Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әнші, айтыскер ақын Жұмабай Шерниязовтың шығармашылық кеші өтті

17.11.2023, 18:00 347

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде әнші-термеші, айтыскер ақын, Мәдина Ералиева атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақбаян» ән үйірмесінің жетекшісі Жұмабай Шерниязовтың 50 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кеші өтті. Кешті мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұров жүргізді

Өнер сахнасында алғаш рет әнші-термеші болып танылған ерекше дарын иесі 1989 жылдан бастап Сыр өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.

Кештің алғашқы құттықтау сөзін Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов және Қызылорда қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы алып, Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты – «Құрмет» грамотасын және Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекованың құттықтау хаты мен арнайы тапсырыспен шебердің қолынан шыққан үкілі домбыраны, кеш иесінің туған жері Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың арнайы құттықтауы мен Құрмет грамотасын, Жаңақорған ауданына 95 жыл мерекелік медалін табыстады.

Кеш Жұмабай Шерниязовтың тұрғыласы, сахна серіктесі мәдениет саласының үздігі, төкпе ақын Айдос Рахметовтың құттықтау арнауымен бастау алды.

Сондай-ақ, Сырдың ардақты ақындары Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіпов, Жұмабай Шерниязовтың ағасы денсаулық сақтау саласының үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әбибулла Наурызбаев жүрекжарды лебіздерін білдірсе, ақын інісі Ғабит Кәдірбай кеш иесінің болмысын тап басқан арнауын оқып берді.

Қорқыт Ата атындағы университеті жанынан құрылған «Дидар» фольклорлық этнографиялық ансамблі күй ойнап, Жұмабай Әбілғазыұлының студенттік шақтан бері өнерде қатар келе жатқан достары, бағзы өнердің байрағын көтеріп жүрген жыраулар Шолпан Бимбетова, Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаевалар, жырдан шашау шашып, белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеевтің ұлы Әбсұлтан Байкенжеев әуезді әнімен, өнердегі інісі әрі қызметтес әріптесі Республикалық конкурстардың лауреаты әнші, термеші Қуаныш Алғазиев термесімен кеш көрігін қыздырды.

Кеш иесі Жұмабай Шерниязов ансамбльдің сүйемелдеуінде Ақан Серінің әндері «Маңмаңгер», «Қараторғай», Халық әні «Ақбақай», «Алқоңыр», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін орындап, тұмадай тұнық, әуезді даусымен көрермен көңілінен шықты.

Сонымен қатар, мерейтой иесінің жан-жақтағы сыйлас достары, ағалары әнші-композитор, ғалым Сауран Елеуов және «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов, ақын-сазгер Асқар Дүйсенбінің бейне-құттықтауы лэд экран арқылы берілсе, облыстық филармония басшысы Талғат Мақаш арнайы құттықтауын ала келіп, жылы лебізін білдірді.

Әншілік қырымен қатар, Жұмабай Шерниязов 2008-2018 жылдар аралығында Нартай Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрында «Театр әртісі» болып қызмет атқарып, «Біржан», «Жырау бала», «Профессор», «Неміс», «Әміре» т.б жиырма шақты рольдерді шебер сомдап, әртістік қабілетімен де көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Кеш барысында сан қырлы дарынның бұл өнері де тыс қалмай, Н.Бекежанов атындағы музыкалық-академиялық драма театрдағы әріптестерімен Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» спектаклінен үзінді сахналанды.

Шығармашылық кеш «Өнерін – өмірім» – деп білген Жұмабай Әбілғазыұлының орындауындағы Сейдулла Байтерековтің «Қазақстан – қыран далам» атты әнімен түйінделді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: