Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыстың алдын алу – аса маңызды мәселе

21.09.2023, 8:25 178

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында ұрлықпен күрес, профилактикалық есепте тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы соңғы жылдары қылмыстық құқық бұзушылық саны төмендегенімен, ішінара қайталанатын заң бұзу әрекеттері тыйылмағанын қаперге салды.

«Ел Президенті халыққа арнаған жаңа Жолдауында қоғамдық тәртіптің кез келген түріне қатысты нақты шешім қабылдау кезек күттірмейтінін атап өтті. Бұл орайда балаларды түрлі қылмыстан қорғауға, оларға қауіпсіз орта жасауға, әлімжеттік оқиғаларды болдырмау үшін қатаң тосқауылдар қойып, жұмысты күшейтуге міндеттіміз. Сондықтан бұл тақырыптарды комиссия отырыстарында жан-жақты қарауға тиіспіз. Биылғы 8 айдағы көрсеткіштерге сәйкес өңірімізде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 7 пайызға, ұрлық 15 пайызға төмендеген. Елімізде тіркелген 30 713 ұрлықтың 2,1 пайызы өңірімізде жасалған. Республикалық көрсеткіште Қызылорда облысы 18-ші қатарда орналасқан. Алайда, бұл ұрлықпен күрес жұмыстарын бәсеңдетуге негіз болмайды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қызылорда облысы бойынша полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы баяндап, қылмыс деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныс айтты. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Шаймерден Есенгелдиев өңірде бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар санын азайтуда қабылданған шараларға тоқталды.

Облыс әкімі қылмыспен күресте бақылаудың жеткіліксіздігін айтып, таяуда ғана Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болған жантүршігерлік оқиғаны, яғни бірнеше рет қылмысқа барған адамның бес жасар қыз баланы айуандықпен өлтіргенін мысал ретінде келтiрді. Бұл жауапты басшылардың барлығына сабақ болуы тиіс екенін ескертті. Осы тұрғыда қатаң бақылау және профилактикалық жұмыстың маңызы зор екенін назарға салып, бірлесіп әрекет етуді міндеттеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: