Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіптік білім беру – ертеңгі күнге сенімділік

15.02.2024, 9:40 413

Кәсіп – адамның өмірбойына айналы­сатын жұмысы. Жұмысын жақсы көрген адам күнделікті қуанышты көңіл күймен оянып, жұмысына асығады әрі табысты болады. Кәсібі мықты адамның өмірлік мақсаттары мен іс-әрекеттері нақтылана түседі. Кәсіптің түрі өте көп. Әрбір адам – кем дегенде бір кәсіптің иесі.

Арал қаласындағы кәсіптік білім бере­тін іргелі оқу орындарының бірі – Арал индус­триалды-техникалық колледжі. Колледж мұрағатындағы көне тігінділерді парақ­тап отырып, колледж тарихына үңілсек, кол­ледж 1927 жылы балық аулау артелі болып құрылып, жергілікті тұрғындардан балық­шылар бригадирлерін, ау құралдарын септеп тоқу  мамандарын  даярлады.

Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында балықтарды қайықпен аулау үшін 1937 жылы «Юнга» мектебі болып  қайта құрылып, кіші қайықтарға мат­рос, мотористер дайындады. Балықтарды аулап, оны өңдеп, КСРО-ның басқа қалаларына, облыстарға сатуға және ішкі нарықтың сұранысына сәйкес мектеп 1943 жылы ФЗО (фабрично-заводское обучение) мектебі болып аталып, қайық радистерін, бөшке жа­сау мамандарын, кіші қайық мотростарын, мотористерін даярлады. 1955 жылы қол­өнер учлищесі болып қайтадан құрылып, ағаш, темір ұсталарын, қайықтың мотрос, мотористерін даярлауды іске асырды. Арал теңізінің жағалауынан аса қашықтан балық аулау мақсатында 1963 жылы №68 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ-68) болып өзгеріп, балық  өсіруші,  өңдеуші,  кеме жүргізуші, кеме механигі, электромонтажшы мамандарын даярлауды  бастады. 1984 жылы  мектеп №4 орта кәсіптік-техникалық  училищесі (СПТУ-4) болып аталып, сол жылдан бастап токарь, электромонтажшы, тігінші, электр дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, құрылысшы мамандықтарын әзірледі. Арал теңізінің тартылуына байланысты және білім саласындағы оңтайландыру кезеңінде кәсіптік-техникалық мектеп өзінің байыр­ғы мамандықтарын: кеме жүргізуші, кеме механигі, моторист мамандықтарын дайын­дауды тоқтатты. 1996 жылы №4 кәсіптік-техникалық мектеп болып өзгеріп, мектепте токарь, электромонтажшы, электр дәнекерлеуші, тігінші мамандықтары бойынша маман­дар әзірледі. 1997 жылдан бастап №16 кәсіп­тік-техникалық мектеп болуына байланыс­ты мектеп қаланың өндіріс орындарына, кәсіпорындарға токарь, тігінші, құрылысшы, электоромонтажшы, газбен дәнекерлеуші мамандықтарын  даярлап  келеді.

Жарқын болашақ – бүгінгі қажырлы еңбек пен ізденістің, білімнің нәтижесі. Жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыруда, шеберлікке баулуда халқымыздың ата­кәсібі балық шаруашылығы – өте бағалы мол мұра. Осы орайда туған өлкеміздің табиғи байлығы балықты заманауи технологиялармен өңдеп, тоңазытылған, қақталған, ысталған, консервіленген балық өнімдерін өңдеуде «Балық өндірісі» мамандығы колледжіміздің мерейін асқақтатары хақ.

Қашанда қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл өмірдің бұлтарысы көп, бұралаң ұзақ жолында таңдаған мамандықтың қыры мен сырын шебер меңгеріп, бүгінде колледж басшысы лауазымында Раким Өтемұратұлы Айназаров қалтқысыз қызмет атқарып келеді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтан «Кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломын алған басшыны өзі басқарып отырған ұжымы үлкенге ілтипатты іні, кішіге қамқор аға, қатарластарына адал дос бола білген ізгі жүректі азамат, еңбекте беделді маман, абыройлы жетекші, қаталдығы мен әділдігі жарасқан білікті  басшы  ретінде  үлгі  тұтады.

Қазіргі таңда колледж «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Дәне­керлеу ісі (түрлері бойынша)», «Балық өндірісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (түрлері және салалары бойынша)», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Токарлық іс (түрлері бойынша)» мамандықтары бойынша білікті де білімді ма­мандар даярлауда. Колледжде жалпы саны  54 инженер оқытушы қызмет атқарады, педагог сарапшы – 5, педагог-модератор – 25, 1 магистр жоғарғы білімді педагог-қызметкерлер білім береді. Негізгі басты міндетіміз білім алушыларға өнегелі тәрбие, сапалы білім беру мен білікті маман кадрларын дайындау болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы халыққа Жолдауында кәсіби білім берудің маңызына да тоқталып, «кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» екенін баса айтты. Жастарға сапалы кәсіптік-техникалық білім беру – заман  талабы.

«Жас маман» жобасы кәсіптік техникалық білім беру дамуының негізі болары анық. Республика бойынша «Жас маман» жобасы  іске  асырыла  бастады. Бұл жоба­ның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие  білікті  мамандарды әзірлеу. «Жас маман»  – 100/200 қағидаты бойынша әзірлен­ген бағдарлама. Яғни, 100 дегеніміз – қа­зіргі күні еңбек нарығында сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық болса, сол 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртып, халықаралық стандарт талаптарына сай маман­дар әзірлеу. Колледж 2021 жылы «Жас маман» жобасы бойынша материалдық-­техникалық  базамен  жабдықталды.

2017 жылдан бастап елімізде кәсіп­тік-техникалық білім беру тегін болды. Білім іздеп қалаға келген ауыл жастарына мемлекет мейлінше көмек көрсетуге да­йын. Қазақстан кәсіптік білім колледждері бойын­ша шәкіртақыдан бөлек, ішер асы мен жолақысына дейін ақша бөлінеді. 2018 жылдан бастап қолданысқа енген «Техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы  5 жылға арналған. Бұл аралықта өндіріс орындары­ның сұранысына сай 670 мыңнан астам маманды ҚР бойынша даярлау көзделіп отыр. Аталған жобаны табысты жүзеге асыру арқылы экономика қажеттіліктерін қанағаттандыру, жастардың еңбек дағдыларын алу мүмкіндіктері кеңейеді, ал ең бастысы – отба­сының әлеуметтік жағдайы, әл-ауқаты жақсаратын болады. Мемлекет тарапынан жастардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алу арқылы еңбек дағдыларын игеруі олардың белгілі бір кәсіпті меңгеріп, өз бетінше табыс табуға жасалған мемлекеттік кепілдік болып табылады. Осыған орай Арал индустриалды-техникалық коллдежі де жаңа жоба аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жоғарыда аталып өткен мамандықтар бойынша колледжіміздің өндірістік оқыту шеберлері мен ұстаздары жан-жақты білімді, кәсіби маман даярлауға бар білімі мен күш-жігерін жұмсауда. Колледждің жоғарғы білімді педагог-қызметкерлері Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда қала­ларында және Белоруссия Республикасында өз білімдері мен біліктіліктерін арттырып келді. Республикамыздың білім беру деңгейінің сапалығы туралы жаңа ұсыныс, кеңестер айтылып қана қоймай жүзеге асуда. Сондай ірі жобалардың бірі – оқытудың дуаль­ды жүйесі. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибеде оқытудың дуальды жүйесі  кәсіп­тік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының біріне айналып отыр. Теория  мен практиканы біріктірген бұл жүйе бо­йынша  болашақ жұмысшылар оқу уақы­тының 60-70%-ын өндірісте, қалған 30-40%-ын оқу мекемесінде өткізеді. Яғни, білім мен шеберлікке бірдей баулиды. Колледж білім алушылары өз мамандықтары бойынша іс-тәжірибеден келісімшартқа отырған ауданымыздың әлеуметтік серіктес­тік  меке­мелерінен  өтеді:  «Аралтұз» зауыты, ЖШС «Agrofish 2020» балық өңдеу зауыты,  «Арал  құрылысы» ЖШС, «Қарашалаң»  ЖШС, «Қызы­лорда Электржеліні Тарату Компа­ниясы»  АҚ Арал аудандық филиалы, ДК «Келжанова  А» – тігін цехы, ДК «Ай-Аружан» – тігін цехы, ДК «Жумахметова К», ДК «Батыр»-тігін цехы, ДК «Інжу-балық», ДК «Қараев Ж», ДК «Қошқарбаев С», ДК «Нысанов М», ДК «Н.Дуйсенов», ДК «Хусайнов», ДК «Нұрмағанбетов А». Аталған мекемелермен 2022 жылы кадрларды даярлау, сапасын арттыру және жұмыс берушілермен одан әрі тиімді іс-қимыл жасау мақсатында меморандумға қол  қойылды.

Колледж білім алушылары аудандық, облыс­тық, республикалық іс-шараларға, сайыстарға қатысып, өз білімдерін, ізденім­паздығын, жауапкершілігін, жан-жақты­лығын көрсетіп келеді. 2018 жылдан бастап ТжКБ беру арасында «WorldSkills Kazakh­stan» байқауына қатысып келеміз. Облыс көлемінде жыл сайын байқаулардан жүлделі орындармен, марапаттармен түлектеріміз қуантып келеді. Облыс бойынша «WorldSkills Kazakhstan» байқауында «Дәне­керлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша 2019 жылы Х.Жандәулетов 2-орын, 2020 жылы Б.Сахитжанов 2-орын, 2021 жылы М.Үрге­нішбаев 3-орын, 2022 жылы С.Мұратбаев 3-орынға ие болса, 2023 жылы Саят Мұрат­баев 2-орын алды. «Сән технологиясы» құзы­реттілігі бойынша 2021 жылы Жұлдызай Рахметова 3-орын, 2023 жылы Райхан Байзақова 2-орынды иеленді. Студенттерді додаға әзірлеген жетекшілері – «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Ербол Ахметов, «Сән технологиясы» құзырет­тілігі  бойынша  Бақыт  Исанова.

Сонымен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбы да колледж назарынан тыс қалмайды. Колледж білім алушысы Мақпал Қуанышбаева әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер және жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 57 кг салмақ дәрежесінде І орын иеленді. Осындай тынысы мол колледжімізде білім алып жатқан шәкірттеріміз өз мамандығының қыр-сырын игеріп қана қоймай, еліміздің ілгері дамуына өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.

ҚР Педагогтар қоғамының ұйымдас­тыруымен өткізілген «Үздік педагог – 2022» республикалық байқауына белсене қатысып, «Білім беру ісінің үздігі» номинация­сы, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін (2022 ж)  Жанна Қырқабақова және Перизат Қанато­ва иеленді, «Жас ұстаз – 2022» облыс­тық колледж жас мамандар сайысында Ұланбек Қайыржанұлы І дәрежелі диплом­мен марап­атталды. Арал қаласының 95 жылдығына орай «Туған жерім – Аралым» атты мекемеаралық өнер байқауында АИТК бас жүлдені иеленді. Бұдан да басқа ұстаздардың еңбегін лайықты бағалауға болады.

Еліміз білімді жастарға үлкен сеніммен қарайды. Болашағына үлкен үміт артқан жастар арасында барлық сала бойынша жүлделі орынға деген бәсекелестік жылдан-­жылға  артып келеді. Кәсіптік білім алуға үміттенген жастар таңдаған кәсібі мен қызы­ғушылығын қатар алып жүреді. Меңгеруге қажетті білімнің бастапқы негізін жинақтап, жоғары оқу орнында білімін жалғастыруға мүмкіндіктер ашады. Сондықтан, кәсіптік  білім алу жастардың таңдаған өз кәсібін, кәсіби білікті маман иесі болуына жол ашып, жарқын  болашақтың тұтқасын құрайды деген  сенімдеміз!

Айнұр  САЛАМАТОВА,

Арал  индустриалды-техникалық  колледжінің  әдіскері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: