Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың атақты адвокат жиені

26.09.2023, 9:00 384

HALYQLINE.KZ

Федор Никифорұлы Плевако (1842-1908) орыстың атақты адвокаты және заңгері, сот оратор-шешені, мемлекеттік кеңесшісі (статский советник) және Москвадағы Успен соборының ктиторы (демеушісі). 1864 жылы Москвадағы императорлық университетінің заңгерлік факультетін бітірген. Ол өте адал адвокат болған. Плеваконың кезінде айтылған «Без адвокатуры обойтись можно – без правды нет!» деген сөзі – қазіргі адвокаттардың ұстанатын кредосы! Атақты сот процестерінде Плеваконың сөйлеген жалынды сөздеріадвокатура туралы оқулықтарға енген. Ол адвокаттық қызметінде екі жүзден астам істі жүргізген. Солардың ішіндегі ең атақтысы фабрикант Савва Морозовты қорғауы болды. Кейін Морозов белгілі меценат болып, әнші Шаляпин, сазгер-пианист Рахманнинов, суретші Суриков, т.б. өнер адамдарына демеушілік жасап, аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесті. Сондай-ақ ол өте принципшіл, ақшаға қызықпаған адвокат болған.

1887 жылдың 1 наурызында ІІІ Александр патшаға қастандық жасап, жарылғыш зат лақтырған Лениннің ағасы Александр Ульяновты қорғау үшін адвокат етіп жалдамақшы болғанда, «Террорист фракцистер» ұйымының ақшасына қызықпады. Сондай-ақ «Ресей террористерінің анасы» атанған Вера Засуличті де қорғаудан бас тартып, бомбист-терроршылдар ұсынған ақшадан бас тартты.

Енді жиеніміздің өмірбаянына келетін болсақ. Федор Никифорұлы Плеваконың шешесі Ұлмадесек (орысша Ульмасек деп жазылған) – Қостанай облысы, Троицкий уезіндегі Санат поселкесіндегі ру басшысы әрі батыры Алдиярдың қызы. Ол кезде келімсек казактар қазақтарға озбырлық көрсетіп, малын тартып алып кетіп отырған, Алдияр оларға өз қолымен тойтарыс беріп отырған. Бірде түнде казактар тұтқиылдан шабуыл жасағанда қашуға мәжбүр болады, сол кезде кішкентай Ұлмадесек арбадан түсіп қалады. Оны Степан деген казактың әйелі асырап алады, орыс мектебінде оқытады және үй шаруасында ұстайды, кейін христиан дініне өтіп, Екатерина Степанова болып метірке алады. Болашақ адвокаттың әкесі Василий осы Екатерина Степанованы ұнатып үйленгісі келгенде әкесі қарсы болады. Бірақ әке батасын алмай үйленіп алып, дүниеге Федор мен Дориндот келеді. Алайда шіркеу екеуінің некесі қиылмағандықтан метірке ала алмағасын, өкіл әкесі Никифордың атынан алғасын Федор Никифорұлы болып жазылады.

Ашық дереккөзден алынған суретте: Ф.Н.Плевако мен шешесі Екатерина Степанова.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: