Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төлен ТІЛЕУБАЙ: Медианың еркіндігі мен бәсекеге қабілеттілігі құр сөз жүзінде ғана көрініс тапқан…

06.12.2023, 10:05 2086

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы былтыр 16 наурыздағы халыққа жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойған болатын.

«Масс медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, жария талқылауға шығарылғаны мәлім. Жасыратыны жоқ, билік өзінің қолайына жағатын заңнаманы қабылдауға ниетті. Тіпті, 30 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісі аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ал медиасарапшылар, журналистер Мәжілісте талқыланып жатқан «Масс медиа туралы» заң жобасындағы кемшіліктерді ашық, батыл сынап келеді. Медиазаңнама бойынша тәжірибесі мол халықаралық ұйымдардың мамандары заң жобасында жоқ медиа нарықтың ашықтығы, мемлекеттік БАҚ-тарды бюджеттен қаржыландыру, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты ең өзекті мәселелерді көтеріп, жиналған қауымның әділ талқысына шығарып жүр.

Осы ретте біз «Масс медиа туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі, «ASTANA AQSHAMY» газетінің шеф-редакторы, журналист-публицист, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші Төлен ТІЛЕУБАЙ-мен тілдесіп, ашық ой-пікірін білген едік.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ЖЕКЕМЕНШІК БАҚ-тардың ХАЛІ ӨТЕ МҮШКІЛ

– Төлен Зәрубайұлы, қазір қызу талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Менің көзқарасым жұрттың көбіне, соның ішінде осы заң жобасын дайындаған құзырлы министрліктегілерге, Үкіметке ұнамай қалуы мүмкін. Алайда, ертеңгі күні медиада қызмет ететін жас ұрпақтың, болашақ журналистердің алдында ар-ұятым таза болуы үшін әділдікке жүгінгім келеді. Әділдігін айтар болсам, бұл заң жобасы әлі шикі, журналистердің көңілінен шығатын заңдық құжат емес. Неге? Осыларды рет-ретімен түсіндіріп берейін.

Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты 2022 жылғы 16 наурыздағы Халыққа жолдауында мынадай мәлімдеме жасады: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты».

Ал жақында Мәжілісте бірінші оқылымда депутаттар мақұлдаған «Масс медиа туралы» заң жобасында Президент тапсырған медианың еркіндігі мен бәсекеге қабілеттілігі мәселесі құр сөз жүзінде ғана көрініс тапқан. Нақты мысал айтайын. «Масс-медиа қызметінің негізгі мақсаттары, қағидаттары және міндеттері» деп аталатын 4-бапта: «Масс-медиа қызметінің негізгі қағидаттарына «объективтілік және ашықтық», «адал бәсекелестік» жатады делінген. Ал Мемлекет басшысы БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек дегенді қадап айтса да, заң жобасын жасаушылар оны не өресі жетіп түсінбеген, не құзырлы министрліктің, яғни, биліктің өз мүддесін ғана ойлап, әдейі Президенттің тапсырмасын орындамаған.

Қазақстанда ресми түрде тіркелген БАҚ-тың 20 пайызы – мемлекеттік, қалған 80 пайызы – жекеменшік екеніне қарамастан бюджет қаражаты әділ бөлінбейтіні көптен бері айтылып жүр. Мысалы, «Хабар» телеарнасының жылдық бюджеті – 13,4 млрд теңге, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жылдық бюджеті – 24,1 млрд теңге. Мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін 55 млрд теңгенің 80 пайызын осы екі телеарна алады. Алмасын демеймін, алсын. Алайда, өңірлердегі жекеменшік телеарналарға да осы қаражаттың бір бөлігін әділ бөлуге болады. Қазір теледидар көрмейтін балалар интернетте отыр. Орыстың «Маша мен аю», ағылшынның «Том мен Сойерін» көреді, қазақшадан «Теке мен қошқар» ғана бар. Балалардың бүгіні мен болашағына жанымыз ашыса, неге YouTobe-тағы қазақша контентке дұрыстап қаржы бөлмейміз? Қомақты қаражат бөліп, ана тіліміздегі мультфильмдерді көбейтсек, аз ғана уақытта интернет қазақша сөйлеп шығар еді. Балаларға қажетті мультфильм, кино, кітап, аудиокітап, комикс, ертегі, ойын т.б. қаптатып қойсақ, ұлттық контент деген сол емес пе?!.

Екінші. Бәсекеге қабілеттілік дегенге келсек, өңірлердегі жекеменшік БАҚ-тардың қазіргі халі өте мүшкіл. Заң жобасында гранттық қаржыландыру енгізілетіні туралы айтылады. Нақтырақ айтсақ, 32-бапта: «Тәуелсіз сараптама комиссиясы тиісті біліктілігі бар сарапшылардан тұрады. Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамы мен ережесін уәкілетті орган бекітеді. Уәкілетті органның жанынан Гранттар бөлу жөніндегі комиссия тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы негізінде уәкілетті орган бекіткен тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру туралы шешім қабылдайды» деп жазылған. Бұл жерде ешқандай да ашықтық, әділдік болмайды. Себебі, Мәдениет және ақпарат министрлігі тәуелсіз сараптама комиссиясына өз айтқанынан шықпайтын, өз дегеніне көнетін, яғни, өзіне «лояльный» сарапшыларды жинайды.

Осы жерде БАҚ-тарға бюджеттен қаражат алуы үшін қойылатын талаптар, ережелер қандай болуы қажеттігі анық жазылмаған. Мұндай ереже заңдық акті емес, заңнамалық деңгейде қабылдануы керек. Заңнамалық деңгейде реттеу болмаған жағдайда, ақша желге ұшып, заң бұзатын іс-әрекеттер көбейеді, сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Қазір медианы қолдауға бөлінетін ақша министрлер мен әкімдердің істеген жұмысын, жүріп-тұрғанын жарнамалауға жұмсалып жатқаны шындық. Өткенде бір әріптесіміз: «Оның несі жаман? Енді қайда жұмсалуы керек?» деп төтесінен сұрақ қойды. Мемлекет басшысы тапсырғандай, салық төлеушілердің қаражаты сол қарапайым адамдардың өмірін, тұрмысын жеңілдетуге, яғни, жаңадан ашылған медианы дамытуға, сөз бостандығының деңгейін көтеруге, журналистерді оқытуға, кәсіби тәжірибесін шыңдауға, өңірлердегі жалақысы аз, тұрмысы төмен журналистердің әлеуметтік ахуалын жақсартуға, білім беру мен мәдени жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуы керек. Сондай-ақ, бюджеттің ақшасын алу және жұмсау үдерісін кім бақылайды деген мәселе бар. Медианарыққа бөлінген бюджет қаражатын жұмсауға парламенттік бақылау орнатылуы тиіс. Бұл – өркениетті елдерде бар тәжірибе.

Тіл саясатын жүргізетін бірден-бір құрал – баспасөз. Қазіргі кезде қағаз басылымдардың таралымы қысқарып барады. Соған қарамастан, елімізде қазақ және орыс тіліндегі ресми басылымдар шығып жатыр. Республикалық «Казахстанская правда» газетінен бөлек, облыстарда, аудандарда бір-бір, кейбір жерлерде екіден орыстілді ресми басылымдар бар. Олар да мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мемлекеттік құжаттар, әкімдіктің қаулылары, ресми хабарландырулар орыс тіліндегі газеттерде жарияланады. Себебі, қазақтілді қызметкерлер орысша бергенді қалайды. Қазақшасын өздері түсінбейді. Сондықтан орыс тілінде шығатын қосарланған газеттерді жауып тастау керек. Мемлекеттік тапсырыс тек қазақ тілінде берілсе ғана мемлекеттік тілдің көсегесі көгереді. Қазақша контентті дамыту деген осы.

Үшінші. Президенттің айтып отырғаны, медианы билік санаса алатындай дәрежедегі азаматтық институтқа айналдыру. Заң жобасындағы «Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы» деп аталатын 17-баптың 3-тармағында: Мыналар:

1) сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар;

2) тағайындау кезінде заңда белгiленген тәртiппен соттылығы алынбаған немесе өтелмеген азаматтар;

3) шетелдiктер не азаматтығы жоқ адамдар;

4) өзінің кiнәсiнен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуы (эфирге шығуы) сот шешiмiмен тоқтатылған бұқаралық ақпарат құралының бас редакторлары (редакторлары) болған азаматтар соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде бас редактор (редактор) бола алмайды» деп жазылған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, БАҚ еркін болуы үшін бас редактор еркін адам, қоғамдық тұлға болуы тиіс. Заң жобасында ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Өйткені, оны жасаған адамдар журналистиканы сол бұрынғы жалтақ, жағымпаз, оңай ақша табудың құралы қалпында қалдырғысы келгені көрініп тұр. Қазіргі кезде ұлттық журналистиканы шын сүйетін, оған өз өмірін арнаған небір тұлға-журналистер, ұлттық медианың нағыз майталмандары басшылыққа қызметке бара алмайды.

БАСПАСӨЗ КАРТАСЫ – ЖУРНАЛИСТІ НОҚТАЛАП ҰСТАУДЫҢ БІР ТӘСІЛІ

– Аталған жобада, әсіресе, баспасөз картасына қатысты екіұшты көзқарас бар. Қарсы шығып жатқандар көп. Бұған не айтасыз?

– «Баспасөз картасы» деп аталатын 29-бапта: «Баспасөз картасын журналистерге Баспасөз карталарын беру мәселелері жөніндегі комиссия береді» делінген. Бірақ ол комиссияны кім құрады, қалай құрады, ол кімге бағынышты болады деген нәрселер ашық айтылмаған. Керісінше, «алу», «бас тарту», «айыру» деген мәселелер жазылған. Бұл да – журналисті персонал сияқты ноқталап ұстаудың бір тәсілі. Меніңше, журналистерді алалап-бөлетін мұндай картаның мүлдем керегі жоқ. Жылдың басында әр редакция журналистерді құзырлы мемлекеттік органдарға тіркеуден өткізеді. Осы тәжірибе қалуы керек. Ал шетелдерде баспасөз картасын алған журналистер қоғамдық көлікте тегін жүреді, музейге тегін кіреді деген ұсыныстар болды. Меніңше, бәсекеге қабілеттілік деген мәселені шешу үшін әр редакция журналистердің жалақысын, сыйақысын 100 пайызға дейін көтерсе, әлеуметтік жағдайы жақсарып, бәсекеге қабілеттілігі артады, сапалы жұмыс істейді. Еліміздегі медиа бірлестік мүшелері де баспасөз картасына қатысты барлық нормаларды алып тастауды ұсынды.

– Ал, енді медиа зерттеуші, білікті маман ретінде осы заң жобасына алып-қосарыңыз бар ма? Қай норманы әлі қайта қарау керек деп ойлайсыз?

– Мұндай нормалар көп. Біреуіне арнайы тоқталайын. Мысалы, «ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІ» деген 3-тарауда журналистердің қауіпсіздігі, оларды заңмен қорғауға қатысты бір ауыз сөз жоқ. Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ. Мұндай әрекетке Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-тармағында екі жыл бас бостандығынан айыру, белгілі бір қызметті атқарудан 3 жылға шектеу жазасы қарастырылған. Алайда бұл бап Қазақстанда орындалмайды. Сарапшылар «журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек» деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс өтті ме, өтпеді ме, әлі беймәлім. Журналистерге қоқан-лоқы көрсету, шабуыл жасау фактілерін тергеу кезінде жеделдік, ашықтық, әкімшілік және қылмыстық тергеу нәтижелерінің қоғамға қолжетімділігі бірінші орынға қойылуы тиіс. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті» деп аталатын 6-бапта: «Үкімет Қазақстан Республикасының Президентіне журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы Ұлттық баяндаманы енгізеді» делінген. Ұлттық баяндаманы Бас Прокуратура, халықаралық тәуелсіз ұйымдар жасауы тиіс. Ал Үкімет журналистерге жасалған қылмыстардың нәтижесін қоғамға ашық жеткізсе ғана құба-құп.

Ата заңымыздың 20-бабының 1-тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазылғанына қарамастан, ашық және өткір жазатын журналистерді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әрекеттері әлі тыйылмай отыр. Қаңтар қасіреті кезінде елімізде журналистерге шабуыл жасалған 34 факті («Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының мәліметі) тіркеліпті. 34-тің 19-ы – кәсіби міндеттерін орындау барысындағы шабуыл (17-сінде шабуылдар журналистер алаңдардан ақпарат тарату кезінде жасалған), шабуыл кезінде 1 журналист қайтыс болды (Мұратхан Базарбаев, «Алматы» телеарнасының қызметкері). Бұдан бөлек, журналистердің тұратын үйіне, жұмыс бөлмесіне басып кірген 1 жағдай тіркелген (Ардақ Ерубаева, «Orda.kz», Ақтөбе қаласы), 13 журналист ұсталған. Журналистерге қоқан-лоқы жасау бойынша 25 оқиға болған. 3 әріптесіміз қылмыстық қудалауға, 8 әріптесіміз әкімшілік қудалауға ұшыраған. Мінеки, мемлекет осындай жағдайда кәсіби міндетін адал атқарған журналистердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде қорғайтын заң керек! Сондықтан, заң жобаысна төтенше жағдайларда, бейбіт өміред де журналистердің қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке бап енгізілуі керек!

Біз үлгі ететін Ресей мен Украинаның заңнамасында журналиске қатысты жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тарту нормалары бар. Украинада журналистің өміріне қауіп төндіру және зорлық-зомбылық көрсету (345-бап, 1-тармағы) (бұған журналисті, жақындарын өлтіремін деп қорқыту, мүлкіне зиян келтіру, ондай тұлғаларға жеңіл, орташа және ауыр дене жарақатын салу жатады) – еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберу, я болмаса бас бостандығынан айыру арқылы жазаланады. Журналистің мүлкін қасақана бүлдірген және жойған (347-бап, 1-тармағы) адамға айыппұл салынады, я болмаса тұтқындалады, бас бостандығынан айырылады, ал егер мұндай іс-әрекеттер жалпыға қауіпті тәсілмен жасалған болса (әдейі өртеу) – ол адам 6-дан 15 жылға дейін сотталады. Журналистің жеке өміріне, жақындарына қол сұғушылыққа барған (өлтіру немесе қастандық жасау) адам – 9-дан 15 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Төртіншіден, журналисті кепіл ретінде ұстаған (349-бап, 1-тармағы) адам – 8-ден 15 жылға дейін түрмеге қамалады. 

2011 жылы Ресейдің Қылмыстық кодексінің 144-бабына («Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру») жаңа бөлім қосылып, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын болды. Кейінірек Мемлекеттік Думаға журналистерге қатаң шабуыл жасаған, ұрып-соғуға тапсырыс бергендерді 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған ұсыныс түсті. Мұндай мысал көп.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Елдік мұрат жолындағы ісіңізге береке тілейміз!

Сұхбаттасқан  Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: