Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз ұлттық күресімізге неге дұрыс атау бермей жүрміз?!

30.11.2023, 12:20 403

Шыны керек, біз «ұлттық күресімізді қазақша күрес деген дұрыс па?» әлде «қазақ күресі деп атаған жөн бе?» деген сыңайдағы даудың дүбірімен жүргенде көп нәрседен ұтылып қалғандаймыз. Ал, соңғы уақытта екі атаудың да қате екенін спорт сарапшылары мен журналистері жиі-жиі көтеріп жүр. Неге олай, нақты себебі неде? Осыған байланысты ұлттық спортымызға жаны ашитын бірқатар азаматтан пікір алған едік.

Жалпы, қазақ күресінен Әлем, Еуразия және Азия чемпионаты секілді түрлі жарыс, халықаралық турнир ұйымдастырылып келеді. Еліміздің өзінде бәсі биік «Қазақстан барысы» сияқты көптің көңілінен шыққан жобалар бар. Ол аз десеңіз, ұлттық спортымыз деп қаржыны да аз құйып жатқан жоқпыз. Солай бола тұра, ұлттық белдесуімізді Азия ойындарының тізімінен көру бақыты бізге бұйырмай тұр.

– Біз өзіміздің ұлттық күресімізді қалай атауды білмейміз. «Қазақ күресі» деп айта саламыз. Ресми сол «қазақ күресі» болып бекітілген. Алайда ол дұрыс емес деп ойлаймын. Басқа елдерге қарасақ, ұлттық күрестерінде жеке атаулар бар. Мысал ретінде арыға бармай-ақ, өзбек ұлтын алсақ, олар өз күресін «өзбек күресі» демейді. «Кураш» деп атайды, болды. Жапондар өз күресіне бөлек-бөлек (дзюдо, сумо) атау берген. Қытайлар ушуды «қытай жекпе-жегі», кәрістер таэквон­доны «корей жекпе-жегі» демейді. Ал, біз ұлттық күресімізді талай жылдан бері «қазақ күресі» деп келдік. Ресми солай бекітілсе де, өзге елдің спортшылары көбіне қазақ күресі емес «казак кураш» деп айтады екен. Оны спортшылардың өз аузынан да естіген кез болған. Әлеуметтік желілерге де «казак кураш» деп жазып қоятындар көп кездеседі. Күрес дегеннен гөрі, оларға кураш деген ыңғайлы сияқты. Өйткені, қазақ күресімен айнал­ысатындар курашты да бірге алып жүреді. Қазақ күресін әлемге таны­тамыз деп күресті курашқа айналдырып алғандаймыз. Сол үшін басқа атау берген дұрыс. Әр спорттың өз атауы бар. Сол сияқты біздің де өз ұлттық күресімізге жеке атау керек, – дейді спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.

Еліміздің биылғы Азия ойын­дарындағы нәтижесі көңіл көншітпеді. Әрі көпшілік көрші ағайындардың ұлттық спорты кураштан алтынды «шертіп» жүріп алғанын жақсы біледі. Яғни, олар «кураштың барлық салмағынан өзбектер алтын алды» демесін деп әрі ұлттық ойынын меңгергендердің географиясын кеңейту мақсатында өзге мемлекеттің спортшыларына да мүмкіндік сыйлады, жоспарлы түрде ұтылды. Ал, біз миллиондап, миллиардтап қаржы жұмсасақ та, ұлттық спортымызды тым құрыса Азия ойындарының  тізіміне  енгізе  алмай  келеміз.

Қазақ күресінен спорт шебері Сұңғат Закарияев әлеуметтік желіде «Қазақ күресі – мазақ күресі болып кеткен жоқ па?» деп, ашынғаннан ащы дауысының шыққанын айтады. Ол «Өнер барысын» ұйымдас­тырушылар ұлттық спортымызды ұлықтаймыз деп, ұмытпайтындай күлкі  қылғанына  налып  отыр.

– Қазақ күресі – мазақ күресі болып кеткен жоқ па? Бұрын «Өнер барысы» бастауын алған кезде өнерде жүрген ардақты, салмақты, жан-жақты жігіттер шыққанда қуанып қалып едік. Қазір «экранды қосып қалдық, қосқан бойда шошып қалдық» деген сыңайға сай келіп отыр. Себебі, бұрын намысы барлар шықса, қазір «танысы» барлар мен интернетте табысы барлар шығып кетті. Былайша айтқанда, лайк қуған мен хайп қуған жігіттер. Жақсы. Өздерін баптап шықса, ережені жаттап шықса, ер мінезді сақтап шықса бір жөн. Бірі ауызына келгенді сөйлеп шықты, бірі тіпті билеп шықты, бірі қарынын қағып шықты, бірі үкісін тағып шықты. Бұл масқара ғой. Намыс пен мінез сыналатын боз кілемде, иыққа таққан қасқырды түлкіге айналдырып, қазақ күресін күлкіге айналдырып өзімізді-өзіміз масқаралағаннан не ұтамыз? Телеканалдың рейтингі жоғары болсын деп төл спортты төмендете береміз бе? Бұл қазақ даласына аты шыққан Қажымұқаннан қалған күрес, бұл үш жүздің үмітін ақтаған Үшкемпіровтен қалған күрес, инстада лайк сұрап, тиктокта қайыр сұрап отыр­ған  блогерден  қалған  күрес  емес!

«Өнер барысы» болмасын емес, болсын! Бірақ ессіз «тентекше» емес, есті еркекше болсын! Көпшіліктің алдын­да көре алмағаннан жазып отыр­ғаным емес. Таңдайдан да, маңдайдан та тер тамып осы салада жүрген спортшы ретіндегі бір ауыз пікірім. Мазақты көріп қаным тасығаннан, қазақ күре­сіне жаным ашығаннан айтқаным, – дейді  ол.

Қазақ күресін мектеп бағдар­ла­масына енгізу туралы ұсыныс та көп айтылып жүр. Киімі де ыңғайсыз деген пікір жазылады. Осы орайда, спорт журналисі Айбек Мұхановқа хабарласып, мәселе туралы ойын білдік. Ол «қазақ күресінің атауын өзгерту керек» дегенді қос қолмен қолдап отыр. Тіпті, жүйені түгел ауыстырып, ауыл спортына көңіл бөлетін уақыт жетті деп есептейді.

– Ең біріншіден, бізге жүйелі жос­пар керек. Қай спорт түрін дамытамыз, нақты жеңімпаздар даярлаймыз, т.с.с. Мысалы, жапондар өз күресін жапон дзюдосы деген жоқ қой. Қазақ күресі спортының атауын ауыстырып, мектеп бағдарламасына енгізу керек. Одан қалды жүйені жөнге келтіріп, нақты әрі жүйелі жоспар құрып, ауыл спортына көп көңіл бөлген  дұрыс.

Негізі қазақ күресінен Азия, Еуразия, Әлем чемпионаттарын өткізіп жатырмыз, мұның өзі – жақсы жаңалық. Өйткені, қызығушылар қатары артып келеді деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал, қоғамда «қазақ күресін басқаша қалай атауға болады?» деген сарын­дағы сұрақтың өздігінен қойы­ла кететіні шындық. Оған да жауап бар немесе жауаптылар лайықты нұс­қалардың тізімін жасауына  әбден  бола­ды.

«Қазақша күрес емес, қазақ күре­сі» деген мағынадағы және басқа да таусылмас дау-дамайларыңызбен «ырылдасып» жүргендеріңізде… Өз-ағам курашын Азия ойындары бағ­дарламасына  енгізіп  жіберді.

Ең әуелі, ұлттық белдесу өнеріміздегі «қазақ» деген сөз­ді құрту керек қой. «Америка күресі», «Ағылшын күресі» және т.б. жоқ. Сол бір ауыз сөзбен халықаралық аренаға шыға алмаймыз. БЕЛДЕСУ… Болды!» дейді  спорт  сарапшысы Нұрғазы Сасаев.

Қалай десек те, төл өнерімізді төрге шығарудың, яғни  әлемдік аренаға шығарудың жолын қарастыруымыз керек. Әйтпесе, бұл тақырыптың қозғалғанына да 10 жылға жуық уақыт  болып  қалды. Кімді күтеміз, нені күтіп жүрміз, ол да түсініксіз!?

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: