Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатор Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын ұсынды (видео)

14.09.2023, 11:35 317

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының тұрғындары су тапшылығын бастан кешуде. Мұның бір себебі – Арал-Сырдария бассейнінде су тапшылығы мен Көксарай су реттегішінің техникалық жағдайындағы мәселелер. Сенатор Руслан Рүстемов Министрлер кабинеті басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында аталған мәселеге тоқталды.

Депутат өз сөзінде Қызылорда облысындағы су жағдайын түзету және Арал теңізінің кебуіне байланысты жағдайдың нашарлауына жол бермеу бойынша жедел шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Осы орайда, Қызылорда облысында су тапшылығы бойынша қалыптасқан күрделі жағдайды шешу мақсатында қысқы-көктемгі кезеңде тасқын суларды жинақтау аса маңызды. Ол үшін «Қараөзек» су арнасында 3 су тоспасын қалпына келтірген жағдайда 1 млрд текше метрге дейін тасқын суларды жинақтауға болады. Су ресурстары комитеті «Қараөзек» арнасында салынатын су қоймасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға Қаржы министрлігіне ұсынды. Аталған мәселенің оң шешімі табылған жағдайда Қазалы ауданында 31 мың га суармалы, 120 мың га шабындық және жайылымдық жерді суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңде Арал теңізін суландыру мүмкіндігі кеңейеді», – деді депутат.

Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, Жаңақорған өңірінде су тапшылығына қатысты қазіргі күрделі жағдайға сәйкес Сырдария өзенінен Келінтөбе магистральдық каналына қосымша су тарту каналын салу қажет.

«2022 жылы Қызылорда облыстық бюджетінің шұғыл шығындарға арналған резервінен бөлінген қаржы есебінен «Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистралды каналына су беретін канал қазу» жобасының сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Бұл жоба іске асырылған жағдайда Келінтөбе каналына секундына қосымша 11-15 текше метр су құйылады», – деді депутат.

Сөз соңында сенатор Министрлер кабинетінің басшысынан көтерілген мәселелерді жедел шешуге көмектесуді сұрады.

ҚР Парламенті Сенаты Баспасөз қызметі

https://cloud.mail.ru/public/vqiS/GdxCALYUm

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: