Биыл Қазалы ауданында қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Соның бірі – Бозкөл және Кәукей ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы.
Апта басында Абай ауылындағы ғимараттың жұмысымен танысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бүгін Бозкөл және Кәукей ауылдарына арнайы барды.
Іс-сапар барысында аудан басшысы екі бірдей дәрігерлік амбулаторияны бақылап, нысандардың жұмысын тез арада жеделдетуді тапсырды.
Қазіргі таңда аталған ғимараттардың жұмысы аяқталуға жақын. Нақтыласақ, ішін сырлау, бояу, жарық секілді ішкі жұмыстары жүруде. Оған қоса қажетті құрал-жабдықтары да орналастырылып жатыр.
Аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа қатаң тапсырма жүктеп, барлығын назарда ұстап отыруды тапсырды.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Кәукейдегі 100 орындық мәдениет ошағына ат басын бұрды. Құрылысы кешеуілдеп келе жатқан нысанның жұмысы бүгінде қарқын алды.
Жауапты мердігер мекеме қызметкерлеріне қатаң ескерту жасаған аудан басшысы бой көтерген ғимарат көптің қуанышы екенін айтты. Сондай-ақ, нәтижелі жұмыс жасап, жауапкершілікпен қарауды талап етті.
Бірнеше нысандарға аялдаған аудан әкімі Тасарық – Тасөткел аралығындағы 13 шақырым жолдың жайымен де танысты. Қазір мұнда қиыршық тас төселіп жатыр. Мердігер мекеме жол құрылысын жуық арада аяқтайтынын айтып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!