Әміржан ҚОСАН,
арнайы «Халық» газеті үшін
Өткен апта Қазақстан сыртқы істеріне қатысты айтулы оқиғаларға толы болды. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға ат арытып арнайы келуі, барша түркі елдерінің басшылары бас қосқан Түркі одағы мемлекеттерінің саммиті, оның алдында АҚШ және Еуроодақ басшылығының өкілдері мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің сапары – осының бәрі әлем назарының Орталық Азияға, соның ішінде, Қазақстанға ауып отырғанының бір дәлелі.
Меніңше, ондай қызығушылықтың күрт артуының екі себебі бар.
Біріншіден, Украина мен Ресейге қатысты әлем елдерінің екі түрлі позиция ұстанып отырғаны белгілі. Сол себепті екі жақ – өркениетті әлем мен Ресей жақтастарының шағын тобы – Орталық Азия елдерін өз қатарына тартқысы келеді.
Екіншіден, санкциялы Ресейді айналып өтудің балама транзиттік маршруттары пайда болды. Біздің аумақ болса, сол тасымалдың дәл ортасында.
Толастамай-ақ қойған әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс, пандемиялық шектеулер, солтүcтік көршіміз – Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы, сол себепті Ресейдің «ұжымдық Батыстың» қатаң санкцияларының астында қалып, оқшаулануы – бәрі-бәрі әлемдік архитектураның түбегейлі түрде өзгеріп, әлемдік ықпалды орталықтардың қайта жасақталуына әкеп соқтырды.
Міне, осынау, бұрын-соңды болмаған халықаралық ахуалда тәуелсіз Қазақстан қай бағытқа қарай жылжиды, кіммен дос болады, кіммен алыстан сыйласады, ал кімнен бойын аулақ ұстайды?
Кезінде Совет империясының ыдырайтынын алдын ала болжап бере алған атақты Збигнев Бжезинский жазған әлемдік шахмат тақтасында ғаламдық цейтнот орныққан сықылды. Осы тақтаның ең шиеленіскен, алпауыттардың мүдделері мен қызығушылықтары тоғысқан тоқсан тоғыз торабында, жаһандық жел өтінде тұрған еліміздің таңдауы қиын болғалы тұр.
Меніңше, құрылып жатқан Жаңа Қазақстанның дипломатиясы, ең алдымен, осы сауалға жауап беруі тиіс.
Әрине, нарық заңына салсақ, импорт пен экспортты шекаралас елдермен жасаған анағұрлым тиімді: екі жақ үшін тасымалдау құны төмен, яғни, тауар да баға жағынан бәсекелес болмақ.
Жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар, ол жақта 600 мыңдай қандасымыз тұратын Ресеймен тату-тәтті өмір сүру қажеттігі – Жаратқанның берген сыны. Оның үстіне өз жеріміздегі «орыс факторы» мен ЕАЭО-дағы одақтастық міндеттеріміз тағы бар. Осының бәрі – ол елмен қарым-қатынасымыздың мықты анықтауышы. Путиннің сапары да бұл жолы өзгеше сипат алды: өркениетті әлемнен аластатылған оның шет жаққа шығуының өзі қиын боп қалды. Санкциялық құрсауда қалған Ресейдің «параллель импортында» Қазақстанның алар орны бір төбе.
Алайда соңғы кезде жиі айтылып жүрген: «Қазақстанның іргелі кәсіпорындары көбінесе ресейлік компаниялардың қолына көшіп жатыр» деген сөздерге нақты жауап керек. Батыс тыйымдарының астында қалған олармен бірлесе жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың өздері сол санкцияларға ұшырап қалмай ма? Үкімет осы жағын мықтап ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесуі қажет деп санаймын.
Мыңжылдық дипломатиясы бар Қытаймен көрші болу да – екінің бірінің басына түсе бермейтін сынақ. Бүкіл әлемді жаулап алуға әлеуеті жететін «дүниежүзілік тігін цехы» бүгінде жоғарғы технологияларымен де алға озып кетті. Ол жақтағы бір жарым миллион қандасымыздың тағдыры да біздің дипломатияға тікелей байланысты. Әлемдік ықпалды елдер мен орталықтар (Еуроодақ, АҚШ) өз орны мен ролін қайта қарап жатқан тұста Қытай әлемдік саясатта белсенді бола түсті. Адамзат санасуға мәжбүр боп жатқан онымен тіл табысу – қытай иероглифтерін меңгеруден кем болмас.
Көпвекторлы сыртқы саясат туралы Назарбаевтың тұсында да айтылған-ды. Оны қазақшаласақ, «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» дегенге саятын болар. Сөз жүзінде солай болғанымен, іс жүзінде біз екі алпауыт көршіге – Қытай мен Ресейге – кіріптар боп қалдық.
Өркениеттік тұрғыдан алғанда демократиясы мен экономикасы дамыған елдермен тығыз, әріптестік байланыс орнату өте-мөте маңызды. Сол себепті «ұжымдық Батыс» пен G-7, G-20 секілді озықтығын төрткүл дүние мойындаған, беделді де ықпалды елдерден келіп жатқан басшылар мен делегацияларға артар үміт зор. Сол елдерде үстемдік еткен ашық нарық, әлеуетті әлеуметтік саясат, бәсекелі саясат, демократия қағидаттары, биліктің жүйелі түрде ауысып отыруы, адам құқы мен бостандықтары секілді құндылықтар бізге де жұғысты болғаны абзал. Сол үшін осы елдермен қарым-қатынасты күшейту керек.
Бір өкініштісі сол: біз әлі де дамыған елдердің шикізат шылауы боп қалып отырмыз, өйткені экспортымыздың дені – сол баяғы мұнай мен газ, уран мен мыс, алюминий мен хром.
Экономикалары да ашық әрі бәсекелі сол елдермен нақты жобалар жасаған да жөн. Мәселен, елде АЭС салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Президент айтқандай, оны референдум шешпек. Не болса да, АЭС салу сияқты аса күрделі әрі жауапты жобаны Франция сияқты атом энергиясын өндіруде тәжірибесі мол, технологияларының қауіпсіздігі күмән келтірмейтін елдермен жүзеге асырған жөн болар. Путин өз сөзінде баса атаған «Росатомға» лайықты баламалар сол елдерден табылады. Бұндай таза энергетикалық мәселенің терең де тылсым геосаяси астары да бар екенін көкірегі ояу, көзі ашық ағайын айтпаса да ұғынар…
Тарихы мен тағдыры, тілі мен ділі бір түркі елдерінің байланысы жанданып, Түркі мемлекеттерінің одағының құрылуының өзі қуанарлық жайт. Тек қана гуманитарлық емес, экономикалық интеграциясының тереңдей түсуі өте маңызды. Әрине, Қазақстан ҰҚШҰ (ОДКБ) секілді ұйымға мүше болып отырғанда бірегей әскери ұйым құру туралы айту ертерек болар. Бірақ, уақыт өте ол мәселеде де ынтымақтастық арта түсетініне мен сенемін.
Десек те, туыстар жиналған бұл ұйымның да өз кілтипандары бар.
Біріншіден, өзге ықпалды орталықтар («ұжымдық Батыс», Қытай, Ресей) мұндай одақты қолдауы неғайбыл, түрік елдерінің бірігіп, күш алып, әлемдік алаңда ықпалды күшке айналуына олар қуана қоймас.
Екіншіден, Түркі одағына кіретін елдер басшыларының арасында өзара амбициялар бәсекесі болуы да ықтимал. Ол жағын да ескерейік.
Сөз жоқ, президент кәсіби дипломат болғандықтан, Жаңа Қазақстанда сыртқы саясатта жаңа үрдістер бой көрсете бастаған сияқты. Атап айтқанда, мемлекетаралық құжаттарда жалпылама сөздерден гөрі нақты жобалар туралы айтыла бастады. Оны жақсы үрдіс деп қабылдайық. Бір ғана тілек – сыртқы алаңдағы сөзсіз жетістіктер ішкі өмірдегі жақсылықтармен қатар жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!