Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттар тарифті көтеремеудің жолын ұсынды

02.10.2023, 16:16 265

HALYQLINE.KZ

Қазіргі кезде энергетика саласы еліміздегі ең күрделі қиындықтарды бастан өткеріп келе жатқандығы белгілі. Жылу коммуникациялары мен электр энергиясын өндіру және оны тасылмалдау желілерінің тозу деңгейі кем дегенде 50 пайыздан асып кеткен. Энергетика миниистрлігінің мәліметінше, орта есеппен еліміздегі электр желісінің 66 пайызының тозығы жеткен. Ал, жұмыс істеп тұрған 37 ЖЭО-ның негізгі жабдықтарының 60 пайызы тозған. Степногорск, Қызылорда, Тараз және Кентау қаласындағы көрсеткіш бұдан да жоғары. Өткен аптада Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат аталған мәселе бойынша Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Депутаттар келтірген дерекке жүгінсек, Қазақстаннан 30 жыл ішінде 200 млрд АҚШ доллары шетелге асырылған. Капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді екен. Халық қалаулылары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға сәйкес, қайтарылатын активтерді жоғарыда атап кеткендей стратегиялық маңызды нысандарға жұмсау қажеттігін жеткізді.

– Болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Энергетикалық нысандарымыздың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына  – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді. Президент Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында 837,4 миллиард теңге қайтарылған деген ақпарат жарияланды. Бұл аз қаржы емес. Себебі, жаңа жоғарыда айтылған төрт қаланың ірі энергетикалық орталықтарын жөндеуге бюджет резервінен 21,5 млрд теңге жұмсалған болатын.  Қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын – стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, бюджет қаржыларын үнемдейді, ең бастысы – тарифті көтеріп халықты қинамаймыз!

Қайтарылған қаржылар экономикалық оң нәтиже беретін, халықтың әлауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса ғана тиімді болады. Сонымен қатар, қайтарылған қаржылар мен активтердің көлемін және олардың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек. Сондықтан осы мәселеге қатысты барлық мәліметтер арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез келген уақытта көріп отыруы тиіс, – деді депутаттар.

Сауал жолдаушы депуттар: Е.Жаңбыршин, С.Мусабаев,  Ж.Сүлейменова,  М.Такиев, Н.Сабильянов , М.Жайымбетов,  Ә.Жұбанов,  Г.Нұрымова,  Р.Зайытов, Г.Танашева,  А.Сағандыкова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: