Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз тәуелсіз ел болуға лайық ұлтпыз ба?

05.09.2023, 18:10 427

HALYQLINE.KZ

Қазақ тілін не өлтіру керек, не осылай ұстап отыруға болады, не дамыту керек деп бір жазғаным бар еді. Уақыт өте келе біздің өкімет мынандай жолды таңдағандай көріне бастады: қазақ тілін осылай ұстап отыра береміз, бірақ орыс тілін дамытамыз.

Қытайда он жыл ішінде аз ұлттардың мектебін жауып, тек қытай мектептерін қалдырыпты. Ол үшін бір де бір сыныпты жаппаған. Онда не істеген дейсіз ғой? Бірінші сыныпқа тек қытайша қабылдай бастаған. Төрт жылдан кейін бастауыш мектептері түгел қытайша болған. Ал он жылдан кейін бір де бір басқа тілдегі сынып қалмаған.

Қазақстанда кейінгі жылдары бала туу саны өсті дейді. Орысы көп облыстар емес, қазағы көп облыстар туып жатыр. Құп. Енді сол балалар қазақ мектебіне барып, сапалы білім алып, оларға сапалы кітап пен мултьфильм, кино беріп, дұрыс тәрбиелеп жіберсек, болашағамызға алаңдамай отыруға болар еді ғой. Ол балалар осы елге қызмет ететіндей, тіпті шет елге кетіп қалса да, қазақ болып жүретіндей, бірін бірі тауып алып диаспора қалыптастыратындай болар еді ғой. Біз болсақ Астананың 40 пайызы, Қостанайдың 71 пайызы орыс сыныбына барды деп қарап отырмыз.

Бізді басқарып отырған элита (оларды элита ғып кім сайлады өзі? – авт.) баласын орысша, ағылшынша оқытады. Олардың балалары өскенде таңертең тоғызда министрліктің алдына көлігін қойып, дірдектеп жұмысқа кіріп бара жатады деп ойламаймын. Ұрпағын осы жақта көбейтемін, осы жаққа тамыр жаямын деп ойламайтын адам қазақ тілін дамытамын деп ойлай ма?

Пафосқа толы патриоттық сөздерді былай қоя тұрайық. Біз өзі болашақта қандай ел боламыз? Соны шешіп алсақ, жақсы болар еді. Талан-таражға түскенше ілдебайлап күн көретін, мемлекет қазынасын тонатып бірнеше миллиардер шығаратын ел болып қала береміз бе, жоқ әлде тұтасып, мықты елге айналамыз ба?

Биыл жазда естіген бір сөзім бір ай еңсемді көтертпей қойды. Біз тәуелсіз ел болуға лайық ұлт емеспіз деді бір жігіт. Мүмкін осыны ашық мойындап, тәуелсіз ел болуға лайық ұлт ретінде өз-өзімізді қалыптастыруымыз керек шығар? Негізі біздің көп уақытымыз жоқ. Қаншама жылымызды онсыз да жоғалттық.

Ойланайық та, не істейміз?

Арман Әлменбет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: