Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Министрлер қазақы түс көрсін!

20.01.2024, 9:00 227

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Бір пақыр былай ойлапты: «Кейінгі кезде, адам түстерінің де берекесі кетті, ешкім арнайы сценарий жазып бермейді, цензура жоқ болған соң, не болса, сол кіреді. Адам түстеріне кіретін жалаңаш қыздарға, порноларға, алаяқ компанияларды жарнамалайтын блогерлерге тосқауыл қою керек! Адам түстеріне кіріп алып, адамзатқа зиянды әрекет ететін діни ағымдарға, адам түстеріне кіріп алып, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ елін жамандап, соғысты уағыздайтын, кейіннен жылап-еңіреп, кешірім сұрайтындарға заңмен тосқауыл қою керек! Ұлт бірлігі керек! Олар адам түстеріне рұқсатсыз кірмесін. Вета қою керек».

Парламент мәжілісінде бір депутат «Адамдар түсін оңтайландыру» министріне сұрақ қояды:

– Кез келген адам салауатты түс көрсін! Біздің елде халықтың дені – аш-жалаңаштар. Олардың түсіне ет, шұжық, сары май, сүт, кәртөшке кіреді. Бағаны тұрақтандырып, олардың түстеріне бақытты өмір, шалқыған өмір кіргізбейсіздер ме? Бұл түс мәселесі үкіметте неге қаралмайды? – деген депутаттық сауал тастады.

Министр бүгінде заманауи, онлайн түстердің дамығанын айтып ақталды. «Біз халыққа, түнде ұйықтағанда, интернет арқылы онлайн түстер жібереміз. Олар жаңа Қазақстанның жарқын жылдарын түстерінде көреді. Бірақ, ескі Қазақстанның хакер шенеуніктері ол түстердің арасына вирусты жарнамалар жіберіп, адам түстерін бұзып жатыр», – деді министр.

– Адамның көрген түстері құрысын! – деп жалғастырады депутат, – Мәселен, кеше түнде түс көрдім. Түсіме тоқсаныншы жылдары жетім балалардың шетелдіктерге сатылғаны хақында, жетімдердің жылағанын көрдім. Шетелге сатылған балалардың жалпы есебі де жоқ екен. Осы түсті түртіп алып жатқанымда, бір жартылай жалаңаш қыз кіріп келіп, олай билейді, былай билейді келіп. Тағы бір түсімде шетелден келген бір әншіге қара көздеріміз төстартарларын лақтырып жатыр! Не деген масқара?! Осындай түстерге неге тосқауыл қоймайсыздар? Кейбір министрлер орыс тілінде түс көреді. Неге қазақы түстер көрмейді? Неге Күлкістан қаласы теңгеріміндегі нысандар бейберекет сенімгерлік басқаруларға беріліп, мысалы, мәдениет басқармасының ғимараты ресторан болып кетеді? Бұрынғы облыс әкімі неге жауапқа тартылмайды?

– Шетелден инвестиция тартып жатырмыз. Жуырда, шетелдік түстер әкелінеді. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген тақырыпта.

– Сіз не деп тұрсыз? Бізге қазақы түстер керек! Қазақша түс көрейік те! Тым болмаса, түсімізде арзан қымыз ішіп, арзан ет жеп…

Министр мінберде тұрып, құс ұйқыға кетті. Қандай түс көріп жатыр екен? Түсінде уылдырық, қазы-қарта көріп дегендей. Па, шіркін! Сіздің түсіңізге не кіреді?

(«Ұрының қатыны» экшн-сатиралық романымнан үзінді)

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: