Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді

17.11.2023, 10:30 487

HALYQLINE.KZ

Арқасына алтын артқан кез келген есек патша сарайына еркін кіреді. Бұл – әпсана. Өз басым патша сарайын да, кіріп-шығып жүрген есектерді де көп көрдім.

* * *

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бабалар сөзі» атты 100 томдық еңбек шығарылды деп бұқаралық ақпарат құралдары бөркін аспанға атты. «Япыр-ай» деп қайран қалдым. Бабаларымыз қазақты ұшпаққа шығаратын жүз томдық сөз айтып кетсе, біз неге осыншама сорлап жүрміз?!

Жүз томдық әдебиeтіміз болғанда әлем біздің табанымыздың астында жаншылып қалар еді. Сұрыптап, іріктеп келгенде бабалардың құнды пікірі үш томдық қана болады.

* * *

Мені Ғабит Мүсіреповтың мектебінен шыққан жазушы деп жатады, бірақ мен өзімді Бейімбет Майлиннің шәкіртімін деп есептеймін.

* * *

Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр етсе керек. Қойына қасқыр шауып, айтақтаса аттап баспайды дейді. Сонда әлгі «Олла-билла айтақ» деп айқайлайтын көрінеді. Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына шаба берерсің.

* * *

Ғұн бабалар қытайларға: «Мықты болсаңдар қала, қорған салмаңдар. Ол – қорқақтың ісі. Ашық майдан даласында кездесейік» депті деседі. Қара жерді төсеніш, көк аспанды жамылғы көріп жауына жалаңаш шапқан сол көкелеріміз ақыры тарыдай шашылып кеткен жоқ па?

* * *

Жарықтық әкемнің бір сөзі әлі күнге қабырғама аяздай батады. «Қаншама кітап жаздың, балам. Сонда да әкеңе дұрыстап бір хат жазбай қойдың-ау» деген.

* * *

Бір семіз бай күміс шақшасын жоғалтып алып, екі күн бойы іздепті. Айналасын азан-қазан ғып. Бақса, қарнының қатпарына қыстырылып қалған екен. Біз де сол күміс шақша сияқтымыз ғой…

Қашан тауып аларын?!

* * *

Тағы да қайталайын, біз тәуелсіздігіміздің жиырма жылында мемлекетімізді қалыптастырдық. Әсіре патриоттар жетіп артылады. Бірақ мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыра алған жоқпыз.

* * *

Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді.

* * *

Яссауи ілімі, Абай өлеңдері мен қарасөздері идеология болып жарытпайды. Олардың тәрбиелік мәнін басқаша пайдалануымыз керек.

Ал идеологияның көмекші құралы болған әдебиет шын әдебиет емес. Ол өз бетінше дамуы керек.

* * *

Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.

* * *

«Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп оқушы кезімде Абай өлеңін саудыратып оқып жатқанмын. Атам пеш түбінде қамшы өріп отырған. Құлағы түрік екен. Қайта оқытты. Сақалын сауып ойланып қалды. «Бәлкім, мың емес, мұң болар? Мыңмен алысқаннан гөрі мұңмен алысқан күштірек» деп қалсын. Анығын кім білсін.

Десе де атам уәжі есімнен кетпейді.

* * *

Үйде жылқының мүсіні мен суреті көп. Соларға аялап қараймын да отырамын. Ертеңді-кеш ат арқасынан түспей тақымы ақ сор боп, қолтығы тер сасып кеткен қара шалдардың ұрпағы ек.

Қалада тауықтың бұтын жеп, алманың шырынын ішкен біздерде не ірілік қалды дейсің?

* * *

Қаралы жерге кеп, көңіл демеген азаматтардың дені «Қайырлы болсын» деп жатады. Өлімнің қайырлы, шапағатты болғанын қайдан көрдік? Баяғының шалдары «Ақырының қайырын берсін» деп жататын.

«Ақырының»…

* * *

Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді.

* * *

«Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа тұрдым. Одаққа күнде тойға баратындай сықиып барамыз. Өйткені «Алтын жұлдызын» тағып, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов келеді. Қолына кішкентай жонып алған таяғы бар, Қарғалыдан трамваймен Ғабиден Мұстафин жетеді. Ақбас бурадай желкілдеп Тахауи Ахтанов шығады. Алдына келгенді теуіп, артына келгенді тістеп, әлемге аты кеткен классиктің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов жүреді. Өңкей империялық тілде сөйлейтіндердің қоршауында жүретін Олжас ағамыз тұрады. Қоңырау таққан құба нардай Әбіш аға келе жатады. Поэзия падишасы Фариза апамды көрем.

* * *

Сөз де су сияқты. Кейде бұрқырап бой бермей кетеді. Кейде ақпай қалады.

* * *

«Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың» деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым.

Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын.

* * *

Мен – рухани аш адаммын. Түйе жапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнде қырық құбылған жандар мезі қылды.

* * *

Қазақ пайдакүнем емес. Барынша мәрт, сахи. Бірақ қақалып қалса да, Құдайдан бірдеңе дәметеді. Қызық көрініс!

* * *

Көп адам мені түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды.

Одан да өзге боп жүрген тыныш.

Рахымжан  Отарбаев.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: