Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отан отбасынан басталады

27.09.2023, 15:50 548

HALYQLINE.KZ

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Сонымен қатар, отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі.

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.

Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен буынның тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе.

Балаларын тәрбиелей отырып, ата-аналар балаларының мүдделерін қорғауға құқылы. Ата-аналар балаларының заңды өкілдері болып табылады. Ол ата-аналардың, белгілі бір жағдайларда балаларға қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен тағайындалуы мүмкін қамқоршы мен қорғаншыдан ерекшеленеді. Әке мен ана тең құқылы. Сондықтан, екеуі де кәмелетке толмаған балаларының заңды өкілдері болып табылады.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, бүгінігі жастар – еліміздің болашағы. Жастар – қоғамымыздың жүрек дүрсілі, өзегі. Есігінен енді аттап отырған жаңа ғасырда ұлтымыздың өсуі де, өшуі де жастарға тікелей байланысты. Сондықтан да, жастар Отанға деген сүйіспеншілік патриотизм, танымының заңдылықтарын игеру тиіс.

Сол себепті, болашағымыз жарқын болсын десек, мәртебемізді асыратын ұрпақ өссін десек, баланың талантын, ақыл-ойы мен дене қабілеттерін дамыту, адам құқықтары мен оның негізгі бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, ата-анасын, туған және өзінен бөлек өркениетті елдердің тілін, құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, өзара түсіністік, тыныштық, шыдамдылық, халықтар арасындағы, этникалық және діни топтар достығы, сондай-ақ жергілікті халыққа құрмет рухындағы саналы өмірге әзірлеу қазір таңда басты міндетке айналуы тиіс.

А.Құттымырза,

Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: