Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Суды пайдалану мәдениетін меңгеруіміз керек»

15.09.2023, 15:45 273

Жақында ҚР Президентінің Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Су – тіршіліктің көзі, адамзатқа ең қажет тарбиғат сыйының бірі болғандықтан, суға қатысты мәселелердің толыққанды, өз алдына терең талқыланғаны тиімді. Бұл салада мәселе аз емес. Қазақстан су қоры бойынша орташа құрғақ аймақта. Себебі материктің қақ ортасында орналасқандықтан, шөл және шөлейт жерлерге бай. Дегенмен, ауызсу жоқ емес. Тіршілік нәрін тұтынуға байланысты атқарылып жатқан жұмыста да өсім бар. Бұл тірліктің тінін тарқату үшін «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, облыс орталығында күрделі жөндеуден өтіп жатқан су құбырларын аралап көрдік.

Баспасөз турын өткізуге ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұйытқы болды. Кәсіпорынның активтерін жаңалау, қолдау, қайта жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру мақсатында Департамент Қызылорда облысының энергетика  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, «Қызылорда су жүйесі» МКК-на 2020-2024 жылдарға жалпы сомасы 995696346 теңгеге инвестициялық бағдарламасын бекіткен.

Алдымен орталық алаңда істеліп жатқан ауызсу құбырларын жаңғырту  жұмыстарын көрдік. Сыр жұртшылығы алдағы уақытта ауызсу сапасына аз да болса көңілі толады деген үміт бар. Өйткені, жолдарды жағалай қазып, жаңа құбырлар орнатылып, таза судың жүргізілуіне жағдай жасалып жатыр. Бұл дүниелер бұған дейін айтылды, істелді, халық игілігіне берілді. Бірақ нәтиже сол бойы көңіл көншітпеді. Барды жоқ деп айтудан аулақпыз, бірақ соның өзінде көпқабатты үйдің тұрғындары судың қысымы мен тазалығына наразылығын әлі де айтып келеді. Негізінен, су мәселесі әрдайым талқыланып келе жатқан күрделі тақырып. Қызылорда облысының мәслихат депутаттары осы тақырып төңірегінде мекеме басшыларына сауал қойып, жауап алды. Қолдаудың бар екенін көрдік, десе де қолбайлаудың да «үнсіз» еместігін ұмытпаймыз.

Құрылыс барысымен танысқан жұртшылық «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының залында атқарылған жұмыстар жайлы Бауыржан Әбдіқаппарұлының баяндамасын тыңдауға бардық.

  • 2022 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша кәсіпорын өз қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұрудың 19 нысанына күрделі жөндеуге 132 миллионға жуық теңге қарастырылған. Оның нақты орындалған қаражаты 105 миллион теңгеден асады. Ал мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша үнемделген қаражат сомасы 27 миллион теңгеге жуық. Бұл қаражатқа сумен жабдықтау бойынша 3,29 шақырым ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары бойынша 20 дана ұңғыманың насос қондырғылары, 100 дана өрт гидранттары сатып алынып, орнатылды. Сарқынды су бұру қызметі бойынша 0,48 шақырым кәріз құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді мекеме басшысы Б.Әбдіқаппарұлы.

Өткен жылы мынадай инвестициялық бағдарламалар жүзеге асырылды.

– сумен жабдықтау жүйелерінің тозуы 19,44 пайыздан 18 пайызға дейін төмендеді;

– кәріз су жүйелерінің тозуы 19,56 пайыздан 19 пайызға дейін төмендеді; 

– нормативтік ысыраптар 17,19 пайыздан 16,93 пайызға дейін төмендеді.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2023 жылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қолданыста, оның негізгі міндеті табиғи монополиялар субъектілерімен қосымша инвестициялар тарту және жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту есебінен электр, жылу және сумен жабдықтау саласындағы желілердің тозуын кемінде 15-20 пайызға төмендету болып табылады.

Аталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға сумен жабдықтау қызметі бойынша тозу дәрежесін 18 пайыздан 16,22 пайызға дейін, сарқынды суды бұру кызметі бойынша 19 пайыздан 18,90 пайызға төмендету мақсатында ауыз су және кәріз құбырларын ауыстыру жөніндегі іс-шаралары енгізілген.

Жалпы, тұрғындар су қадірін түсінбей жатады. Ауызсуды аяқсуға жұмсап жүргендер де бар. Ол мұндайда су тапшылығына алып келеді. Тіпті, пайдаланып отырған судың құнын да төлемей, уақытынан кешіктіріп жүретіндер де жоқ емес. Осыған байланысты облыстық мәслихат депутаты бүй деп пікір білдірді.

  • Қазір дүниежүзі бойынша су тапшылығы сезіліп отыр. Бұл тек ғана ауызсуға емес, аяқсуға да байланысты. Суды үнемді пайдалану, мақсатты пайдалану дегенді үйренуіміз керек. Осыған байланысты Қызылорда облысының мәслихат депуттатары бас қосып осы мәселелер төңірегінде талқылау өткіздік. Тұрғындар жаз айларында 80-100 мың текше метрге дейін су пайдаланады. Оның 43 пайызы бос шығын болып кетіп отыр. Мұнан бөлек азаматтардың судың құнын төлеу бойынша кешіктіру мәселесін де байқадық. «Судың да сұрауы бар» дейді ғой, елімізде су арзан. Біздің тұрғындар 1 текше метр су үшін, яғни бір тонна суға 39 теңге ғана төлейді. Бірақ соның өзін кешіктіреді. Ал дүкеннен 1 литр су үшін 300 теңгеге дейін ақша төлеп, сатып алады. Сол үшін судың төлеу, пайдалану мәдениетін меңгеруіміз керек, – деді Әмірбек Бердібекұлы.

Жалпы,  судың қадірі мен киесін білетін халықпыз. Сонымен қатар, құнын төлеуді де кешіктірмесек, нұр үстіне нұр. Ал оның сапалы, таза болуы мемлекеттік мекемелердің меншігінде. Алмақтың да салмағы бар, жұрт сатып алып отырған суының таза әрі өнімді болуын қалайды. Қалау қабылданып ғана қоймай, іске асырылуы да керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: