Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туберкулезге қарсы күрес айлығы жүріп жатыр

16.03.2024, 9:00 152

HALYQLINE.KZ

Елімізде туберкулезге қарсы айлық басталды. Іс-шара Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні – наурыздың 24-іне дейін жалғасатын болады. Бұл туралы брифингте Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы мен облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары мәлімдеді.

Жалпы, Қызылорда қаласында туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 340 науқас диспансерлік есепте тұр. Өткен жылы туберкулездің 189 жаңа жағдайы анықталса, биыл туберкулездің 31 жағдайы тіркелген.

– Өкпе туберкулезіне шалдыққандардың 46,5%-ы – белсенді топтағы 18 бен 44 жас аралығындағы адамдар. Аурудың алдын алу үшін балалар мен ересектер жыл сайын флюорографиядан өткен жөн. Бұл ауру болған жағдайда оны тез арада анықтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, күнделікті өмірде сапалы тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанған абзал. Айта кету керек, аурудың алдын алу мақсатында Қызылорда қаласында облыстық перинаталды орталықта дүниеге келген нәрестелердің 96,4%-ы БЦЖ вакцинасымен егілді. Емханалар аймағында медициналық шегіністердегі 123 бала екпемен қамтылды. Туберкулезді дер кезінде анықтау мақсатында қауіпті топтағы 45 241 баланың 40 719-ы манту сынамасымен қамтылды. Оның «оң» нәтижесімен 115 балаға профилактикалық ем жүргізілді. Флюрографиялық тексеруге жоспарланған қала тұрғындарының 98,5%-ы қамтылып, 120 адамнан туберкулез анықталды. Науқастарға арнайы ем тағайындалып, ауру ошақтарында сауықтыру шаралары жүргізілді, – деді Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жазира Хамитқызы.

Айлық аясында туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тақырыптарында ақпараттық науқандар, медициналық ұйымдарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер, акциялар ұйымдастырылуда.

– Облыста туберкулезге қарсы бағдарламаның бақылаулы жүргізілуінің нәтижесінде аурушаңдық көрсеткіші соңғы 10 жылда 2 есеге азайды. Қала бойынша аурушаңдықтың төмендеу қарқыны – 9,2 пайыз. 2022 жылы (204 науқас) көрсеткіш 59,0 болса, 2023 жылы (189 науқас) көрсеткіш 53,6-ны құрады. Ал биыл 30 пайызға төмендеу қарқыны бар. Айта кету керек, 2023 жылдың қараша айында облыстық фтизиопульмонология орталығы «Жаһандық қордың» көмегімен туберкулез инфекциясын ерте анықтау мақсатында «QuantiFERON-TB сынамасына» зерттеу жүргізу үшін ИФА-анализаторымен қамтамасыз етілді. Жалпы, қала бойынша облыстық фтизиопульмонология орталығы және аудандық деңгейдегі зертханалар туберкулезді және оның тұрақты түрлерін тез диагностикалауға арналған құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, – деді облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Оғадиқызы.

Ең бастысы, аурудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Туберкулез дер кезінде анықталып, үздіксіз емделсе, толық жазылады. Негізгі белгілері: 2 аптадан астам жөтел, арықтау, тершеңдік, кеуденің ауырсынуы, қан кету, жалпы әлсіздік және шаршау, ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі пайда болса, дереу емханаңызға хабарласу қажет.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: