Өңірдегі білімнің қара шаңырағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика БББ-ның профессоры, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Болат Елтайұлы Боранбай асқаралы 60 жасты бағындырды. Кейіпкеріміз – бүгінгі уақыт талабына сай ғылымда және қоғамдық ортада өзіндік айтары бар, тіл жанашыры ретінде жемісті жұмыс істеп жүрген абзал азаматтың бірі.
Дүние дидарын ашқаннан кейін, азамат болып қалыптасу – әркімге парыз. Ғылым, білім жолындағы тынымсыз ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, талапты жастан танымал ұстазға айналған, саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған, талай жылғы қажырлы да қайырлы еңбегінің арқасында құрметке бөленіп жүрген Болат Елтайұлы жайлы ағытылар көңіл күй сыры айрықша.
Бүгінде «Терең теңіз тартылмайды, терең білім сарқылмайды» деген тәмсілге ден қойған Болат Елтайұлы 1964 жылы қаңтардың 20-сында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қаратау сілемдерінің аяқ жағындағы Қарамұрын деген таудың тұсында, қазір Бестам аталатын ауылда көпбалалы отбасында дүниеге келген. Боранбай ақсақалдың кіндігінен Елтай, Алтынбай, Насыраддин атты үш ұл, Зағипа, Нағипа есімді екі қыз өрген. Есте жоқ, есті заманнан бері қалыптасқан үрдіс бойынша отбасындағы тұңғыш перзенттің ұрпағын «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп қабылдап, ата-әжесі өз бауырына басқан. Осындай жазылмаған заңдылыққа сай Болат Елтайұлы да атасы Боранбай мен әжесі Шәрилланың тәрбиесінде болды. Ата-әженің бауырында өскен бала ерке әрі еркін болатындығы анық қой. Осы қасиет Бөкеңнің де бойында әлі күнге дейін сақталған. Ол үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын белес, ойын бүкпелеу деген мүлде жоқ.
Шал мен кемпірдің бауырында мейірімге қанып, жас күнінде талай айтысқа қатысқан, өлең құрайтын өнері бар, түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы, Сыр өңірінің ардақты перзенті Мұстафа Шоқайдың қарындасы болып келетін әжесінен талай тұщымды естелікті естіп өскен Болат Елтайұлының сөз киесін терең түсініп, тіл саласының маманы болуы да заңдылық еді.
Әкесі Елтай сонау қиын-қыстау кезеңде 7-сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық училищеде білімін жалғастыруға мәжбүр болады. Алғашқы жылдары трактор тізгінін қолына алады, кейіннен зейнетке шыққанға дейін көлік жүргізушісі болды. Елтай әкей заманның қиындығында байланысты кезінде білім ала алмағандықтан өзінің жеті ұлы және бауырларының жоғары білім алуына мұрындық болады. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» деген нақылды жоққа шығара алмайтынымыздың тағы бір дәлелі, анасы Айторы – елдегі геология ғылымы мен өндірісін дамытуға сүбелі үлес қосқан белгілі академик Шахмардан Есеновтің қарындасы.
Болат Елтайұлы 1971-1981 жылдар аралығында №205 қазақ орта мектебінде білім алады. Мектепте алты Алашқа әнін асырған күміс көмей, жезтаңдай, жоғары тенор, мөлдір дауыс иесі, әнші, термеші Әбілаш Әбуов қазақ әдебиеті және музыка пәнінен сабақ береді. Ұстазының Абай өлеңдерін нақышына келтіріп, әнімен айтып беруі оның қазақ тілі мен әдебиеті бағытына бейімделуіне ықпал етіп, мұғалімдік мамандықты таңдауына мұрындық болған. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып, кәдімгідей өзін үлкен ақын сезінген бала Болат асқақ арманын арқалап, 1981 жылы Алатау бөктеріне аттанады. Десе де, бабы болғанымен, бағы жанбай осы жылы жоғары оқу орнының студенті атана алмай, елге қайтады. 1982 жылы кезіндегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетіне қабылданады. Бойында романтика тұнып тұрған бозбала оқу орнына келіп, өлең, өлеңнің техникасы, теориясынан хабардар болғаннан кейін ақындық деңгейінің өзі ойлағандай еместігін түсінеді. Сөз өнерінің сан саласымен таныса бастағанда сыры көп қазақ тіл біліміне деген қызығушылығы оянады.
Шәкірт ұстазға қарап өседі, бой түзейді. Бұл – заңдылық! Жүрек жылылығын, адамгершілік, кішіпейілділік ұлылығын, білімін шәкірттерінің бойына дарыта білген Әуелбек Қоңыратбаев, Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағамбетов, Молдаш Достанов, Әнес Жақып, Әбжаппар Әбілақов, Бағдат Кәрібозұлы, Темірхан Медетбаев, т.б. ұстаздарының есімін ұлықтап жүреді. Әсіресе, бүкіл қазаққа есімі мәшһүр ғұлама, түрколог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың аузынан Қорқыт ата аңыздарын естіп өскен бақытты шәкірттің бірі болғандығын мақтан етеді. Ұстаздарының талапшылдығын, өз мамандығына деген адалдығын, әділдігін көріп өскен Болат Елтайұлы «Ұстазыңды пірдей көр, ата-анаңмен бірдей көр» деген халық даналығын бойына сіңіре білді.
Институтты бітіргеннен кейін 1988-1990 жылдар аралығында өзі білім алған №205 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, қызмет істейді. 1991 жылы кафедрамыздың ардагер ұстазы, белгілі ғалым Ж.Сәдуақасұлының арнайы шақыртуымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетіне қызметке келеді. 1994-1997 жылдар аралығында ҚР ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасында білім алып, нәтижесінде 1997 жылы филология ғылымдарының докторы С.Омарбековтың жетекшілігімен «С.Жиенбаевтың лингвистикалық мұралары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Болат Елтайұлы – 36 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Ол – тіл білімінің өзекті мәселелері, қазақ тілінің дыбыс жүйесі, графика, орфография, Сыр өңірі ономастикасы салалары бойынша 150-ге жуық ғылыми мақала, 2 әдістемелік құрал мен 3 монография, 1 оқу құралының авторы.
Мұсылман әлемінде ғалымдарға, ұстаздарға деген сый-құрмет өте жоғары болғандығын, білгенін басқаларға үйретіп, ғылыммен айналысудың беделі тым биік екендігін білмейтін пенде жоқ. Педагогикалық-ғылыми және қоғамдық жұмыстар үдерісінде ғалым-ұстаздың ұстанымы біреу-ақ, ол – бүгінгі шәкірттің өз мамандығына адал, сауатты, білімді және тәрбиелі болуы. Б.Боранбай – ілім үйретуді ең сауапты, әрі қадірлі іс деп есептейтін азамат.
Тілші-ғалымның ұлттық руханияттың өзегі – тіл мәселесі, тілдің ұлтты ұйыстырудағы, ұлттың дара болмысын сақтаудағы рөлі жөнінде тұщымды пікірлері республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүр. Әсіресе қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен бірге ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеуде, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиге көшіру қарсаңындағы тілдік жағдаятқа сипаттама беруде өзіндік айқын ұстанымын білдіре алған белсенді азаматтың бірі. Ол «Мектепте қазақ тілінің грамматикасын оқытуда жүйелілік жоқ. Тілімізде жазу мен айтудың арасында алшақтық көбейіп келеді. Біздің тіл орфографиялық тіл ме, яки Ахмет атамызша айтқанда, «Ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тіл ме? Жоқ әлде орфоэпиялық тіл ме? «Көш жүре түзеледі» деген халық даналығын әліпби мәселесінде қолданудың еш керегі жоқ!» деп ашынып, латын әрпіне көшуді тіліміздің табиғатын қалпына келтіру үшін тиімді пайдаланудың аса қажеттілігіне назар аударады. Сонымен бірге терминжасамдағы транлитерация мәселесіне қатысты термин түзу мен емле мәселесін біріздендірудің бірге жүргізілуінің тиімділігі жөніндегі ғылыми тұжырымдары жас зерттеушілердің жиі сілтеме жасайтын, жүгінетін мәселесі болып отыр. Емле мәселесі, құрмалас сөйлем табиғаты, тіл біліміне қажетті реформаның маңыздылығы жөніндегі тың ойлары республика деңгейінде өзінің жоғары бағасын алды. Студент кезінде профессор Ә.Жақыптың жетекшілігімен ономастика мәселелерінің жетістіктері мен қиындықтарын зерттеген диплом жұмысы бүгінде көлемді ғылыми зерттеуге айналды. Білімді игеру және оны кәдеге жарату бар. Бұл екінің бірінің қолынан келеді деу қиын. Болат Елтайұлының азаматтық болмысы мен ғылым жолындағы ірілігі, шығармашылық даралығы дегеніміз міне, осы!
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге салып, біз ғалым-ұстаздың ұлт руханиятына сіңірген еңбектерінің ауқымды дегендерін ғана тізіп шықтық. Бұдан бөлек, Болат Елтайұлының сертке беріктігі, досқа адалдығы, бауырмалдылығы, қате жазылған сөзді көре қоятын байқампаздығы сияқты ерекше қасиеті де бар. Сонымен бірге орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне сауатты аударма жасайтын қабілетке де ие. Оны жақсы танитындар бір басынан артылатын қырсықтығы мен қыңырлығынан да хабардар. Десек те бұл – мінез. Мінезсіз адам жетістікке жете алмайтындығы да анық. Бұл – дегдар болмыстың, азаматтық қалыптың көрінісі деп білеміз.
Абзал азаматтың еңбегі де елеусіз емес. Ол – «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалінің», «Үздік түлек» медалінің иегері. Сыр өңірінің әлеуметтік-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен де марапатталған.
Болат Елтайұлы мен отанасы Рахия Әбуова сынды қос ұстаз – екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған берекелі шаңырақ иесі. Отбасында беделді әке, немерелеріне сүйікті ата, шәкірттеріне қадірлі ұстаз, айтары бар ғалым әріптеске осындай қуанышты күні ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болсын деген тілек білдіреміз.
Ағалық ардақты асудың бел ортасына келіп, ақсақалдық мерейлі кезеңге аяқ басқан шағында ұстазға жылдар бойы жиған ұлттың інжу-маржанын болашақ ұрпаққа жеткізу жолында еңбегіңіз нәтижелі болсын дегіміз келеді.
Аягөз ӘБДІРАЗАҚОВА,
Қорқыт Ата атындағы ҚУ-дың аға оқытушысы, баспа ісінің магистрі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!