Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Шетінеген шақалақ тыныштық бермейді»

30.11.2023, 11:40 376

Анам шетінеген сәбиін еске алып күнде жылайды. Оны көрген әкем анамды уайымдап, «қойсаңшы, өзіңе де қара, басқа да бала-шағамыз бар, жинал енді. Өзіңді құртасың бұлай жалғаса берсе, енді балаларға көз жасыңды көрсетпе» деп тоқтау айтады. Оны тыңдап жатқан кім бар дейсің, қолында қалған соңғы жөргекті көреді де баяғы әдетіне басып, көзінің жасын сығып алатын.

Шақалақ шетінеген күні түпкі бөлме ерекше салқын болып тұрды. Сондықтан, оны жуындырып, сол бөлменің төріне жайғастырды. Дегенмен, ұзақ ұстамай, күн батпай тұрып жерлеуге кірісті. Жан шыққан үй қараңғылансын ба, анам  1 айға жуық уақыт бойы жарықты жағып қойып жүретін. Себебін сұрағанымда, шетінеген сәби үйін іздеп, түнде келетін көрінеді. Ал жарық өшіп тұрса, үйге кірмей қорқып кетіп қалады екен. Осы ырымның рас екеніне имандай сенген шешем сертіне берік болып, қуаттың көп кетіп жатқанына қармастан, жарықты сөндірмейтін. Тіпті, өзі де түнде ұйықтамайтын секілді. Көпке бармаған сәбиінің сұлбасын көргісі келе ме, білмеймін, әйтеуір, ешкімге білдірмей көз жасына ерік беріп, үнсіз ғана жылайтынын байқаймын.

Бір күні түсініксіз жағдай бола бастады. Түпкі бөлмеде жатқан маған бөлмеде жарықтың жанып тұруы қорқыныш әкелмейтін. Бірақ, көзімді жұмсам, бес саусағын көзімнің алдына әкеліп тұрған біреуді көремін. Сол сәтте көзімді ашып жіберуге дауаламай, сәл күтіп, кейін білген дұғаларымды оқып барып, айналама қараймын. Көзімді ашсам, ештеңе жоқ. «Қорыққанға қос көрінедінің» кері де, өзімнен шығар әртүрлі нәрсе ойлап алатын» деп, көзімді қайта жұмамын. Бірақ, бұл жолы тым баяу жылдамдықпен демалған сәбидің тынысы. Апырмай-ау, мына тылсымға қарашы, шешем рас айтқан ба?!

Бұл құбылыс күн санап артуда. Бүгін тынысын естіп, силуэтін  көрсем,  ертесіне  жүгіріп, тіпті  күлген  де  кескіні елестейді. Құлағыма дамыл жоқ. Анама айтайын десем, ұмыта бастаған сәбиін қайта еске алып, көңіл күйі құртыла ма деп те уайымдаймын. Солай, елеспен «күресуді» жалғыз жалғастырмақшы болдым. Атам таяқ ұстайтын. Оның төс қалтасында үнемі бата-дұғалар жазылған көк кітап жүреді. Атамның әр батасы қабыл болатынын ойлап, оның сыры сол шағын кітапта екенін ұқтым. Сол кітаптан дұғалар жаттап, өзімді сол бір түсініксіз нәрселерден қорғауды ойладым.

Мәссаған, енді құлағыма ғана әлдебір дыбыстар естіліп ғана қоймай, көзіме де еміс-еміс көрініп үлгеретін болды. Мұны шарананың бізді іздеп келуімен байланыстырған мен енді елеспен «айқасқа» шықпай, оған кедергі келтірмеймін деген ойға келдім. Бірақ, сол көріністер болғанда денемді қорқыныш жайлап, дел-сал күйге енемін.

Жексенбінің кеші. Ертең азанда сабаққа баратын болдым. Ақ көйлегім мен мектеп формасын тап-тұйнақтай етіп, ұйқыға жата кеттім. Тағы да түн. Тағы да тасыр-тұсыр. Жанымды жеп біткен дыбыстың не екенін көру үшін атып тұрып жан-жағыма үңілдім. Бір кезде есіктен мысық кірді де, бар дауысымен мияулап, сыртқа жүгіре жөнелді. Мұндағы жағдай өзіме де, мысыққа да ұнамады. Сол кезде бұған дейінгі дүниенің барлығын анама айтып бердім. Енді бұл бөлмеде мен жалғыз жатпаймын. Анамның маған қамқор боламын деп жаныма келгенінен гөрі сәбиін тағы бір көргісі келетіні басымырақ секілді…

Ал бұл жолы мен ғана емес, бұл дыбыстар мен қимылға анам да куә болды.

– Осылай,  осылай  шығады  дыбыстар. Осы мені қорқытатын, – дей  бердім. Жаймен  ғана  байыпты  үнмен  құран оқыған анам көзіне жас алып, қызын тағы бір мәрте көргендей көңілін босатты. Жағдайды онша түсінбей:

– Не болды? – дедім.

– Ештеңе көрмедім. Бірақ бұл дыбыс шетінеген сәбиімнің күлкісі болар деп, қуандым. Ол күліп жүрсінші, маған сол ғана керегі…

Жә, денем дірілдеп кетсе де, аз ғана ғұмыр кешкен қарындасымның бұл күлкісі маған да ұнағандай болды. Қанша уақыттан бері маза бермеген елестің егесі расында қарындасым екен. Осы жан-жануарлар елес көреді деуші еді ғой, сол рас па? Онда бар болғаны 10 күн өмір сүрген сәбидің бейнесі мысықты неге үрейлендірді? Әлде ол сондай қорқынышты бейнеде болды ма? Түсіне алар емеспін… Бір білетінім, елестер бұл өмірде бар. Әлде біздің елес деп топшылағанымыз одан басқа тіршілік иесі ме екен?! Кім не десе де, жан шыққан үйге сол жан иесі келіп тұрады дегенге сенетін болдым.

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: