Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құс фабрикасы жұмысын бастады

28.12.2023, 16:50 277

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасының ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы қармақшылықтарды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық берген абзал. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет» деген болатын. Облыста құс етіне қажеттілік – жылына 14,1 мың тонна. Оның барлығы сырттан келетін. Енді өзімізде өндіріледі. Аймақ тұрғындарын жергілікті өніммен қамтимыз. Жалпы 3 млрд теңгеге іске асқан жобаның бастапқы 456 млн теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бөлінді. Кәсіпкер былтыр «Аграрлық несие корпорациясынан» 880 млн теңге жеңілдетілген несие алып, құс фабрикасын жабдықтады. Жергілікті атқарушы орган инфрақұрылым жүйелерін тартуға қолдау көрсетті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 443,2 млн теңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы толық жеткізілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жоба – құс фабрикасын салған кәсіпкер Нұрлан Тұрғанбекұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов жерлестерін құттықтап, ауыл ардагері Исабек Көміршиев жиналған көпшілікке бата берді. Сондай-ақ, ауқымды жобаны іске қосуға атсалысқан азаматтар марапатқа ие болды.

Құс фабрикасының жылына 1500 тонна құс етін өндіруге мүмкіндігі бар. Кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққанда 160 адамды жұмыспен қамтиды.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайызға артып, 70 977 бірлікке жетті. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд теңге қаржы тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Оның ішінде Қармақшы ауданында 2,5 млрд теңгеге 355 жоба қаржыландырылды. Облыста алдағы 6 жылда құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Негізінен өндірістік жобаларға басымдық берілген. Биыл 14,1 млрд теңгенің 15 жобасы іске қосылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: