Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркі әлемінің ортақ тұлғасы

27.09.2023, 16:40 528

HALYQLINE.KZ

Темірбек  Жүргенов  –  125

Биыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Бұл шешім Түркияның Бурса қаласында өткен Халықаралық «Түркісой» ұйымының 39-шы отырысында мақұлданған. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 125 жылдығына орай Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылында тағылымды той өтті. Жиырмадан астам киіз үй тігіліп, әрқайсысына атау беріліп, келген қонақтарға қызмет көрсетті. Ақындар жырдан шашу шашса, балуандар белдесу бәсекесін қыздырды. Заманының заңғар тұлғасына арнап саябақ пайдалануға беріліп, ішіне ескерткіш-бюст орнатылды.

Жаңа саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов, облыстық мәслихат депутаты Әмірбек Шаймағамбетов және басқа да арнайы келген қонақтар  қатысты.  Мейрамбек Шермағанбет тарихи тұлғаны ұрпаққа үлгі ету жолындағы шараға атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, құттықтау сөзін жеткізді.

– «Темір нарком» атанған Жүргеновтің есімі қазақ халқына ғана емес, түркі жұртына мәлім. Темірбек Жүргенов  – Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға. Ойы ұшқыр публицист, қаламы қарымды сыншы, ағартушы, елі мен ұлтын сүйген патриот. Әрбір дәуір өз перзентін туғызады демекші, Темірбектей қайраткер дер шағында қазаққа керек болды десек, қателеспейміз. Ол – ХХ ғасырдың басында қызметке келген аса күрделі де қайшылықты тұлға. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап (қазір Темірбек Жүргенов есімімен аталады) ауылында дүниеге келген. Темірбек Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесек ауылындағы орыс-қазақ мектебінде, Перовскіде Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алды. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түсті. Оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысты. 1918 жылы «Қазақ мұңы» редакциялық алқасының құрамына енді. Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 жылы Ырғыз уезі, Кенжеғара болысы  революциялық комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1920 жылы БК(б) П қатарына еніп, Ырғыз уездік  революциялық комитетінің қатарына еніп, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921-23 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқыған Темірбек Жүргенов 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп Қазақ АКСР-ның Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалады. Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының Орталық атқару комитетіне мүше болып сайланады.

Темірбек  Жүргеновтің ағартушылық еңбегін де атап өткеніміз жөн. ХХ ғасырдың басында ұлан-байтақ қазақ даласында ескіше мұсылманша сауатты адамдар болғанымен, жаңа әріптерді меңгерген білімді адамдар санаулы болатын. Осы орайда Темірбек Жүргеновтің Қазақстандағы ағартушылық еңбегі орасан зор. 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалған ол институтқа академик Бартольд, профессор Малый секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. ЖОО-на арналған саяси экономия және құқықтану пәндерінің оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Қазақ термелерін жинауға атсалысты. 1929 жылы Тәжікстан үкіметінің қаржы, 1930-33 жылдары Өзбекстан үкіметінің халық ағарту, 1933-37 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметін атқарды. Ол еліміздің халық ағарту жұмысына Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Ғабит Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен Қазақстанда мектеп жүйесі реттеліп, қазақ орта мектебінің саны арта бастады. Халық ағарту комиссариятын ұлттық өркендету штабына айналдырды. 1934 жылы Алматыда Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының  бірінші слетін, 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін абыроймен өткізді. Әуезов, Шанин, Қастеев секілді тұлғалардың шығармашылықпен  айналысуына жағдай жасап, қазақ әндері туралы Затаевичке көптеген мәлімет берді. Сондай-ақ, Қазақстанда алғашқы музыка  театрын ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосты.

 Темірбек Жүргенов – бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты ешуақытта өшпейді. Жер бетінде қазақ халқы барда оның ісі жалғаса береді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат ағамыздың, жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиынға келген қонақтарға қадамдарыңыз құтты болсын дей отырып, тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді,– деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

«Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат пен Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев бұл игі іс-шараның маңыздылығы ерекше екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Темірбек Жүргенов – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқайлардың арманын нақты іспен атқарған жасампаз тұлға. Қазақты білімнің тереңіне бойлатты, өнердің шыңына шығарды, рухын тірілтті. Рухымызды тірілтті дегенде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «жүйенің қатайып, енді болмағанда тілден де айрылғалы тұрғанда тәңір жарылқап, өнер басына маңдайы жарқыраған Жүргенов келді» дейтін сөзі еске түседі. Мәскеуде өнер мен әдебиеттің онкүндігін өткізгеннің арқасында Сталин бастаған басшылыққа дербес автаномиялы ел болуға лайықты екенімізді дәлелдеді.   Бүгінгі сіз бен біздің әсем орында жиналып отырған жүздесуімізге осы таудай тұлға себепкер болып отыр, – деді Сәпен Әбдіқадырұлы.

Тау тұлғалы Темірбектей қайраткерді дүниеге әкелген Жалағаш топырағында бас қосып отырмыз. Туған ауылындағы іс-шарадан бөлек, жыл басынан бері азаматтың мерейтойы жер-жерде атап өтілуде. Бүгінгі іс-шара соның қорытындысы іспеттес. Жалпы, Жүргеновтің еңбегін қалай мадақтасақ та артықтық етпейді. Ол – Қазақстанның руханиятына, мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген азамат. Елге арнайы келген қонақтарға, тағылымды әңгіме айтқан азаматтарға алғыс айтамыз, – деді  С.Әлиев.

Т.Жүргенов ауылының мәдениет үйінде «Тәуелсіздік жалаугері – Жүргенов» атты республикалық  жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Мұнда іріктеуден өткен 14 ақын өз өлеңдерін оқыды. Жазба ақындар мүшәйрасын жазушы-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Қойшыбаев ашып, қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында белгілі ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қаршыға Есімсейітова мен Қуат Ахетов те болды.

Қайраткердің өмір жолын өлеңмен өрнектеген ақындар жарысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы бас бәйгені жеңіп алса, Павлодар облысынан келген Нарқұлан Райханұлы І орынды қанжығасына байлады. Жыр бәйгесінде Жалағаш ауданының жас ақыны Жасұлан Серіктің өлеңі жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды.  Ал, қызылордалық Мақсат Дауылбай, Ұлытау облысынан келген Дәуренбек Бұлданбаев және Алматы қаласында тұратын Нұрлыбек Саматұлы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Өкінішке қарай, көрерменнің ықыласына бөленген Сыр елінің жас ақыны Ақжол Түменбайдың өлеңі жүлдеден шет қалды. Ұйымдастырушылар алқасы  Елена Әбдіхалықоваға  Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлде тағайындап, 600 мың теңге берілетінін хабарлады.  Бас жүлде иегері Дүйсенбек Аяшұлы 750 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. Жалпы, мүшәйраға қатысқан барлық ақындарға сый-сияпат жасалды.

Дүбірлі тойдың сәні ұлттық спортымыз  қазақ күресімен жалғасты. Оған Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан келген 17 балуан қатысты.  Білекті де жүректі жігіттер арасындағы сайыста Қызылорда облысының атынан сынға түскен қармақшылық Еламан Ерғалиев бірінші орынды иеленсе, «Түйе палуан» атанды. Түркістан облысынан келген  Марат Байқамыров екінші орын алса, шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Марапаттау барысында «түйе палуан» атанған Еламан Ерғалиев 1 млн теңге алса, екінші және үшінші орын алған балуандар тиісінше 750 және 500 мың  теңге сыйақыға ие болды.

Әуелі Темірбек Жүргенов атамыздың 125 жылдығына құтты болсын дейміз! Халыққа еңбек сіңірген қайраткерді еске алып жатқанына қуаныштымыз. Бүгінгі жарыста өзіммен қосқанда екі «Қазақстан барысы», төрт әлем чемпионы, яғни, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері қатысты. Жарысқа қатысқан 17 спортшының осалы болған жоқ. Бабым мен бағым жанып, «түйе палуан» атандым. Еліміздің қай жерінде күрессек те, балуандарға қошемет білдіріп жатады. Сыр елі туған жеріміз болғандықтан шығар, бүгін көрермен тарапынан көп қолдауға ие болдым. Ұйымдастырушылар мен көрерменге алғыс білдіремін. Бүгінгі жарысты алдағы болатын Қазақстан чемпионатына дайындықтың бір бөлігі деп қарастыруға болады. Чемпионат өзіміздің Қызылорда қаласында өтеді. Бұйырса, намысты қолдан бермейміз, – деді  Еламан Ерғалиев.

Биыл Темірбек Жүргенов ауылында балалар мен ойын алаңы жөндеуден өтіп, бір көшеге тас төселген екен. Сондай-ақ, жаңадан ашылған саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 67 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылысы сапалы жүргізілген саябақты жасыл желекке айналдыру ісіне ауыл тұрғындары қолғабыс етіпті. Олар жеміс көшеттерін отырғызып, гүлдің бірнеше түрін өсірген.  Мерейтойға келген қонақтар мен ауыл жұрты саябақ ішіндегі тарихи тұлғаның ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Небәрі 39 жыл өмір сүрген Темірбек Қараұлы Жүргенов – қазақ тарихындағы алтын әріппен жазылған тұлғалардың бірі. Қысқа ғұмырында сан түрлі оқиғаны бастан өткеріп, артына мол мұра қалдыра білді. Тағылымы мол мерейтойда оның елге сіңірген еңбегі халық жадында тағы бір жаңғырды.

Жасұлан АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: