Гарибян басқарады, ол жергілікті, яғни отандық мамандарға:

«Қазақстанда жібі түзу мамандар жоқ. Еуропаның қазақтан ауылы алыс болғандықтан қажетті мамандарды Ресей, Беларусь және Украинадан шақырған дұрыс», деген үкім шығарып тастады.

Өз суын ішіп, уақытша нәпақа тауып отырған жердің футбол мамандарын іске алғызсыз қылушы Рафаэль Гарибян ғана емес, оған дейін осы қызметте болған, ал қазір ҚФФ (Қазақстан футбол федерациясы) вице-президенті Рохус Шох бұрынннан бері жалғастырып келеді. Рохус Шох өз атқарған қызметі арқасында қазақ футболының маңдайын жарқыратамын деп уәде бергені де бар-тын. Ресейлік блогер «KraSava» өзінің YouTube-каналындағы Қазақстандағы әйелдер футболы туралы ролигінде ауызына келгенді айтатынын қосып қойсақ, ресейліктердің қазақ футболы мен оның мамандары жайлы түсінігінің қандай деңгейде екенін ұғынып үлгересіз.

Хош, Антикорға қайтып оралайық. Кез келген басқа елде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің миллиардтаған артық төлемдері жайлы және сыбайлас жемқорлық схемаларының жария хабарлауы ашық күнгі найзағайдай болар еді. Алдын алу шаралары дереу қолға алынған болған болар еді.

Бізде бар болғаны бейжай тыныштық. Бұ дүниедегі қазақ футболы күйіп кетсе де тымсырайған үнсіздік.

Қазақ футболының қазанының қақпағын ұстап отырғандар аузына су толтырып алғандай түсініктеме беруге де еш асықпайды. Жаман үйді қонағы билейді деген осы да. Біздің футболды келімсектер билек билеп отыр. Бірдеңе десең болды, тапқан таянғандарын жинап алып, табандарын бірден жылтырата салады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ  ТАПСЫРМАСЫНА  ПЫСҚЫРЫП  ТА  ҚАРАМАЙДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тексерістен кейін жасаған қорытындысына қарағанда, Қазақстанның футбол функционерлері мемлекет басшысының нақты тапсырмасын не естімеген, не түсінбеген. Естіп, түсініп не керегі бар, қазақ жеріне ақша жеу үшін келген жоқсың ба?

Осы орайда Антикор: «Президенттің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу жөніндегі тапсырмасына қарамастан, соңғы үш жылда еліміздің футбол кәсіподақтары үстеме лимиттен 30 миллиард теңгеден астам қаржы төледі. Жеке спорт инфрақұрылымын дамытудың орнына бюджет қаражаты легионерлерге төлеуге және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалады», деп бұлқан-талқан болады.

Бұл ретте ведомствода «жоғары жетістіктер», яғни кәсіби және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы теңгерімсіздікке назар аударды.

«Қаржыландырудағы сәйкессіздік жемқорлық схемаларының негізі болды. Егер бұқаралық спортта қазір жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істесе, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, ең төменгі бақылау, барлық жерде қатысушылардың аффилиирленуі, жалған алымдар мен қосарлы қаржыландыру үшін жағдай жасалған», – деп атап өтті агенттік төрағасы Асхат Жұмағали.

ЛИМИТТІ  ЖОЮ

Оған қоса, Қазақстанда шетелдіктерге артық ақы төлеп қана қоймай, басшылық лауазымдарға әкесінің үйінде жүргендей еркіндікпен бірден қонжия салуына жол берілген. Керек десеңіз, оларға жарыс регламенті де тас-талқан болып бұзылып, қажет кезінде бейімделе салынады.

Әңгіме бұл орайда ұлттық футболдың биылғы жаңа маусымнан бастап әрекет ететін легионерлерге арналған лимитті алып тастау туралы болып отыр. Демек, бұдан былай алаңға шетелдік футболшылардың шексіз саны шығуы мүмкін. Бұған дейін тек жеті шетелдік ойыншының қатысуына рұқсат беріліп келген еді. Енді ресейліктер айды аспанға шығарып үлгерді.

Бұл шешім жанкүйерлер арасында ғана емес, кәсіпқойлар арасында да көп дау мен үлкен шу тудырды. Ресейліктер енгізген осы жаңашылдықтың зияны туралы тікелей айтқандардың бірі – бұрын белгілі футболшы болған, қазір таңда спорт саласының функционері Болат Есмағамбетов болды. Ол өзінің «vesti.kz» сайтына берген сұхбатында шындықтың бетіне тура қарап былай деді:

«Бұл пайда әкеледі деп еш ойламаймын. Егер легионерлерге арналған лимитті алып тастасақ, онда жалақы шегін белгілеуіміз керек. Олай етпесек, өзіміздің қазақстандық футболшылар зардап шегеді. Дәл қазір біз Ресейден кейінгі ең ақшалы, ең қаржылы чемпионатқа иеміз. Клубтарымыз мол ақша төлеуге дайын болғандықтан бізге еуропалықтар да, латынамерикалықтар да, ТМД футболшылары да ерекше назар аударады. Бұл қазақ футболшылары үшін қиындықтар туғызады. Бізге анағұрлым шебер ойыншылармен бәсекелестікте жеңіске жету аса қиын болады. Әсіресе жас футболшыларға өте ауыр соғады. Бізде онсыз да жасөспірімдер мен жастар командасының проблемалары жетіп артылады.

Сондай-ақ бұл жағдай жасыратыны жоқ, ебін тақандар үшін бюджет ақшасын ретін тауып бармақ басты, көз қыстылықпен жымқыруға және ұрлауға оңтайлы жағдай жасайды. Алдымен балалар мен жасөспірімдер футболының, инфрақұрылымның және т.б. проблемаларын шешіп алуымыз керек-ақ…».

Болат Есмағамбетов атап өткен бармақ басты, көз қыстылық сызбасы әрбір жанкүйерге белгілі.

Клубқа шетелдік шақырылады, оған келісімшартқа қол қою шарттары бірінші күні басы ашыла түсіндіріледі де, нәтижесінде легионердің осы шартта мәлімделген ресми соманың 30, тіпті 50 пайызын команда басшыларына және олардың жақындарына беруге келіспеске амалы қалмайды.

Бәлкім, шетелдіктерге 30 миллиардтан астам теңгені артық төлеудің осы бір таңқалдырарлық сомасы бекер емес шығар? Осы орасан зор соманың қайсысы ойыншылардың өздеріне тиесілі, ал қайсысы функционерлердің қалтасында жатыр? Осы сауалға тек Қазақ футболының қазанының қақпағын ұстап отырғандар келімсектерден өзіміге қайтарып алу арқылы ғана қол жеткіземіз.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: