Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал: Білім саласының жаңа биігі

11.04.2024, 10:40 418

Айдынды Арал өңірі теңіз суының тартылуымен алаңдатқанымен, одан өзге жаңалықтарымен көңіл қуантып келеді. Мұнда жыл сайын білім бәйгесінде топ жарған үздіктер мен өзгелерден оқ бойы озық шыққан жас спортшылардың саны күннен-күнге артуда. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға да жоғары жағдай жасалған. Ұлттық бірыңғай тестілеуде үздік көрсеткіш көрсетіп келе жатқан ауданның білім саласының бүгінгі бағындырған белесі аз емес.

Өткен апта соңында облыстық білім басқармасы және өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен солтүстіктегі қос ауданға табан тіреп, білім саласының жай-күйімен танысып қайттық. Жоғарыда айтылған дүниелерді көзбен көрген соң, бардың бар екенін айтудан жасқанбадық.

БИЫЛ  1523  БАЛА  МЕКТЕП  ТАБАЛДЫРЫҒЫН  АТТАЙДЫ

Жалпы, ауданда 60 мектепке дейінгі білім беру ұйымында мемлекеттік білім беру тапсырысымен 4371 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 93,5 пайыз­ды құраса, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толықтай қамтылып отыр. Соңғы 3 жылдың ішінде жекеменшік бала­бақшалар желісі 14 бірлікке өскен. Мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарында 625 педагог жас өрендер­ді тәрбиелеу­де барын салуда.

Ал білім беру орындарына келсек, қазір 49 жалпы орта білім беретін мектеп, оның ішінде 3 бас­тауыш, 6 негізгі, 39 орта және облыс­тық білім басқармасына қарас­ты  1 мек­теп-интернат жұмыс істеп тұр. Ауданға қарасты 48 жалпы орта білім беретін  мектеп­те 17 428 оқушы қамтылған. Оларға 2602 педагог сабақ береді. Оның ішінде, шебер, зерттеу­ші және сарап­шы категориясын иеленген ұстаздар үлесі – 39 пайыз. Соңғы 3 жыл ішінде аудан  бойынша мемлекеттік тапсырыс есебінен 1145  педагог маман біліктілік арттыру курстарынан  өткен.

Аудандық білім бөлімі басшысының мәлі­метінше, биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап алдағы 2024-2025 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданатын оқушыларды тіркеу жұмысы жүргізілуде. Жоспар бойынша 1523 оқушы бастауыш  мектеп  табалдырығын алғаш рет аттайтын  болады.

– 2024 жылға бөлінген 26 млрд 157 млн  161 мың теңге мектептерді бейнебақылаумен, ғимарат­тарды ұстап тұру шығындары мен мектептерді жетіспейтін оқулықтармен, әдеби кітаптармен  қамтуға  жұмсалады.

Балалардың экологиялық мәдениетін дамыту мақсатында Арал қаласындағы 5 мектепке (№62, №64, №71, №83, №260)  жылыжай  орнату­ға  24 млн 737 мың теңге, облыс  әкімінің  «Үздік білім  беру ұйымы» конкурсы  арқылы бө­лінген  34  млн  теңге  сыйақысының  есебінен  №262 мектеп-гимназияға жылыжай салу­ға  4 млн 659 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда жылыжайда өсіру, күтіп-баптау жұмыс­тары жүргізіліп қоймай, өнімдері балалар игілігі­не  жұмсалып  отыр, – деді Санира Жанназарова.

ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТЫ  ҰЛЫҚТАҒАН  МЕКТЕП

Ауданға табан тіреген соң, алдымен  «100 мектеп, 100  аурухана»  бағдарламасы бойынша іргесі  қаланған  Ұ.Қараманов  атындағы №262 мектеп-гимназиясына бардық. 2009 жылдан бері оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етіп келе жатқан іргелі оқу ордасындағы 1242 оқушыға 117 педагог сабақ береді. Мектеп директоры Руслан Сисенов білім ордасының бағындырған  белесі  аз  емес  екенін  айтты.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бо­йынша соңғы 5 жылдықта облыстағы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Оқушыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда өз білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарға да ие болуда. Біздің мектеп әрқашан оқушылар мен ұстаздардың тың жобаларына қолдау көрсетіп, сапалы білім алуына жағдай жасайды, – деді мектеп директоры  Руслан  Сисенов.

Мектепте  «Ұлттық  мектеп лигасы», «Дебат» клубы, «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры» сынды 41 үйірме оқушылардың қызығу­шылығын қанағаттандыруға жұмыс істеп тұр. Одан өзге медиа кабинеті де жабдықталған. Онда оқушылар журналистикаға бейімделіп, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік алады. 11-сынып оқушысы Әсел Сағадат мектепте ашылған медиа кабинетінің артықшылық­тары  көп  екенін  жеткізді.

– Қазіргі заманауи жабдықтарды қамти отырып жасақталған медиа және мобилография кабинетінде оқушылар үздіксіз өз жобалары мен шығармашылығын жүзе­ге асырады. Мұнда түрлі подкаст түсіріп, бейнематериалдар әзірлеп, туынды­ларымызды түрлі платформаларға жүктеп жатырмыз. Жақында осы студияда «Арал әлемі» газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла ағайы­мызбен сұхбаттасып, сол бейнеөнімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Жас тілшілер форумына» ұсынып, жүлделі орынға ие болдым. Жалпы, мектебімізде бұл ғана емес, бұдан да басқа кабинет­тер, орта­лықтар жұмыс істеп келе  жатыр, – деді  Әсел  Сағадат.

Бұған қоса, мұндағы дене шынық­тыру пәні мұғалімдері ұлттық ойын­дарымызды жаңаша тәсілмен жаңғыртып, «Ақ сүйек», «Қыз қуу», «Көкпар»  ойындарын  өзгеше  форматта ұйым­дастырып  келеді.  Ерекшелігі сол, оқушылар ұлттық  ойынды арнайы жасалған  кілемшелерде ойнап, сұрақтарға  жауап  береді. Мұндағы бір артық­шылық – әр сұрақ салт-дәстүріміз бен бай тари­хымызға қатысты. Бұл – бір ғана ойынның  шарты.

– Өзім дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өзіміздің ұлттық ойындарымызды түрлі бағытта жаңғыртуға тырысудамыз. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бұл ойындарға қызығушылығы жоғары. Дене саулығымен қатар ой-танымын дамытуға қолдан келгенше өз үлесіміз­ді қосудамыз, – деді мектеп мұғалімі Д.Сағымбаев.

Оқушыларға ұлттық ойындарды үйретуді мақсат ететін бұл ойын түрлерінің өзге мектептерде баламасы жоқ. Мұны мектеп директоры да растады.

– Осындай ойындарды дене шынық­тыру мұғалімдері өздері жасайды. Өз ізденістері нәтижесінде туған туындылар. Мұндай ойын түрі өзге мектептерде мүлде жоқ. Мұндағы мақсат оқушылардың бос уақытын қызықты өткізу ғана емес, ұлттық код ұғымын оларға осы бастан сіңіру, ұлттық үрдіске бастайын дүниелерге деген құрметін орттыру болып отыр, – деді  Руслан  Сисенов.

«ЖАСЫЛ  БАҚ»  ЖОБАСЫН  ЖАНДАНДЫРҒАН

Ал №220 орта мектебінің оқушылары «Мектеп театры» жобасы аясында театрлан­дырылған қойылым арқылы түрлі байқауға қатыс­ып,  жүлделерге  ие  болып  жатыр.

– Мектепте  2-3  жылдан  бері  «Мектеп театры» жобасы аясында түрлі қойылым сахналанып келеді. Қазірде оқушыларымыз аудандық деңгейде қойылымдар қойып, көрерменнің ыстық ықыласын алуда. Дәл қазір аудандық мәдениет үйін­де Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» қойылымы көрерменге ұсынылып жатыр. Залға кіру құны ақылы. Қойы­лымнан жиналған ақшаны ауыр сырқатпен науқастанып жатқан мектеп оқушысы­на аударып жа­тыр­мыз, – деді мектеп  директоры  Әліби  Әбілдаев.

Одан бөлек осы мектепте «Жаңа медиа және журналис­тика мектебі» деп аталатын бейін­дік жобасы ісе асырылған. Қазіргі таңда оқушылар  түрлі мультфильмді дыбыс­тап, you  tube  желісіне  жүктеуде.

Аудандағы №64 орта мектебі «Жасыл бақ» жобасын жүзеге асырып келеді. Оқушылардан құралған арнайы клуб осы жылыжай жұмысын жандандырып жатыр. Жобаның басты ерекшелігі – күзгі және қысқы мезгілде де табиғи таза өнім алуға болады. Ерекшелігі, мұнда тамшылатып суару әдісі арқылы көкөністің бірнеше түрі өсіріледі. Одан бөлек биогумус өндіріліп, жаңадан отырғызылған көкөністерге нәр беру мақсатында соны пайда­ланады. Оқушылар мен мектеп ұстаздарының еңселі еңбегінің нәтижесінде жылыжайда бүгінге дейін 90 келі қияр, 15 келі қызанақ өнімі алынған. Ал қазіргі таңда жылыжайда 165 түп қияр егіліп, оқушылардың қатысуымен арнайы  күтім  жасалуда.

– Біздің мектеп 2014 жылы жаңа типтік жобада пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда 24 сынып жиынтығында 406 оқушы білім алуда. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап облыс­тық білім басқармасының қолдауымен «Жасыл бақ» жобасын қолға алдық. Осылайша 2023 жылдың қыркүйек айында 12х6 метр көлемінде жылыжайымыз ашылған болатын. Мектеп жылыжайының басты мақсаты мектеп оқушыларын сапалы көкөніспен қамтамасыз ету және білім алушыларды экомәдениет пен қоршаған  ортаны  қорғауға  баулу  болып  табы­лады, – деді мектеп  директоры  Кенжебек  Тілепов.

Мектеп оқушысы Ақнұр Талғатқызы бос уақытында осында келіп, көкөністерді баптағанды, оларды түрлі жолдармен өсіру амалын ойластырғанды хоббиі санайды. Жетекшісімен бірге жылыжайда әртүрлі көкөніс егіп, күнделікті күтім жасауды әдетке айналдырған.

– Бүгінде жылыжай ісін жандандыру үшін көптеген сынама алудамыз. Сондай-ақ, қияр, қызанақтан бөлек басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алмақпыз. Менімен бірге жылыжай өсіргісі келетін оқушылар қатары да артып келе­ді. Алдағы уақытта осы жылыжайды одан әрі дамыту үшін көптеген биологиялық технология­ны пайдалануды жоспарлап отырмыз, – деді  оқушы  Ақнұр  Талғатқызы.

ӘРІ  СПОРТШЫ,  ӘРІ  ІСМЕР

Айдынды Арал мектептерінің кереметі мен таңғаларлық жетістігі мұнымен бітпейді. Мұндағы №14 мектеп-лицейінде гір тасын көтеруден екі дүркін Азия чемпионын кездестірдік. Естігенге қарапайым жаңалық болуы мүмкін, бірақ  ол  чемпион – әйел адам.

Айнұр Майханова – осы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Таңғаларлығы сол, әйел заты бола тұра ол бұл жұмысын жақсы көреді. Естуімізше, басында мектепте еден жуушы болып қызмет атқарған. Кейін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын оқып шыққан соң, сол мектептің оқушыларына дене шынықтыру пәні бойынша  сабақ  беріп  бастаған.

– Ең  алғаш қысқы прези­денттік көп­сайыстарға барып жүр­дік. Содан гір тасын көтеруді бастадым. Оған басында бәрі қарсы болды. 4-5 жылдан бері осы спорт түрі қызық­тырып, түгелдей осыған кел­дім. Өзбекстанда өткен байқаудан екі дүркін Азия чемпионы атандым. Одан бөлек әлем чемпионатында қола жүлде иелендім. Осы спорттың арқасында біраз елдің спорт саласының үздіктерімен танысып, спорт­сүйер қауыммен байланысымды арттыра түстім, – деді кейіп­керіміз  Айнұр  Майханқызы.

Азия чемпионы тек спорт саласында ғана емес, нағыз ісмер маман ретінде талай жүлдені иеленгенін байқатты. Оның қолынан шыққан қазақы әшекейлер мен киім-кешектер, ұлттық  ұстынды көрсететін бірегей туындылар бір мұражайды  толтырарлық  екен.

– Қолөнер ісімен бала кезімнен айналысамын. Түрлі киім үлгісін пішіп, тігіп жүрдім. Өз хоббиімді мамандығыммен қатар тең дәрежеде жүргізіп келе жатырмын. Сол өнерімді оқушыларға үйретіп, қолөнер үйірмесінің жұмысын бастадық. Сонымен бірге бастауыш сынып оқушыларына «5 асық» үйірмесін өтіп жатыр­мын. Ал 7-сыныптың оқушы қыздарына тігін тігудің  қыр-сырымен бөлісіп, әшекей-бұ­йым жасау, түрлі стильдегі киімді пішіп, тігу ісін көрсетіп жүрген жайым бар. Қазақы құндылықты бойына сіңіріп өскен қыз баласы қайда болса да өз ұлтын, дінін, білімін ұмытпайды деп ойлаймын. Сол үшін осы қолөнер пен спорт негізгі жұмысыма айналды, – деді ісмер Айнұр Майханова.

Педагогтің әріптестері ол туралы жақсы пікірде. Мектеп директоры Хадиша Орынбасарова дене шынықтыру пәні мұғалімінің осындай жетістікке жеткеніне қуанышын білдіріп, өзгелерге үлгі етеді. Һәм оның үйірмені үйретуі мен саладағы жұмысына жоғары баға берді.

Айта кеткен жөн, №14 мектеп-лицейін­де 1221 оқушы білім алуда. Ондағы педагог­тер саны – 105. Категориялық бөлінісі бойын­ша, педагог-шебер – 1, педагог-зерттеуші – 25, педа­гог-сарапшы – 24, ал педагог-моде­раторлар­дың үлесі 27-ні құрайды.

Ауданда осы секілді мықты мамандар көбейе берсе, көпке үлгі болғалы тұр. «Жақсылықты бөліссең, көбейеді» деген тәмсілге әрекет  еттік.  Әрекет  түбі – берекет.

Ауданда көз көріп, таңданыс тудырған дүние­лер мұнымен біткен жоқ. Басылымның алдағы санында аудан балабақшаларындағы ерекшелік, ұлттық ұстынды ұстанған білім ордал­ары  туралы  сөз  қозғаймыз.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Суреттерді  түсірген  автор.

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: